Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Сенбі, 02 қараша, 06:09

«Университет аруы – 2023» байқауының жеңімпазы анықталды

25.04.2023

365

0

 Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Университет аруы-2023» байқауының қорытынды кеші өтті.  Биыл сұлулық сайысына 50-ге жуық ару қатысып,  ақтық мәреде 9 бойжеткен бақ сынады. 

Салтанатты кешке Басқарма төрағасы-Ректор Бейбіткүл Кәрімова қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Қазақ қашанда қыз баланы құрмет тұтып, төрден орын беріп, ерекше мейіріммен өсірген. Болмысы нәзік аруларымыздың ибалы, әдепті әрі ақылды болуын басты орынға қойған. Университетте тәрбиелі әрі білімді, ұлтжанды, салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін қыздардың ортасын құру мақсатында «Қыз Жібек» қыздар клубы жұмыс істеп келеді. 
Биылғы сұлулық байқауына қатысушылар бірнеше ай бойы түрлі бағытта өздерін сынады. Ақтық мәреге жолдама алған әр бойжеткеннің ақылына көркі сай екеніне сенімдімін»,-деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Байқаудың шешуші кезеңі 4 айналымнан тұрды. Алғашқы айналымда бойжеткендер өзін таныстырса, келесі кезеңде университет қызметкерлері, белсенді студенттермен бірге өз өнерін көрсетті. Ары қарай сұлулық пен сәндікті серік еткен арулардың сахна мәдениеті, жүріс-тұрысы сынға түсті. Соңғы кезеңде бойжеткендердің білімі мен парасаты сараланды. 

Нәтижесінде әділқазылар алқасының шешімімен Айкерім Нұрғалиева «ІІІ Вице Мисс-2023», Аружан Сұлтан «ІІ Вице Мисс-2023», Аружан Ермағанбетова «І Вице Мисс-2023» атанды. Ал «Университет аруы-2023» байқауының тәжі Фатиха Асылбекқызына бұйырды.

Сайыста Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының басшысы Мұхтар Ниязов, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциясы заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден, Сыр елінің эстрада әншісі Алмас Шынберген, Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева және Әлеуметтік және тәрбие жұмыстар бөлімінің басшысы Жанар Бимұратқызы төрелік жасады.

Айта кетейік, байқау «Қыз жібек» қыздар клубының ұйымдастыруымен өтті. Биыл ұйымның құрылғанына – 10 жыл. Алдағы уақытта клубтың мерейтойын кең көлемде атап өту жоспарлануда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: