Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сейсенбі, 29 шiлде, 23:38

Теміржолшы Мадина

29.07.2025

18

0

Мамандықтың қай-қайсысы болса да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Күрделі саланың бірі – теміржол. тамыз айының алғашқы жексенбісі – теміржолшылар күні. Қиындығы мен қызығынан бұрын, асқан жауапкершілікті талап ететін шойынжолда шыңдалған мамандардың қашанда еңбегі ерен. Мереке қарсаңында аталған сала қызметкерлерімен тілдесіп, жұмысының жай-күйімен таныстық.

Аудандағы Бадрақовтар отба­сын темір­жол­шылар әулеті десе де болады. Атакәсіпті жалғас­тыр­ған ұрпақтан қазір бесінші буын те­міржол саласында еңбек етіп келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз Ма­дина Бадрақ – бұл әулетте осы са­ланы таңдаған төртінші буын. Атасы Бадрақ түйе жеккен арба­сы­мен теміржолға топы­рақ үйіп жұмыс істеп, «Орынбор-Таш­кент» те­мір­жолын салуға атса­лысқан. Әке жолын қуған ұл­дары да бұл салада қажырлы еңбек етіп, бүгінде салаға немере-шөберелері серпін беруде.

Жастайынан әкесі Мырзаханның жанында жүріп, маман­дығының қыр-сырына қаны­ғып, әкесінің ең­бек жолын жалғас­тыруды мақ­сат еткен ол Қызылордадағы Исатай Әбдікәрімов атындағы аграрлық те­мір­жол колледжіне оқуға түскен. Ма­динаның айтуынша, әкесі Мырзахан бұл салада жолау­шы­лардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етіп, жол шебері болып 42 жыл еңбек еткен. Адал және қажырлы еңбегі үшін әкесі «Құрметті теміржолшы», «Еңбек ар­дагері» атағын иеленген.

– Әкем бұл салаға саналы ғұ­мырын арнап, күндіз-түні адал ең­бек етті. Біз де ес білгелі әкеміздің жа­нында болып, оған қолғабыс еттік. Әр пойыздың дауысы, қоз­ға­лысы бізге етене таныс. Кішкен­тайымыздан теміржолдың бойында өстік. 10 сыныпты бітірген соң оқуға түсуге емтихан тапсырдым. Алайда мен түсе алмай, құлап қалдым. Сонда әкем мені өзінің жанына 1 жыл жұмысқа алды. Сол кезден бас­тап бұл мамандыққа деген қызығу­шылығым арта түсті, – дейді ол.

Осылайша әкесінің жанында жүріп, бір жыл еңбек еткен бой­жеткен өз таңдауымен теміржол са­ласына оқуға түсіп, алғашқы ең­бек жолын туған жері Қармақшы ауданы Абыла ауылында бастаған. Кейін тұрмыс құрып, осында қоныс аударған соң қызметін қайта жал­ғас­тырған.

Жалпы теміржол сала­сында жо­лау­шыларға қызмет ету, жол қа­уіпсіздігін қамтамасыз ету, ва­гон­дармен жеткізілген жүктерді қа­былдап алу секілді жұмыс түрі көп. Мадина Мырзаханқызының салада жүк қабылдаушы болып ең­бек етіп келе жатқанына биыл – 23 жыл.

Ол айына 60-70 вагон жүкті же­­ке­леп қабылдап алады. Көбіне ұн, сүт, сусындар мен құрылыс зат­тарын қабылдап алып, егелеріне бү­тіндей аман-есен табыстайтынын айтады. Сондай-ақ ол басқа қа­лаларға, тіпті шет елдерге де жүк жөнелтеді. Мәселен, Әзірбайжан, Ре­сей, Қырғызстан, Өзбекстанға жиі күріш жібереді.

Ел экономикасының күретамыры саналатын күрделі са­лада ерлермен иық тіресе жұмыс жасап жүрген Мадина бүгінге дейін бірнеше рет алғыс хаттармен мара­патталған. Қа­зіргі таңда ол өнегелі отбасында 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырған ана – бүгінде 3 немере сүйіп отырған бақытты әже. Айта кетейік, кейіпкеріміздің жолдасы да – осы са­лада 15 жыл станция жұмыс­шы­­­сы болып қызмет еткен сала майталманы.

Иә, теміржолшылардың қашан­да еңбегі ерен. Өйткені жолау­шы­лардың алыс жерлерге аман-есен же­туінің, жүк тасымалының қар­қын­ды дамуының артында темір­жол­­шылардың темірдей тәртібі тұр. Еңбек адамы Мадина ал­дағы уа­қытта да адал еңбегімен нә­па­қасын тауып, сала­­ның өркендеуіне өз үлесін қоса бермек.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: