Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сейсенбі, 10 желтоқсан, 01:48

Той тойлау дәстүр ме, әлде қалтаға кесір ме?

30.01.2024

656

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» деген болатын. Ал біз қазір той тойлауды тыйып, ой қуалап, өрісімізді кеңейте алдық па? Өкінішке орай, баспананың жайын дұрыстамай, әлі де несиеге той тойлап, «жұрттан қалмайық» деген ұстаныммен өмір сүретін отбасылар баршылық…

Той – халықтың қазынасы, дәс­түрімізде ойып тұрып алар орны да бар. Үлкендерден бата, халықтан алғыс алу керек. Бірақ дәстүрді то­­лықтай өшірмей-ақ, «ұят болады» де­ген ойдың бергі емес, арғы бетін ой­лауымыз тиіс. Тойды шағын өткізіп, қазыналы қарттардың ақ батасын алса да жеткілікті. Несие алып, той тойлау оңай, әрине. Бірақ оны жыл­дап өтеу, артынша сол жаңа құ­­рылған отбасының пәтерден-пә­терге көшіп, жалдап тұруы қанша­лықты дұрыс?
Тойдың мәнісі үлкендердің екі жасқа бақыт тілеп, болашақ жауап­кер­шілігі мол үлкен өмірге қадам бас­тыруы емес пе? Ал біз не істеп жа­тырмыз, екі жастың отбасылық өмір­ін бастамай жатып, оларды қа­рызға батырамыз. Той бір күнде өтеді де кетеді. Ал біз он жыл бойы маң­дай термен тапқан ақшамыздың бәрін тойға, одан қалды алған несиеге салып отырамыз. Жастардың отбасы құрудағы мақсаты осы ма еді?
Жарайды, несие алдық, той тойла­дық, отбасы құрдық. Ел аузында жү­ретін той бір күнде өтті де кетті. Ал одан кейінгі өмір ше? Өзі даму үшін емес, бірнеше несие алып, оны бәлен есе төлеп, қарызға батудың қан­ша­лықты қажеті бар?
Әрине бұл шығынды өтеу той ие­ле­ріне де, отбасын енді құрған жас­­тарға да оңайға түспесі анық. Сал­дарынан қылмыс та көбейеді. Жа­қында ғана әлеуметтік желіден бір жас жігіттің үй­лену тойын өткізуі үшін ұрлық жа­сап, 1 млн теңге шығын кел­тір­гені анық­­та­лып, ақыры полиция қызмет­кер­ле­ріне ұсталғаны жайында оқып қал­дым. Сон­да той жасамау жұрттан ұят деп жүр­генімізде қылмыс жасап ұятқа қалып жүргеніміз бе?
Одан бөлек қарызға кіріп жасалған тойдың шығынын жабамын деп от­ба­сында болған ұрыстар да жиі кез­де­седі. Пәтерден-пәтерге көшіп, жалда­малы пәтерде тұрып, ақыр соңы ажы­­­расып тынатын отбасылар да бар екен. Мәселен, ажырасып жатқан от­­ба­сылардың кейбірінен себе­бін сұ­ра­саң айтатыны сол, «бірге тұ­руы­мыз қиындап кетті, пәтер жалдап тұ­руға әйе­лім шыдамады, несие төлеу үшін ұрыс көбейіп кетті». Расымен шы­ғынға батып, шырылдап жүргеннен шүкірші­лік айтып, шаттанып жүргенге не жетсін?
Қазіргі өмір салтында ретсіз шығын шы­ғарып, тойды қаншалықты дең­гей­де тойлағаның емес, баспана алып, бо­лашаққа нық қадам басуың ма­­ңыз­ды. Жастардың сана-сезімін, ру­­­ха­ни құн­дылықтарын тәрбиелеп, қа­­ны­­мызға сіңіп кеткен көзқарастан ада бо­ла­тын уақыт жетті. Әрбір қазақ­стан­дық­тың көкейінде жүрген сауал «баспа­на қымбат, қалай қыл­сам өз бас­па­намды аламын»? Бұл сауалға үл­кен жауап сол, тойды, тойға кетер шы­ғынды азайту сияқты…
Елімізде баспана алуға арналған түрлі бағдарламалар ел игілігі үшін жолдануда. Мәселен, «Отбасы банк» арқылы «Нұрлы жер», «Шаңырақ», «Ба­қытты Отбасы», «Әске­ри бас­па­на», «Ұмай әйелдер ипоте­ка­сы», «7-50-25», «Елорда Жастары», «Жасыл ипо­тека», «50/50», «30/70», сонымен қатар өзге банктер арқылы «7-20-25», «20/80», «50/50» деген секілді бағ­­дарламалар бар. Тек дүркіретіп той тойлап, пәтер жалдап көшіп-қон­ғанша тойға кеткен қаражатты осы бағ­дарламаға салып, баспана алып, Жи­ренше шешен айтпақшы, «өз үйің – өлең төсегің» болғанға не жетсін?
Менің айтпағым, қазір қоғамның той тойлауы мансаптың, дәреже мен абы­ройдың көрінісі болмауы керек. За­ман өзгерсе де адами, рухани құн­дылықтарды жо­ғалтпауымыз, өзгерт­пеуіміз тиіс. Қа­­зіргінің жастары бар тап­қан-таян­ғанын тойға беруге құ­лықсыз. Жастардың көз­қарасы жа­ңар­ған, керісінше өз да­муына, бас­паналарының реттелуіне жағ­дай жа­­­са­ғысы келеді. Шығынға қа­рай та­быс­ты емес, табысқа қарай шы­ғынды жос­парлағанымыз абзал. Қа­зіргі за­ман, қазіргі ғасыр бізден осыны талап етеді.
Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: