Ауданда қарқынды дамыған саланың бірі – спорт. Сала саңлақтары қай спорт түрінен жарысқа барса да жеңіспен оралуды дәстүрге айналдырған. Әрине, бұл ең алдымен мемлекет қолдауының нәтижесі, бапкерлердің ерен еңбегінің жемісі. Аудандағы «Наркескен» спорт клубының сайыпқыран спортшылары да жыл басынан бері қоржынға түрлі медаль жинап үлгерген. Солардың қатарында – гір спорты үйірмесінің қатысушылары да бар.
Спорт клубында гір спорты бойынша команда дайындау үшін 2016 жылы арнайы үйірме ашылған. Аудан әкімдігінің қолдауымен, демеушілердің көмегімен гір спорты үйірмесі талапқа сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жұмыстар бүгінде өз жемісін беріп, аталған спорт түрі дамып, жыл сайын үйірмеге қатысатын жастар қатары артып келеді. Қандай жарысқа барса да қоржындары бос қайтпайтын үйірме спортшылары жыл басынан бері біраз жетістікке жетіп үлгерген. Оларды өз ісінің маманы, жоғары санатты жаттықтырушы, Азияның екі дүркін чемпионы Абдулхасан Сейтенов дайындайды.
– Бүгінде үйірмеге кент, ауылдардан аптасына 4 күн 60-қа жуық оқушы келеді. Үйірмеде 4 топ бар, оның біреуі – «Сауықтыру» тобы. Жігіттердің еңбекқорлығы талай сайыста байқалды. Олар спорт шеберіне үміткер атағын алу үшін біраз тер төкті. Нәтижесінде Төлеген Қайсар – спорт шебері, ал Нұрлан Қуаныш, Өтеген Әділбекұлы, Ербол Әзиз, Нұрислам Орынбасар, Ислам Мәжиев – спорт шеберіне үміткер, – дейді бапкер Абдулхасан Сейтенов.
Спорт шебері Төлеген Қайсар былтыр Тайвань мемлекетінің, Тайбэй қаласында өткен сайыста Азия чемпионы атанған. Гір тасын алақанда ойнататын 14 мемлекеттің мықты спортшылары қатысқан сайыста жерлесіміз жастар арасында 78 кг салмақ дәрежесінде серпе көтеру жаттығуында І орын иеленсе, ұзын айналым жаттығуында ІІ орынға тұрақтаған. Бойындағы күш-жігерін әлем алдында дәлелдеп, елдің абыройын асқақтатқан спортшымыз 13 жасынан үйірмеге тұрақты қатысып келеді.
Спорт шеберіне үміткер Әзиз Ербол былтыр ҚР чемпионы атанған. Ол әуесқой ерлер арасында серпе көтеру сайысында дүбірлі доданың көркін қыздырып, 73 кг салмақ дәрежесінде қос 24 кг гір тасын 115 рет көтеріп, алтыннан алқа таққан.
Бағы мен бабы келіскен бапкердің шәкірттері жыл басында Сырдария ауданында өткен ұзын айналымды серпе көтеру жаттығуынан облыс біріншілікке қатысқан. Нәтижесінде 18 спортшының 11-і алтын, 4-еуі күміс, 3-еуі қола медаль иеленген. Жеңіс тұғырынан көрінген жігіттер Астана қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды. Алайда чемпионатқа 11 спортшының 9-ы қатысып, ересектер арасында 68 кг салмақ дәрежесінде Ислам Мәжиев, жастар арасында 78 кг салмақ дәрежесінде Қайсар Төлеген, жасөпірімдер арасында 68 кг салмақта Нұрлан Қуаныш қола медаль иеленді.
Мұнан бөлек спортшылар сәуір айының басында серпе мен жұлқа көтеру жаттығуынан жастар мен жасөспірімдер арасында өткен облыстық біріншілікте белсенділік танытты. Аудан абыройын қорғаған 17 спортшы серпе көтеру жаттығуынан 10 алтын, 3 күміс, 3 қола иеленді. Ал жұлқа көтеру жаттығуынан спортшылар 9 алтын, 3 күміс, 2 қола медальды қоржынға салған. Алтыннан алқа таққан спортшылар Астана қаласында өтетін ҚР чемпионатына жолдама алды. Тартысқа толы сайыс нәтижесінде Төлеген Қайсар жастар арасында 73 кг салмақта ІІ орын иеленсе, Өтеген Әділбекұлы жасөспірімдер арасында өткен сайыста 63 кг салмақта үздік үштікті түйіндеп, ойынды қорытындылаған.
Мекеме басшысы Батырбек Нұрланұлы білікті бапкердің қажырлы еңбегін жоғары бағалап, аудандағы гір спорты үздіксіз даму үстінде екенін тілге тиек етті. Басшылық тарапынан қолдау мен көмек болған жерде спортшылардан нәтиже болары хақ. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, әр үйірмеге білікті бапкер жетекшілік еткенде ғана шәкірттері белгілі бір нәтижеге қол жеткізеді.
Айта кетейік, үйірме қатысушылары жыл сайын 500-ге жуық ауыл спортшылары бас қосатын «Алтын күз» спартакиадасынан соңғы жылдары командалық есеп бойынша алғашқы үштіктен түспеген.
Бапкерінің айтуынша, спортшылардың бос уақыты жоқ. Бірі жарыстан келсе, енді бірі жарысқа барады. Ол қазіргі таңда спортшыларды осы айдың соңында Өзбекстанда жасөспірімдер арасында өтетін әлем чемпионатына дайындау үстінде. Спортшылардың байрақты бәсекеде ел мерейін үстем етіп, жеңіспен оралуын тілейміз.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!