Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Бейсенбі, 02 қаңтар, 16:54

Жаңа жыл қарсаңында қызылордалық көпбалалы ана кондитерлік цех ашты

30.12.2024

130

0

Қызылорда қаласындағы Титов мөлтек ауданының тұрғындары күн сайын жақын жерден ыстық, пештен жаңа шыққан нан өнімдерін алу мүмкіндігіне ие болды.

Анар Раманова көпбалалы ана. Өзінің бірнеше мамандығы бар. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, қаржыгер біліктіліктерін алып шыққан. Ұзақ жылдар бюджеттік салада жұмыс істейді. Жолдасының қызметі Астанаға ауысып, бірнеше жыл Астана қаласында тұрақтайды.

Отбасылық табысты арттыру үшін алдынан «не істеуге болады?» деген сауал шыққанда өзін кәсіпте сынап көрмек болады. Нарық сұранысын тез бағамдай келе кофе және өзге де сусындар ұсынатын шағын кафе ашады. Кәсібі алға басып, тұрақты табыс әкеле бастайды. Жолдасының жұмысы қайтадан Қызылордаға ауысқан соң биыл Қызылордаға оралады. Келе сала бұл жақта да кәсіппен айналысуға бел буады. Анар Астанада кафеге қажет нан өнімдерін өзі әзірлейтін. Өніміне сұраныс өте жақсы болды. Сол қабілетін ескере келе Қызылордадан нан өнімдерін шығаратын кондитерлік цех ашуды көздейді.

«Келе сала кәсіп бастау үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін іздей бастадым. Оны жүзеге асыратын қаржы институттарының жұмысымен танысу барысында «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының ұсынған бағдарламасы ұнады. Осылайша аталған орталықтан мемлекеттік бағдарламамен 30 млн теңге жеңілдетілген несие алдым. Жылына 6 пайыз ғана қосылады. Бұл мен секілді кәсіпкерлерге өте жақсы қолдау», – дейді Анар Раманова.

Анар бұл қаржыны облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асыруды тапсырған пилот жобаның аясында алды.

«Жеңілдетілген несиеге Қызылорданың әзірге екі жерінде кондитерлік цех ашып жатырмын. Бірі сол жағалаудан, екіншісі Титов мөлтек ауданынан. Жұмысымызды бастағанымызға екі апта болды. Ал ресми енді ашып жатырмыз», – деді кәсіпкер.

Кондитерлік цех әзірге күніне 400-500 дана нан өнімдерін шығарып жатыр. Әсіресе тұрғындар ыстық тапа нанды жиі сұрайды екен. Ашылғанына көп болмаса да күніне 120-170 данаға дейін шығаруда.

Титов мөлтек ауданынан ашылған кәсіпкерлік нысан «ORDA BAKERY» тәттілер мекені деп аталады. Сенбіде өткен ашылу салтанатына сол аумақтың тұрғындары қатысып, қуаныштарын жеткізді.

«Кондитерлік цехымның ерекшелігі – нан өнімдерін жасанды ашытқысыз дайындайтынымызда. Тұтынушылар да осы қадамымызға алғысын білдіруде. Мемлекет қолдауының арқасында 5 жұмыс орнын аша алдым. Алда бұдан да үлкен жоспарым бар», – дейді кәсіпкер Анар Раманова.

Мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алуға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына хабарласа аласыздар. Байланыс телефоны: 8 /7242/ 40-03-60, 40-02-37.

Жаңа жыл қарсаңында қызылордалық көпбалалы ана кондитерлік цех ашты 1.jpg
Жаңа жыл қарсаңында қызылордалық көпбалалы ана кондитерлік цех ашты 2.jpg
Жаңа жыл қарсаңында қызылордалық көпбалалы ана кондитерлік цех ашты 3.jpg
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: