Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 18 мамыр, 20:07

Жақын адамның «деструктивті діни ағымға» кіріп кеткенін байқаған жағдайда не істеуі керек? Маман жауап берді

14.10.2022

448

0

Деструктивті діни ағым өкілдері, өз қатарларына адам жинау үшін түрлі әдіс-амалдар қолданады. Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде деструктивті діни ағымдағылар, тіпті, әлеуметтік желіні де белсенді түрде пайдалана бастаған. Тұрғындар деструктивті діни ағымның арбауына қалай түседі? Жақыныңыз «деструктивті діни ағымға» кіріп кеткен жағдайда не істеу керек? Аталған сауалға теолог-маман жауап берді. 

Қазіргі таңда «секта», «сектанттар» сынды сөздер жиі айтыла бермейді. Оның орнына «деструктивті діни ағым», «діни культ» деген тіркестер қолданылады. «Десе де, бұлардың барлығы да бір мақсатты көздейді» – дейді, «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінің жанындағы «Діни экстремизммен күрес» орталығының директоры, теолог Тимур Нүсіпханов.

Маман жат ағымдарға ең бірінші діни сауаты төмен, әрі, психологиясы толық қалыптаспаған тұрақсыз адамдар кіріп кетуге бейім екенін алға тартты. Өйткені, теологтың айтуынша, оларға манипуляция жасау оңай. Психологиялық әлсіз адамдар басына қиын іс түскенде, жақындарынан қолдау таба алмаса, күмәнді ұйымдардан мейірім іздеп кетуі мүмкін. Өзін әлі таппай жүрген, өмірлік арман-мақсаты жоқ адамдар да, жиі діни культтің құрбанына айналады.

Жақындарыңыз, соның ішінде балаларыңыздың қоршаған ортаға қызығушылығы шектен тыс жоғары екенін байқасаңыз, оның көңілін аулайтын жаңа іс немесе хобби табуға тырысыңыз, үйірмелерге апарып, жаңа пайдалы қызығушылықтарға бейімдеңіз. Өйткені әрдайым жаңашылдыққа қызығатын, әр нәрсені көргісі келетін адамдар жаңа діни ағымдарға да қызығып, солардың арбауына кіріп кету ықтималдылығы жоғары, – деді теолог.

Сонымен қатар, теолог маман, отбасымен, жақын-жекжатпен жақсы қарым-қатынаста болып, олармен жиі сырласуға, кез келген жағдайда қолдау білдіруге кеңес берді. Себебі деструктивті діни ағымның өкілдері, күйзелісте жүрген, өзін жалғыз сезініп, шарасыз кезеңде жүргендерді, «қолдау білдіретін жанашыр» адам кейпінде, оңай өз ырқына бағындырып, санасын жаулап алады.

Жақын адамыңның адасып жүргенін кейбір белгілер арқылы байқауға болады. Олар бұрынғы таныстарынан алыстап, айналасы өзгереді. Осыған дейінгі әдеттері мен қызығушылықтарынан бас тартып, киіну стилі ауыса бастайды, ер адамдар сақал өсіреді», – дейді теолог.

Маманның айтуынша, осындай айқын белгілерді жақынынан байқап, оның өзге ағымда жүргенін білген адамдардың көбісі үлкен қателіктерге жол береді. Олар бірден ол адамның адасып жүргенін бетіне басып, оны өз бетінше түзетуге, қайта өзгертуге тырысады. Ал мұндай жақсылықтың соңы келіспеушіліктер мен дауға әкеледі. Мұндай кезде жат ағымға еріп кеткен адам одан сайын сізден алыстайды.

Ешкім мені қабылдай алмайды, жақсы көрмейді, жақындарым адасқандар, мені тек ұйымдағылар түсінеді деп ойлайды да, одан сайын ойы бұзылып, сол ағымға деген сенімі күшейеді.

Тимур Нүсіпханов мұндай жағдайда жақын адамыңыздың көңіліне сақтықпен қарау керек дейді.

«Адам ауырып қалса, оны өз бетімізше емдемей, дәрігерге көрсетіп, ауруханаға апарамыз ғой. Сол сияқты жат діни ағым да – дерт. Бұл дертпен күресу үшін қазіргі таңда діни оңалту орталықтары жұмыс істейді. Жақыныңыздың діни сенімінде қауіптілік туындағанын түсіндіріп, мамандармен тілдесу керек», – деп мәлімдеді орталықтың басшысы.

Сондай-ақ, Тимур Нүсіпхановтың сөзінше деструктивті ағымдар қоғамды дамытуға емес, адамның жеке құндылықтарын жойып, әлемдік тәртіпті құртуға бағытталғанын түсіну қажет. Жат ағымдардың құрбанына айналмас үшін,  адамдар бір-біріне қамқор болып, жақындарына көңіл бөлу маңызды.

Сөз соңында маман айналаңыздағы адамдарға көңіл бөліп, отбасы мүшелеріңізбен діни сауаттылықты бірге арттыруды ұсынды. Бұған қоса ол бүгінгі күні қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының тексерісінен өткен онлайн дәрістер, мешітте кешкілік сабақтарға барып, бірге «діни экстремизмге қарсы» иммунитет қалыптастыруға болатынын жеткізді.

stan.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: