Таң шапағы төгіле бастаған сәттен-ақ тынысы бөлек тіршілік әдеттегідей балабақша табалдырығынан бой көрсетеді. Қолына баласын жетектеген ата-ана үшін таңғы ең маңызды міндет – көз қуанышын сенімді жерге аманаттап, күнделікті қарбалас жұмысқа аттану. Аудан тұрғындары үшін он жылдан астам уақыт бойы сол сенімнің алтын бесігіне айналып үлгерген «Жас қанат» балабақшасы бүгінде бүлдіршіндердің шат күлкісіне толы, бұл ұжым 125 баланы тәрбиемен тербетіп келеді.
Бүгінде елімізде 10 мыңнан астам мемлекеттік және жеке балабақша жұмыс істейді, оның ішінде жекеменшік ұйымдардың үлесі жыл сайын еселеп артып, мектепке дейінгі білім беру кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекет тарапынан да, кәсіпкерлік ортадан да қолдау тапқан бұл сала әр баланың ертеңіне қызмет етіп келеді. Сан артып, сапа жоғарылаған сайын Қазақстанның білім көкжиегі де кеңейіп жатыр. Өйткені балабақшаға барған бала – ұлттың үлкен жолға түскен кішкентай жүрегі.
2013 жылдан бері аудан балаларының айнымас мекеніне айналған жеке негіздегі «Жас қанат» балабақшасы бүгінде 3 жастан бастап бүлдіршіндерді қабылдап, балғын жүректердің өміріне өз өрнегін салып жүр. Бес топқа бөлінген балалар «Ботақан», «Балапан», «Күншуақ», «Балдырған» топтарында, енді мектеп табалдырығына даяр тәрбиеленушілер «Балдәурен» тобында. Бұл тәрбие ордасында бүгінде 20 қызметкер жұмыс жасайды. Мейірім мен міндетті қатар алып жүрген 9 тәрбиеші, оның ішінде төрт модератор, бір сарапшы, бір зерттеуші бар. 5 тәрбиеші көмекшісі, балдырғандардың саулығына жауапты медбике, 2 аспаз, өнерге баулитын музыка жетекшісі, әр сөзді анық айтуға үйретер логопед, барлығы да баланың болашағына шынайы жанашырлықпен қызмет етеді.
«Жас қанат» – тек бала ойнап, демалатын орын ғана емес таланты мен талабын алғаш байқап, ұшқыр ойына шамшырақ жағатын тәрбие ордасы. Бүлдіршіндердің жеткен жетістіктері соның айғағы. Өткен жылы мектепалды даярлық тобы аудандық «Шебер әке, өнерлі ана, еңбекқор бала» байқауында өздерінің ынтымағы мен ізденісін та-нытып, екінші орынға ие болды. Ал «Мен – тәуелсіз ел ұланы» атты аудандық театрландырылған бейнеролик байқауында жас өнерпаздар елге деген сүйіспеншілігін өзіндік қойылым арқылы жеткізіп, тағы бір мәрте екінші орынды қанжығасына байлады. Бұған қоса «Мен зерттеушімін» танымдық-зерттеушілік байқауында да «Балдырған» тобы екінші орынға лайық деп танылды. Ал аудандық «Өнерім саған – Қазақстан!» фестивалінде дәл осы «Балдырған» тобы өнерпаздық қырын танытып үшінші орын иеленді. Балабақшаның көктемгі сауықтыру және шынықтыру жұмыстары биыл жаңа қарқын, өзгеше серпінмен жалғасын тапты. Облыстық әдістемелік вебинар алаңында балабақша тәрбиешілері «Аула ойындары» тақырыбында мазмұнды жұмыс үлгісін ұсынып, заманауи педагогика үндескен орта қалыптастыра білді. Бала жүрегіне жол тауып, оның қуанышын арттыру – үлкен өнер. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту мақсатында өткен «Педагогикалық идея – 2024» шығармашылық алаңы да тәрбиешілердің жаңашыл көзқарасын айқындай түсті.
Балабақша ауласына аяқ басқан сәттен-ақ әрбір детальдің бейжай емес, бала қиялын оятып, қызығушылығын арттыру мақсатында ойластырылғанын аңғаруға болады. Асфальт бетіне төселген түрлі-түсті шарлар ішіндегі әліпби әріптері. Көз ұшына кіп-кішкентай тәрбиеленуші ілікті. Ешкім ескертіп жатпаса да, аяқ киімін ұқыппен шешіп, әдемілеп қойып шықты. Күннің екінші жартысында балабақшаның іші өзгеше жайдары күйге енеді. Бүлдіршіндерге арналған «Аспаптар сыры» үйірмесінің басталарын сезгендей қуанышты күбір дәлізден естіледі.
Он төрт жылын бала тәрбиесіне арнаған Ақбөпе Қалыбекқызының айтуынша, балабақша жұмысы оңай емес. Ол – бүгінгі таңда тек тәжірибелі тәрбиеші ғана емес, үнемі ізденіс үстіндегі шебер маман. Жылдар бойы жинаған кәсіби біліктілігін тоқмейілсімей, керісінше жаңа талапқа сай толықтырып, әр сабағына жаңаша леп енгізіп келеді. Аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысып, педагогикалық әдістемесін шыңдап жүруі еңбекке деген жауакершілігін айқын танытады. Әсіресе күй өнері арқылы балалардың ой-өрісін кеңейтуге арналған мақаласы көпшіліктің қызығушылығын оятып, мамандар тарапынан жоғары бағасын алған болатын. Ұлттық мұраны бала танымына жақындату – оның кәсіби қолтаңбасының жаңашыл қадамы. Биылғы оқу жылында да аудандық білім бөлімі еңбегін назардан тыс қалдырмай, арнайы марапаттады.
Таңғы мезет – әр үйде өз жырын бастайтын арнаулы шақ. Бір үйде асығыс аяқ киім киіліп, біреуінде мектепке дайындық басталса, ата-ана Ақмарал Қазыбекқызының шаңырағында бәрі Аршаттың «Бүгін балабақшада не болады?» деген тәтті сұрағынан өрбиді.
– Аршат күнде балабақшаға асығады. Таңғы шайын да тауысып үлгермей, сөмкесін өзі көтеріп жөнеледі. Баланың барар жеріне қуануы – тәрбие мен мейірімнің үлкен өлшемі. Баланың жанын түсіну баланы оқытудан да қиын. Аршаттың балабақшаға асығуы – тәрбиешілерге деген сенімді арттырады, – дейді ол ағынан жарылып.
Бұл балабақшаға кірген әр жанның жүрегін бір жылылық шарпып өтеді. Уақыт өз заңымен өтеді, бірақ баланың балауса шағында алған тәрбиесі мәңгі қалады. «Жас қанат» атауы тек балабақшаның атауы ғана емес, әр баланың арманына қонған үміттің ақ қанаты секілді. Балғын жүрекке сенім ұялатып жүрген ұжымның еңбегі ел ертеңіне қосылған өлшеусіз үлес екені сөзсіз.
Гүлжан Есжан
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!