Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Бейсенбі, 14 қараша, 05:37

Ұлттың қастерлі құндылығы

23.12.2022

518

0

         Орыстың  ұлы ұстазы Максим Горкийдің «балтаны ұстай білмесең, ағаш шаба алмайсың, тілді жақсы білмей тұрып, әдемі етіп, түсінікті де сүйкімді етіп жаза алмайсың» дегені данышпандық деп білемін.

         Еліміздің өз алдына отау құрып, егемендік алғанына 30 жылдан асса да,  ауыз толтырып айтарлық зор жетістіктерге қол жеткізсек те, мемлекеттік тіліміздің хал-ахуалы әлі күнге дейін түбегейлі шешімін таба алмай келе жатқаны жасырын емес.

         Мемлекеттік тіл – ұлттың қастерлі құндылығы. Көпұлтты Қазақстанда барлық халық өкілдеріне өздерінің салт-дәстүрін, ана тілдерін ұмытпауға, сақтауға және дамытуға бар мүмкіндік жасалған. Өкінішке қарай осындай мол мүмкіндік жасап отырған Қазақстанның мемлекеттік тілін өзге ұлт өкілдері осыншама жылда меңгеріп алуларына болар еді. Алайда  ықылас танытулары баяу. Өзге ұлыстарды қойып, тіпті өзіміздің қара көздеріміз де өз ана тілдеріне немқұрайлы қарап, үйренуге құлықсыздық танытып жүр.         

          Егер де өзге ұлт өкілдері «қазақ тілі тек қазақтардың тілі» деп есептесе, «мен бұл тілді неге үйренуім керек?» деп ойлаулары мүмкін. Түптің түбінде Қазақстанда тұрғысы келетін азамат қазақ тілін білуге міндетті деп ойлаймын. Бұл орайда қазақ тілі тек қазақтардың ғана емес, тұтас еліміздің ортақ тілі болуы керек. Мемлекеттік тілдің негізгі міндетінің өзі халықты топтастыру, тұтас  елді ұлтына қарамай мемлекеттік тілге бет бұрғызу.  Тіл туралы заңда да бұл қағидалар түсінікті тілмен, тайға таңба басқандай анық  жазылған.

          Бабыл (Вавилон) қаласындағы әйгілі мұнараның бітпей қалуы жұмысшылардың әр тілде сөйлеп, бірін-бірі түсінбегенінен болған екен деген аңыз бар. Сондықтан тіл мерейі үстем болса, туған еліміздің мәртебесі биік болады. Біз әуелден қалыптасқан, мемлекеті бар, шекарасы бар ұлтпыз. Соның өзінде Ата заңымызда көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудан кешеуілдеп жатырмыз.

          Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілер білуге тиісті. Өйткені мемлекеттік тіл мемлекетті басқару тілі болып есептеледі және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірден бір құрал.

        Әріге бармай-ақ қояйық, іргедегі Ресейде мемлекеттік тілі орыс тілі болғандықтан, министр немесе басшылық қызметке тұра алмайды. Ал бізде мемлекеттік тілді білмей-ақ кез келген лауазымды қызметке тұра алады. Ешкім де ешбір тілді жақсы көргендіктен үйренбейді, қажет болған соң үйренеді мемлекеттік қызметкер үшін мемлекеттік тілді білу міндет болса, кез келген адам әрі кеткенде екі-үш жылдың ішінде меңгеріп алады.  Осындай талап қойылса нұр үстіне нұр болар еді.  

С. Калменова,

Жалағаш АПб-ның кадр саясаты тобының инспекторы,

полиция капитаны                                                             

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: