Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 14:49

ҰБТ – 2023 Басталды!

16.05.2023

1653

0

Бүгін елімізде негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) бас­талды. Науқан 5 шілдеге дейін жалғасады. Биыл 177 мыңға жуық түлек орта мектепті тәмам­дайды. Былтырмен са­лыс­­тырғанда түлектер саны 7 мың адамға көп. Статис­ти­ка­ға сүйенсек, жыл сайын түлек­тердің 75-80 пайызы ҰБТ тапсырады.

Әуелде ҰБТ қорытынды сынақ әрі жоғары оқу орнына түсу емтиханы ретінде тапсырылатын. 2017 жылдан бастап оны тек жоғары оқу орнына түсу үшін тапсыратын болды. Әрі оған қатысу я қатыспау оқушының өз еркінде. Кейін сынақ компьютерлік форматқа көшірілді. Бұл оның қоғам алдындағы ашықтығын қамтамасыз етті. Кез келген адам сілтеме арқылы кіріп, тестілеу орталықтарындағы (рес­публика бойынша барлығы 40 орталық) науқанның қалай өтіп жатқанын бақылай алатын күнге жетті. Былтырдан бастап «бір компьютер, екі камера, бір сынақ тапсырушы» қағидасы да қолданылып келеді. Бұл қадам бейнежазбалар арқылы бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

«2023 жылғы талапкерлер ҰБТ-ны бес рет тапсыру құқығына ие. Сынақтар қаңтар, наурыз, ма­мыр-маусым және тамыз айларын­да өтеді. Бұрын сынақ бір күнде өтетін, тиісінше дүрбелең де көп еді. Қазір мұның бәрі сап тыйылған. Қаңтардағы ҰБТ тек осы жылдың түлектері мен шартты түрде қабыл­данған студенттерге, яғни өткен тестілеуде шекті ұпай жинамаса да, университеттердің бірінші курсына қабылданғандарға арналды. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер де қаңтардағы сынаққа қатысқанын атап өтейік. Ал наурыздағы, негізгі және тамыздағы ҰБТ-ны ниет білдіргендердің барлығы, тіпті бұған дейінгі жылдардың түлектері де тапсыра алады. Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы сынақтар ақылы негізде екенін ұмытпайық. Ақылы ҰБТ сертификаттары оқушы 140 ұпай жинаса да, жоғары оқу орнында тек ақылы негізде оқуға жарамды. 16 мамырдан 5 шілдеге дейін өтетін негізгі ҰБТ-ның сертификаттарымен ғана грантқа түсуге болады, – дейді Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Руслан Емелбаев.

Оның айтуынша, осы оқу жы­лының басында ережелерге енгізілген өзгерістерге сәйкес бұдан былай негізгі ҰБТ-ға екі мүмкіндік беріледі. Бұл балалардағы психологиялық күйзелісті жеңілдету үшін жасалып отыр. Ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.

«Сынақ тапсыруға онлайн тір­келеді. Талапкер тапсыратын күнді, уақытты және тапсыру орнын таң­дайды. Аймаққа немесе мек­тепке тіркелудің қажеті жоқ. Сы­нақ­тар күніне екі рет – түске дейін және түстен кейін жүргізіледі. Тапсырушылар санатына қатысты бірер сөз. Егер колледж түлегі өз мамандығы бойынша оқуын грантта жалғастырғысы келсе, онда ол ҰБТ-ның 60 сұрақтан тұратын қысқартылған түрін тапсырады. ҰБТ-ны ақылы түрде тапсырудың қажеті жоқ. Өйткені жоғары оқу орнына колледж дипломымен қабылданады. Егер студент жаңа мамандықты игеруді жөн көрсе, онда толыққанды ҰБТ тапсыруы керек. Шетелге кететіндерге ҰБТ тапсырудың қажеті жоқ», деп нақтылады орталық басшысы.

Р.Емелбаев тест тапсырма­лары­ның сапасын арттыру үшін көп жұмыс жүргізілгенін айтты. Әсіресе соңғы екі жылда көп өзгеріс орын алды. Мысалы, былтыр контекстік сұрақтар енгізілді. Талапкер тарихи мәтінмен, картамен, статистикалық мәліметтермен жұмыс істейді, оны зерттеп, бес сұраққа жауап береді. Бұл білім берудің жаңартылған мазмұнына сәйкес келеді. Сондай-ақ жыл сайын Ұлттық тестілеу орталығының сайтында «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» бойынша 100 тарихи дата, «Информатика» пәнінен терминдер тізімі, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды.  Талапкерлер сынаққа сол даталар бойынша дайындалуы керек. Тест сұрақтары тек осы даталардан ғана алынады.

Осы орайда ҰБТ сұрақтары «мем­лекеттік құпия» мәртебесіне ие екенін атап өткен жөн. Оларды заң­сыз таратқандар қылмыстық жауап­­­кер­шілікке тартылады. Сон­дық­­тан олар арнайы уәкілетті орган бақылайтын режімдік нысанда сақталады.

«Биылғы ҰБТ-да жаңашылдық көп. Жауап нұсқаларын бестен төрт­ке дейін қысқарттық. Сондай-ақ бейіндік пәндерде екі ұпайдан тұратын 10 сұрақ бар. Ондағы се­гіз нұсқаның үшеуі дұрыс болуы мүмкін. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, оларды алтыға дейін қысқарттық. 2017 жылдан бастап ҰБТ ұпайлары бағаға ауыстырылмайтынын білесіздер. Былтыр тақырыптық талдау түрінде ауқымды деректермен үлкен жұмыс жүргіздік. Бұрын әр талапкер тек сандары бар талдау картасын алса, енді жеке кабинеттен тақырыптық талдауды да көре алады. Онда қандай тақырыптар бойын­ша сұрақтар кездесті әрі олар қай кезең­ді қамтиды, қай жерден қате жіберілді және қандай тақырыпқа жақсы дайындалу керектігі көрсетіледі. Ұлттық тестілеу орталығының сайтында сұрақтар әзірленетін оқу құралдарының барлық тізімі көрсетілген. Барлық пән бойынша техникалық сипаттамалар қамтылған. Орталықтың ресми ресурсында тегін онлайн-тестерді іске қостық. Екі айда бір рет базаны жаңартамыз», дейді Р.Емелбаев.

Ұлттық тестілеу орталығының деректеріне сүйенсек қаңтардағы ҰБТ-ны 123 мың адам тапсырды. Ал былтыр 103 мың адам қатысқан еді. Наурыздағы ҰБТ-ны 111 мың адам тапсырған. Қаңтардағы ҰБТ-ның орташа ұпайы – 76, ал шекті ұпайды (50) талапкерлердің 83 пайы­зы жинаған. Наурыз айындағы ҰБТ-да орташа ұпай 70-ті құрады. Түлектердің 78 пайызы шекті межені бағындырды.

«Техникалық мамандықтарға (олар­дың жалпы саны – 31) грант көп бөлінеді және рейтингті «математика-физика» комбинациясы бастап тұр. Бұл пәндерді талапкерлердің шамамен 30 пайызы таңдайды. Одан кейінгі орында – биология мен химия (18-20 пайыз). Бірақ қаңтар және нау­рыз айларындағы ҰБТ-да «математика-физика» комбинациясын тапсырушылар саны 19 пайызға дейін қысқарды. Талапкерлердің 10 пайызы жаңа комбинацияны – «математика-информатиканы» таңдаған. Жаңа комбинацияны енгізу – биылғы ҰБТ-ның негізгі жаңалығы. Бұл реформа көптен бері айтылып жүрді әрі орын­ды қадам болған секілді. Енді ІТ са­ласына көлденең адамдар келе алмайды», дейді Ұлттық тестілеу орта­лығының басшысы.

ҰБТ-ның жаңа форматына сәйкес 140 балдан шекті межені – 50 ұпайды жинай алмаған оқушы жоғары оқу орнында ақылы негізде де оқи алмайды. Жалпыға ортақ шекті ұпай – 50, ұлттық жоғары оқу орындарына ақылы оқуға ең төменгі өту ұпайы – 65, медициналық мамандықтарға – 70, педагогика мен құқық мамандық­тарына оқуға мүмкіндік беретін ең жоғары шекті ұпай – 75. Десе де академиялық еркіндік шеңберінде жоғары оқу орындары ақылы негізде оқуға өздерінің шекті ұпайын бел­гілей алады. egemen.kz

https://egemen.kz/

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: