Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Сенбі, 18 мамыр, 10:05

Топ жарған тоғызқұмалақшы

02.12.2023

355

0

Әріптесім екеуміз «Наркескен» спорт клубының біркүндік жұмыс барысымен танысу мақсатында мекеме ішін аралап келеміз. Шағын ғана бөлмеде қазандығын құмалаққа толтырып, қарсылас шақ келтірмей отырған спортшыны көзіміз шалды. Қарсыласына «мына отаудың құмалағын шашып жіберсеңізші» деп көмектескенім сол еді, әлгі спортшы «осыдан кейін бір мәрте ойнап көрейік» деген ұсыныс тастады. Бала күнімнен аздап қыр-сырын білетіндіктен ойнап көруге бел будым. Десе де қалам мен қағазды ғана жанына серік еткен журналист үшін ойын оңайға соқпады. Себебі қарсылас талай додаларда топ жарып, өз мықтылығымен Азия, Әлем чемпионы атанған Ақерке Кенжебекова болатын.

Адамның ойлау қабілетін, логикасын дамытатын қазақтың ұлттық ойындарының бірі – тоғызқұмалақ. Ұлттық спорттың бұл түрі Абай Құнанбайұлының да сүйікті ойыны болған. Бүгінде тоғызқұмалақпен шұғылданып жүргеніне 14 жылдан асқан кейіпкеріміз есеп-қисаптан тұратын бұл ойын түрін бала күнінен жанына серік етіп, ел намысын әлемдік деңгейде қорғауда.
–Тоғызқұмалақ үйірмесіне бастапқыда әпкем Ақнұр Кенжебекова қатысқан болатын. Ол үйге күнде тоғызқұмалақты әкеліп жаттығып жүрді. Бір күні отаудан-отауға тасырлап түсіп жатқан құмалақтарға қарап қызығушылығым оянды. Кейін тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшілері арнайы мектепке келіп, оқушыларды үйірмеге қатысуға шақырды. Сол күннен бастап мен де тоғызқұмалақ үйірмесінің тобына қосылдым. Ол кезде небәрі 2 сыныпта оқитын 8 жасар бала Ақерке едім. Үйірмеден тыс тәтем Ақнұр екеуміз үйде бірге ойнап, ойынның қыр-сырын меңгеріп, сол жылы жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атандым. Қазіргі таңда спорт саласында жеткен жетістіктеріме атам Кенжебек Әбдіхановтың қосқан үлесі зор деп білемін. Себебі атам мені кішкентайымнан қолдап, түрлі жарыстарға қатысуыма ықпал жасады. Мектеп оқушыларын қандай да бір үйірмеге бейімдеп, қызығушылығын арттыруда жетекшінің рөлі зор деп ойлаймын. Менің алғашқы ұстазым – Білімжан Елеусінов. Ол әркез шәкірттеріне жақсы қарап, ойынның қыр-сырын жалықпай үйрететін. Қазір ол кісі менің жаттықтырушым болмаса да бала күнімнен осы спорт түріне баулып, қыр-сырын үйреткендіктен өмірлік ұстазым болып қала береді, – дейді Ақерке Кенжебекова.
Бүгінде Ақеркенің бапкері – әлемнің үш дүркін чемпионы Хакімжан Елеусінов. Ақерке мектеп бітірген соң білікті бапкердің шәкірті атанып, үлкен додаларда топ жаруда. Ол бүгінде облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде ұлттық спортты ұлықтап, спортшылар дайындауда.
– Ақерке мен жетекшілік ететін үйірмеге алғаш келген күннен өзінің тоғызқұмалаққа деген қарым-қабілетін көрсетіп, үйреткен білімді тез қағып алатын, ойлау қабілеті жылдам шәкірттерімнің бірі болды. Ол тыңғылықты әрі үздіксіз дайындықтың арқасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды, – дейді білікті бапкер.
Иә, бірнеше мәрте жарысқа қатысып, жүлделі орындардан төбе көрсеткен Ақерке – Азия және Әлем чемпионы. Ол – 2016 жылы Ресей Федерациясының Алтай республикасында тоғызқұмалақтан өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының ІІ орын иегері. 2017 жылы Астана қаласында өткен ересектер арасында IV әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2018 жылы Моңғолия республикасында өткен ересектер арасында IV Азия чемпионатының алтын жүлде иегері атанған. Сондай-ақ Моңғолия республикасы, Баян-Өлгей қаласында 9 елден 200-ден астам спортшы қатысқан тоғызқұмалақтан өткен VI Азия чемпионатының алтын жүлде иегері атанып, еліміздің мерейін асқақтатқан болатын. Бұдан бөлек Румыния мемлекетінің Констанца қаласында ересектер арасында өткен әлем кубогында тоғызқұмалақ спортының рапид түрінен де үлкен жетістікке жетіп, Әлем чемпионы атанған болатын.
– Жарыс аса қиын болған жоқ, керісінше ұнады. Басқа мемлекеттер адамдарымен ойнаған өте қызықты болды. Еліміздің абыройы үшін әлемнің үздіктері бас қосқан додада барынша мұқият ойнауға тырыстым. Қазақ 7 санын қашанда киелі деп санаған ғой. Сондықтан мен де көбіне ойынды 7-ші отаудан бастаймын. Себебі бұл отау маған ойынды жеңіспен аяқтауыма септігін тигізеді, – дейді Ақерке.
Кейіпкеріміз – қазіргі таңда аудандық «Наркескен» спорт клубында тоғызқұмалақ үйірмесінің жаттықтырушысы. Дүбірлі додаларда бағы мен бабы сынға түсіп жүрген спортшымыз – 19 шәкірттің білікті бапкері. Талай жарыста топ жарған тоғызқұмалақшы Ақерке қазіргі таңда жетекшісімен бірге алдағы аптада Ақтөбе қаласында өтетін топтық әйелдер чемпионатына дайындық үстінде. Ақыл-ойдың ұшқырлығын талап ететін ұлттық ойын тоғызқұмалақтан бақ сынайтын спортшымызға сәттілік тіледік.
– Бұл чемпионат – биылғы соңғы жарыс. Келер жылы қаңтар айынан бастап ересектер арасында блиц, рапид түрінен сайыс өтеді. Одан кейін Колумбияға жарысқа барамын. Ақпан айында ересектер арасында чемпионаттың классика түрінен жарыс болады. Қазіргі сәтте Ақтөбе қаласында өтетін жарыстан бөлек үш сайысқа дайындалудамын. Осы додалардан І, ІІ орын алғандар сәуір айында Түркия мемлекетінің Стамбул қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама алады. Менің де басты мақсатым – осы әлем біріншілігіне қатысу, – дейді ол.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: