Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:37

Тұрақтылық отбасындағы тыныштықтан басталады

16.05.2023

426

0

Отбасы – кіші мемлекет. Өйткені мемлекет сол отбасыдан құралады. Ал сол әр отбасының шаңырағының биік, іргесінің беріктігі ондағы әрбір мүшесінің өз міндетін орындап, терең түсініктері арқылы үйлесім тауып күн кешуінде. Отбасының бірлігін, шаңырақтың шаттығын бірінші орынға қоятын ақылы келіскен ана мен түздің тірлігін түзеп жүрген әкеден өнеге алған ұл-қыздың да иба мен инабатымен, тәрбиесі мен тәлімімен көз сүйсіндірері анық. Ата-ана үлгі, ұл мен қыз тәрбиемен сусындап тұрған шаңырақтың бақыты баянды, береке-бірлігі де жарасымды боларын қоса кету керек. Ал қоғамның тұрақтылығы әр отбасындағы тыныштықтан басталады.

Өнегесімен көпке үлгі қыларлықтай, өсіп-өніп, саялы бәйтерекке айналған отбасылар көп-ақ. Олардың осындай күнге жетуінде, әрине қазыналы қарт­тардың қажыр-қайраты, пайым-пара­саты жатыр. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халықтың бүгінгі ұрпағы да отбасы деген қасиетті мекеннің қадірін қашырмауға тырысып келеді. Тіпті отбасында, ошақ қасында үйдің үлкендерінен көрген-білгенін бо­йына сіңіріп, отбасылық құндылыққа айналдырып жүрген ер азаматтар да, өзі түскен елдің керегесін алтынға балап жүрген келіндер де бар. Мұндай жас отбасылардың бірі – Бұқарбай батыр ауылында тұрады. Бір қызығы, бұл отбасы тәртіп сақшыларынан құ­рал­ған. Олардың өмірлерін бір ар­на­да тоғыстырған осы жұмыс. Осы ма­­мандыққа деген сүйіспеншілік екі жасты бір көзқараспен, бір мақсатқа жұмыс жасап, бір мүддені көздеуге, бір арманға қадам басуға талпындырды. Бұған дейін қасиетті қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған мерейі тасып, берекесі артқан отбасының шаңы­ра­ғына бас сұғып, отбасы құнды­лық­та­ры туралы сөз еткен едік. Сол кездің өзін­де отбасындағы үйлесімділік пен жара­сымдылыққа куә болған бола­тынбыз.
Осы ауылдың тумасы Олжас Садық­­ұлы Шымкенттегі Заң универси­те­тінде жоғары білім алыпты. Бала кезгі армандары жетелеген қос жас осы жоғарғы оқу орнында білім алып, кейіннен Қызылорда қаласын­да­ғы маман­дандырылған күзет қызметі бас­қар­масында алғаш рет білік­­тілік­терін арттырады. Шиелі ау­даны, Тар­то­ғай ауылында дүниеге кел­ген Қаршыға Әбуқадыр осында жұ­мыс­қа орналасады, ал жолдасы Олжас Садықов аудандық полиция бө­лі­мін­де жедел тергеу тобында тех­ник-криминалисті болып қызметін бастайды.
«Жолдасым екеумізде ішкі істер сала­сында қызмет жасаймыз. Жұ­мыс­­тың ауыры, жеңілі болмайды. Әр қызметтің өзіне тән ерекшелігі, қиын­дығы мен қызығы қатар жүреді. Әрине полиция бөлімінде ерлермен қатар қызметте жүрген соң, барлық жауапкершілікті де ерлермен бірдей көтеруге тырысамыз. Өйткені біздің қыз­меттегі негізгі міндет қоғамның тыныштығы, тәртіптің тұрақ­тылығы. Осы жолда қызмет етеміз, күні-түні тәртіпті күзетеміз.
Бірақ осындай қиындықтарға қа­рамастан, жолдасым екеуміздің ара­мызда ешқандай түсініспеушілік бол­ған емес. Себебі біз жұмысымызды түсінеміз, екеумізде осы салада жүр­­­­гендіктен бір-бірімізге ауырлық түсір­меуге тырысамыз. Мен өзім қазір ба­ла­­ларымыздың күтімі, анамыз­дың жағ­­­дайының жақсы болып, шаңы­ра­ғы­мыздың әрқашан берекелі болуы үшін келіндік қызметімді де мүлтіксіз атқаруға күш саламын. Өйткені мен өзімді ең алдымен ана, келін ретінде есептеп, отбасымның ұйтқысы болуға талпынамын» дейді Қаршыға.
Иә, расымен бүгінде полиция қыз­меткерлерінің қатарынан нәзікжан­дар­ды көру таңсық дүние емес. Өйткені қазір қай салада болмасын әйел адамдар бой көрсетіп жатады. Тіпті уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын жетік меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауап­кершілікпен атқару оңай емес екендігі бәрімізге белгілі. Бұл сала ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйел­дер деп бөлінбейді. Ереже, тәртіп бәріне бірдей. Осындай қырағы жан­дардың қатарындағы Қаршыға да жұмыс пен отбасының жауапкершілігін қатар арқалап жүрген жан. Ол облыс­тағы мамандандырылған күзет қыз­меті басқармасының полиция батальо­ны­ның полиция аға сержанты. Ал Олжас Садықұлы бүгінде аудандық полиция бөліміндегі криминалдық полиция бө­лімшесінің жедел уәкілі болып жұмыс жасайды. Олжаспен сұхбаттасып оты­­рып, оның өз ісіне берілгендігіне, кә­сі­­билігіне күмәнің болмайды екен. Жедел тергеу тобындағы жұмыстың жауапкершілігінің өте ауыр еке­нін айтқан ол, тіпті бірнеше күн қата­ры­нан қызмет бабымен сыртта жүретінін жеткізді. Аудандағы үлкен, кіші қылмыстарды дер кезінде ашу, қылмыскерлерді ізін суытпай анықтау тәртіп сақшыларының қырағылығына тікелей байланысты деген кейіпкеріміз ең бастысы халықтың амандығы дейді.
Шаңырақтың бірлігі мен шаттығын келістіріп отырған жас жұбайлардың қызметі қаталдық пен қатаң тәртіпті талап еткенімен, өздері күнделікті өмір­де жайдары, жаны жаз жандар екенін байқадық. Тіпті есік алдындағы шағын егінжайында түрлі жеміс ағаштары, түрлі бау-бақша өнімдері көзге түседі. Бәрінен бұрын алдымыздан иіліп сәлемін беріп жүгіріп шыққан осы үйдің келіні ауылдың, ауыл тұрғындарының кеңпейіл болмысы мен қонақжай қал­пын есіңе салатын киелі қара шаңы­рақтың берекесін айшықтап тұрғандай болды. «Осы қызметке келгендіктен, абыроймен атқаруға, халыққа пайдалы іс жасауға, тәртіптің орнауына күш саламыз. Жұмысымызды абыроймен атқару, жауапкершілікті сезініп, нәти­жеге жұмыс жасаймыз. Ең бастысы халықтың сенімінен шығу, елдің қор­ғаны болу, тәртіп сақшысына тән бар­лық қасиеттерге лайық болу біздің міндет» дейді Олжас Садықов.
Әр саланың, әр мамандықтың өзіне тән қызығы да, қиын тұсы да бо­лады. Оны тек сол салада жүрген­дер ғана сезінеді. Дәлірек айтсақ, ма­ман­дық нағыз маманын, адам да сол сияқты өзінің бейіміне қарай жұ­мысын тапса ғана сол жолдың биігін де бағындырады, бедерінен де сү­рінбей өтеді. Аудандағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға және қылмыспен күресу ісіне, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге де атсалысып келе жатқан полиция бөлімінің қызметкері алда әлі талай тәжірибе жинақтап, өзінен кейінгі жаңа толқынға үлгі боларлықтай азамат болады деп сенеміз.
Жалпы, әр аймақтағы полиция бөлімдері жергілікті жердегі құқық бұ­зушылықтардың алдын алуда, қоғам­дағы қылмыстардың азайып, ел да­муына кедергі келтіретін олқылық­тар­ды болдырмауда табандылық та­нытып, нәтижеге жұмыс жасауға күш салып келеді. Әсіресе, осы салада жүрген, ауданның тыныштығын, қоғам­ның тұрақтылығын күзеткен тәр­тіп сақ­шыларының еңбегі елеусіз қал­май­ды. Олар осы уақытқа дейін ау­дандық полиция бөлімінде де ахуал­дың тұрақты болуы үшін жүйелі жұ­мыстар атқарып келеді. Қоғам ты­ныш­тығын басты назарда ұстайтын сала қызметкерлерінің жұмыстарына сәт­тілік тілейміз.

Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: