Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 20:27

Жалағашта жаңа  сауда орталығы ашылды

12.05.2023

744

0

Бүгін Жалағаш ауданы, Дәуімбай елді мекенінде Али-Шах сауда орталығы ашылды.

Иә, еліміздің әлем көшбасшыларының қатарына қосылу жолындағы мұраты айқын. Қол жеткізген жеңісі мен жетістіктері жетерлік. Мемлекет тарапынан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы аясында аудандардың өзінде ауқымды жобалар іске асуда.

Оған дәлел бүгін ғана ашылған Жалағаш кентіне қарасты Дәуімбай елді мекеніндегі Али-Шах сауда орталығы. Сауда орталығының иесі, жеке кәсіпкер Гүлмира Усерова 2022 жылы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Жалағаш ауданындағы филиалына сауда орталығының құрылысын жүргізуге несие алуға өтініш білдірген. Жалағаш аудандағы палатаның сүйемелдеуімен «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы» ЖШС-нің қолдауымен құрылыс жұмыстарына 8,0 миллион теңге несие алады. Ғимарат құрылысы мен қажетті құрал жабдықтарға 13,0 миллион теңге қаржы жұмсалыпты.

Сауда орталығының оң жақ бөлігі шаштараз, сол жақ бөлігінде киім-кешек, ғимараттың ортаңғы бөлмесінде азық-түлік дүкені орналасқан. Жеке кәсіпкер Гүлмира Усероваға сауда орталығына құтты болсын, саудасының берекесін берсін, кәсібінің нәсібін көрсін деген тұрғындар, алдағы атқарар жұмысына сәттілік тіледі.

«Экономика тірегі – шағын және орта бизнес. Бүгінде кәсіп ашып, өзінің емес, елдің жағдайын жақсартуға тырысқан азаматтарға алғыс білдіремін. Жастар осындай кәсіпкерлерден үлгі алып, кәсіп бастаудан қашпай, мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдалануы тиіс. Кәсіппен шұғылдану кез келгеннің қолынан келеді. Тәуекел етіп, белді бекем буып, несие алып, кәсібімді дөңгелетудемін. Жеке кәсіпкерлікті дамытуға үлкен жол көрсетіп отырған сала мамандарына, игі бастаманы қолдап, көмек көрсеткен барлық жауапты мамандарға алғыс білдіремін. Жастарға кәсіп ашуға, сол арқылы өз-өзін жұмыспен қамтуға кеңес беремін. Нарықтық қоғамда «жеміс піссе екен, аузыма түссе екен» деп жатуға болмайды. Мына қоғам жалқаулықты көтермейді. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдалану қажет», – дейді жеке кәсіпкер.

Қазіргі қоғам нені көтермейді? Әрине, жалқаулықты, «Алма піс, аузыма түс» деп бос сенделуді. Өйтпеске не істемек керек? Енді қараңыз, кәсіп ашу дегенде алдымен адамда қорқыныш басым болады. «Бастай аламын ба? Қалай жүзеге асырамын?» деген сауалдан санасын арашалай алмайды. Мұндайда бізге жігер керек. Айқын мақсат пен нық сенім қажет. Одан соң мемлекет берген мол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сол арманның жүзеге асуына қарекет етуі тиіс. Ондай жандар Жалағаш ауданында жоқ емес.
 

345884417_798991618412957_4460385844863645155_n.jpg
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: