Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 08:55

Ұлттық спорт түрлеріне қызығушылықты арттыру мақсатымыз орындалды

30.09.2024

147

0

8-13 қыркүйек аралығында Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 елден 2500-ден астам спортшы қатысты. Бұл шара Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл этноспорт әлемі үшін де жылдың басты оқиғаларының бірі болды.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру дирекциясының басшысы Наиль Нұров бірнеше мәрте атап өткендей, Қазақстанда Ойындарды өткізудің негізгі мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дамытып, ұлттық спорттық дәстүрлерді жаңғырту.

«Біз бұл мерекені қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар үшін ұйымдастырдық. Басты міндетімізге қол жеткіздік – өскелең ұрпақтың ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыра алдық және халқымыздың бай мәдениетін көрсеттік. Бүгінде облыстық спорт басқармаларыныңтелефон желілері көкпар, бәйге және басқа да ұлттық спорт түрлеріне қатысуға ниет білдірген балалардың ата-аналарының қоңырауларынан босамай жатыр. Біздің көшпенділер ойындарының чемпиондарын – көкпаршылар мен балуандарды көшеде танитын болды. Олар жастарымызға үлгі боларлық қарапайым, бірақ ел намысын қорғап жүрген спортшылар», – деді Наиль Нұров.

Ойындардан кейін елде балалар мен жастардың ұлттық спорт түрлеріне қызығушылығы күрт өсті. Өңірлерде ұлттық спорт түрлері секцияларына қатысуға ниет білдірушілердің қатары көбейді.  

«Біздің орталық биылғы мамыр айынан бері жұмыс істейді, бірақ балалардың қызығушылығы дәл Көшпенділер ойындарынан кейін күрт артты. Қыркүйектің өзінде ұлттық спорт секцияларына 50-ден астам адам жазылды. Біз тоғызқұмалақ, құсбегілік, қазақ күресі бойынша қосымша топтар аштық. Қараша айында дәстүрлі садақ ату секциясын іске қосу жоспарымызда», – деді Алматы қаласындағы клуб жетекшісі Нұрлан Оспанов.

Абай облысының «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» спорт клубының директоры Болат Ақжігітовтің айтуынша, өңірде ұлттық спорт түрлерімен айналысқысы келетіндердің саны күрт өскен. Теңге ілу секциясы ашылған, сондай-ақ,жақында жамбы ату бойынша топ құрылады деп күтілуде.  

«Ойындар аяқталғаннан бері екі аптаға жуық уақыт өтті. Соған қарамастан біз әлі де қазақстандықтар мен шетелдік қатысушылардан кері байланыс алып жатырмыз. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенділер өркениетінің бай мұрасын көрсетіп қана қоймай, шетелдік қонақтарды қазақ мәдениеті, ұлттық тағамдары және ұлттық спорт түрлерімен таныстыруға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар Қазақстан үшін ұлттық болмысымызды сақтауға және дұрыс ұлттық идеологияны қалыптастыруға қажет», – деп атап өтті Наиль Нұров.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Ойындар кезінде тек Астананың өзінде eQonaq жүйесі арқылы 12,5 мың шетелдік турист тіркелген. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік көшпенділер ойындары еліміздің экономикасына шамамен 300 миллион теңге кіріс әкелді. Дегенмен, нақты сандарды шағын және орта кәсіпорындар салық есептерін тапсырғаннан кейін білуге болады.  

«Алдын ала болжам жасағанамыздай, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстаннан, жақын және алыс шетелден 100 000-ға жуық турист қатысады деп күткен едік. Алайда, жарыстар мен этноауыл аумағын және ғылыми конференцияны 250 000-нан астам елорда тұрғындары мен қонақтары тамашалады.  

Әлеуметтік-мәдени жобаны ұйымдастыру кезінде біз қаржылық жағын естен шығармадық, бірақ басты мақсатымыз ол емес еді. Біз бұл тұрғыда да күткенімізден асып түстік. Қазірге түскен қаржы туралы айтуға ерте. Дегенмен, үлкен туристік ағын шағын және орта бизнеске қолдау көрсетті. Қаланың барлық қонақүйлері толып, мейрамханалар мен кафелер қонақтарға лық толды, барлық мерч, кәдесыйлар және ұлттық киімдер сатылып кетті, ең танымал жарыстарға билеттер толықтай сатылды. Айта кетерлігі, этноауыл аумағындағы сауда орындары тегін негізде ұйымдастырылды. Іріктеу кезінде басты талап – жоғары сапа болды. Сондай-ақ, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Қазақстанда өткізу ұзақ мерзімді инвестиция екенін атап өткім келеді. Қазақстан бюджеттік қаражат есебінен көшпенділер ойындарына қатысқан шетелдік спортшылардың шығындарын өтеді. Енді, өз кезегінде, қазақстандық спортшылар алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тегін қатысатын болады», – деді Дирекция басшысы.  

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының арқасында жүз мыңнан астам турист Қазақстан мен оның бірегей мәдениетімен танысып, жылдың ең маңызды оқиғасының бір бөлшегіне айналып үлгерді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: