Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Сенбі, 02 қараша, 14:39

Жалағаш ауданында жаңа амбулатория ашылды

15.12.2023

870

0

 Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, Мырзабай ахун ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты. Сыр өңірінде Президент бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 медициналық нысан салу жоспарланғаны белгілі. Биыл оның 15-інің құрылысы бітті. Мырзабай ахун ауылындағы амбулатория – осы 15 медицина мекемесінің бірі.

Ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы денсаулық сақтау саласындағы келелі істерге тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп саладағы реформалардың басты мақсатын белгіледі. Ол – бірінші кезекте, медициналық қызметтің қолжетімділігі, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жетілдіру. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен аймақтың елді мекендерінде 27 нысан салынуда. Бүгінде 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Жаңа нысан ауыл медицинасының кәсіби деңгейін көтеруге қызмет етсін!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде Денсаулық сақтау саласының үздігі Абдулла Шүленбаев тұрғындарды құттықтап, ақ батасын берді. Сондай-ақ, мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.

Айта кетейік, амбулатория құрылысын «Бақ-Береке» ЖШС салды. Ғимарат ішінде тіркеу орны, аптекалық бекет, қабылдау, оқшаулау, физотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, лаборатория, архив, күндізгі емдеу стационары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті бар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалған.

Биыл облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд. теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд. 400 млн. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда.

Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қалаға қарасты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ.

411471180_658711419783439_1044044526733997156_n.jpg
411464503_658711203116794_8051855285207785316_n.jpg
411459161_658711349783446_8078720004786724718_n.jpg
411497486_658711233116791_1454320087687643779_n.jpg
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: