Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Жұма, 21 ақпан, 23:17

Жауапкершілік өмірлік ұстанымына айналған тұлға

08.02.2025

141

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 28 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «…Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс», – деді. Президенттің айтуынша, бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибе мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінетінін дәлелдеп отыр.

Мұндай жағдайда мемлекет және қоғам қайраткері, «кризис-менеджер, жерлесіміз Бердібек Сапарбаевтың ерекше үлесін атап өтпеске бол­майды. Қайраткер тірі болғанда осы күндері 72 жасқа толатын еді.
Кейінгі екі-үш жылда Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың «кризис-менеджер» ретіндегі қажырлы ең­бегі туралы баспасөз беттерінде бірнеше мақала жарияладым. Оны қайталамау үшін 2024 жылдың 16 ақпанында Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде ұйымдастырылған «Бер­дібек Сапарбаев тұлғасы» атты рес­публикалық ғылыми-практикалық конференцияда сөз алғандардың бір­қатарының пікір желісін оқырманға ұсынуды жөн көрдім.
Сол конференцияның ашылуында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова алқалы жиынға Бердібек Машбекұлымен бірге ұзақ жыл қызмет жасаған Президент әкімшілігінің, Парламенттің, Үкімет мүшелері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері және осы саланың ардагерлері, Кеден комитетінде бірге қызмет атқарған азаматтар, бір кезде өзі басқарған Қызылордадан, Оңтүстік өңірде Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарынан келген әріптестері, сондай-ақ қай­раткер тұлғаның қамқорлығын көрген азаматтар қатысып отырғанын жет­кізді. Сондай-ақ кездесуге Бер­дібек Машбекұлының егемен елі­міздің қалыптасуына, өнерге, ғы­лымға жасаған риясыз қызметін құрметтейтін ғалымдар, мәдениет өкілдері, мемлекет қайраткерлері және жастар келді.
– Бірінші кезекте ол «кризис-менед­жер» болды. Бұл – бәріне бел­гілі факт. Ел басшылығы Бердібек Машбекұлына ең қиын нысандарды сеніп тапсырды, өйткені ол әрқашан әлеуметтік жағдай туралы жақсы біліп, кез келген істі қисынды қорытындыға жеткізді. Қай жерде жұмыс істесе де, қандай қызмет ат­қарса да, әрқашан азаматтардың мүдделеріне, әлеуметтік әл-ауқатына және халықтың денсаулығына мұқият назар аударды.
Қажырлы еңбегінің арқасында қазақстандықтардың шынайы құрме­тіне ие болды.
Бердібек Сапарбаев мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін дайындауға көп көңіл бөлді. Ұстаз ретінде өз елінің патриоттарының тұтас бір тобын тәрбиеледі. Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері көп, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Жас мемлекеттік қызметшілерге үлгі

Конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қоша­нов Б.Сапарбаевтың тәуелсіз Қазақ­станның қалыптасуы мен дамуына қосқан баға жетпес үлесін атап өтті.
– Бүгін біз аса ғибратты, өнегелі жиынға қатысып отырмыз. «Еліңе қадірлі болсаң, елеусіз қалмайсың» деген халық сөзі бар. Сондықтан бұл жиынды Бердібек Машбекұлындай мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен да­муына жан аямай қызмет еткен, өлшеусіз үлес қосқан азаматқа, тұлғаға арнап отырмыз. Бұл жиын туған елін сүйген, туған елі сүйген тұлғаға деген ерекше құрметтің бел­гісі деп санаймын, – деді Ерлан Жаханұлы.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы осы конференцияға Қазақстан Республи­касының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жолдаған ар­найы құттықтауын оқып берді.
«Бердібек Машбекұлы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көр­некті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірлерге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейміз. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі мен адал қызметі жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге», – делінген хатта.
– Тал бесіктен жер бесікке дейін халқына, ұлтына риясыз қыз­мет ету, қызмет ете жүріп тұтас елдің шынайы алғысын алып, құрме­тіне бөлену екінің бірінің тағдыр та­лайына бұйыра бермейтін бақыт, – деп толықтырды Ерлан Қошанов. – Мұндай тұлғалардың есімі мемле­кеттің, ұлттың тарихында ал­тын әріптермен жазылып қалады. Ол кісінің мәнді де мағыналы ғұмыры бейнелеп айтқанда «аттың жалында, түйенің қомында» өтті. Еліміздегі ең қиын салаларға жетекшілік жаса­ды. Бес бірдей облысқа әкім болған Қазақстандағы жалғыз тұлға және сол өңірлердің мәселесі күйіп, шаруа­сы шатқаяқтап тұрған кезде Бердібек Машбекұлы басшылық жасады. Қа­зір осы 5 облыс дербес 7 облысқа ай­нал­ды.
Осы арада өзім куә болған жайтқа тоқталып өткім келеді. Қателеспесем, осыдан 10-15 жыл бұрын Бердібек Машбекұлымен бір делегация құра­мында Алматыға іс-сапармен бардық. Сол кезде екеуміз бір көлікте келе жаттық. Бір уақытта Бекең «мына жерге бұрыла кетейік» деп көлікті бұрғызып, бір кішкентай дүңгіршектің жанына барып тоқтадық. Барсақ, дүңгіршектің жанында бір қария мен кемпірі тұр екен. Бердібек Машбекұлы олармен біраз әңгімелескеннен кейін әрі қарай кеттік. Сосын мен туы­сымен амандасқан болар деп «бұл туысыңыз ба?» деп сұрадым. Сөйт­сек жаңағы ақсақал Астанаға келу үшін жеке шаруасымен Бердібек Машбекұлына сұранып жүр екен. «Мен ол кісі Астанаға әуре болып келмей, ақыры келгеннен кейін жолдан бұрылып, жарты сағат уақытымды бөлдім» деп әдейі кездескенін айтты. Сол кезде шыны керек таңғалдым. Бұл өмірлік тағылым болды деп айта аламын.
Бекеңнің кісілігі мен кішілігі осында.

Мемлекеттік деңгейдегі тұлға

Конференцияда ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов қайраткер тұлғаның өмірлік тәжірибесі мен табанды еңбе­гіне тоқталды.
– Бізді тағдыр тоғыстырған бір оқиға бар, – деді Ж.Асанов. – 2016 жылы жерге қатысты митингі өтіп, бүкіл республика шулап жатты. Көп ұзамай қырықтан астам діни радикал Ақтөбеде теракт жасады. Қару-жарақ дүкендерін басып алып, әскери бөлімге оқ атты. Біраз адамның өмірі қиылды, денсаулықтарына зиян келді. Бір сөзбен айтқанда, жер митингтері мен діни радикализм өршіп тұрған кез.
Сол кезде біз Бас прокуратура болып, Президентке ұсыныс жаса­дық. Терактілер халық арасында үрей туғызды. Билікке сенімсіздік бар. Өңір­лерге барып жұртпен тіке­лей жұмыс істесек, мемлекеттің қамқор­лығын көрсетсек, ол үшін пилот ретінде бір облысты алып, сонда елге қолдау көрсетудің үлгі-моделін жасасақ дедік.
Әрине, көп нәрсе сол барған өңірдің басшысына байланысты. Әкімі қолдап, белсенді болмаса нә­ти­жеге жету мүмкін болмас еді. Сонда Бекеңмен тез тіл табыстық. Өзінің Ақтөбеге келгеніне де көп болмаған екен. «Уайымдама, топты бізге әкел, бәрін жасаймын» деп сен­дірді. Сол 2016 жылы бүкіл рес­публи­кадан 230 маманды жинап Ақтөбеге келдік. Мемлекеттік қыз­мет­шілермен қатар, топқа дәрі­гер­лер, теологтар, психологтар, имам­дар енді. Бекең алты жүздей адам жинап, мақсатымызды айтты. Облыс­тық активке сескенудің қа­жеті жоқ. Әріптестер орталықтан бізді тексеруге, бағалауға, сынауға келген жоқ. Кабинеттен жерге түсіп, бізбен бірге нақты проблемаларды шешу үшін, өршіп тұрған діни радикализмді ауыздықтау үшін келді деп түсіндірді. Мұндай шара елде алғаш рет жасалып жатқан. Бердібек Машбекұлы жұмысты әдемі үйлестіріп, республикадан келген 230 адамды өңір жағдайын жөндеп алуға ұтымды пайдаланды. Облыста 830 мыңдай адам болса, әрбір алтыншы ақтөбелікке жеттік. Ол – мүгедектер, жастар, көпбалалы, жағдайы төмен отбасылар, сотталғандар, діннен адасқандар.
Осындай үйлесімді жұмыстың арқа­сында Ақтөбеде бай тәжірибе жиналды. Әдістемелік құрал жа­салды. Осы жұмыстың басында Бекең­нің жанында жүрдім. Жұмыс таңғы 7-де басталатын. Күні бойы кездесулер, жиналыстар дегендей.
Жобаның соңғы екі күнінде Бекеңмен болдым. Байқағаным, бір ай бұрын басталған жұмыстың қарқыны тоқтамаған екен. Астанадан келген барлық құрылымдар өз қызметтерін белсенді жүргізіп жатты. Кейін Президентке баяндадық. Үкі­метке осы жұмысты басқа облыс­тарда жүргізу тапсырылды.
…Бердібек Машбекұлының осын­дай ерекшелігінің түп негізінде ауыл­да өсіп, қара жердің демін сезінген, дала еңбегімен шынығып өскен өмір жолы жатқаны анық.

Жаңа буын үлгі етер қасиет

– Біз екеуміз бір топырақта туып, бір кезеңде өмір сүрдік. Екеуміз де хал-қадірімізше елімізге қызмет еттік. Қызмет жолында әріптес, өмір жолында сырлас болдық. Ел оң-солын танып үлгермей жатқан елең-алаң тұста біз бірге жұмыс істедік. Көп ағаларымыз аттарың да ұқсас, сендер осы егіз қозыдайсыңдар деп әзілі аралас тілеулес пейілін білдіріп жататын, – деді конференциядағы сө­зінде мемлекет және қоғам қай­раткері Қырымбек Көшербаев.
Қырымбек Елеуұлы сондай-ақ Бердібек Машбекұлының 1990 жыл­дардағы тоқырауда Қызылорда об­лысын жойылудан сақтап қалғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейтінін айтты.
– Сол тұста Қызылорданың салық­тық базасы нашар, экономикасы, әсіресе өндірісі дамымаған деген желеу­мен облысты жабу туралы Үкіметте Президентке ұсыныс дайын­далып жатқан болатын. Қазіргідей стратегиялық әрі рухани маңызға ие аймақтың жабылып қалуы кімді болса да қынжылтады ғой. Дәл сондай сындарлы сәтте Бердібек білек сыбана кірісіп, Қызылорданы басқа аймақтардан кем емес екенін, салықтық база, экономикалық перс­пективасы бар тиімді аймақ екенін Үкімет алдында дәлелдеп, өзінің жоғары кәсіби деңгейін көрсете отырып аймақты сақтап қалды. Бұл Бердібек Машбекұлының туған жері ғана емес, тұтас Отанының алдындағы бір үлкен перзенттік, қайраткерлік қызметі деп бағалаған жөн. Еркін экономикалық аймақ, басқа да шаралар соның аясында атқарылған істің бір көрінісі.
Сапарбаев сонымен қатар алаш­тың ғана емес, адамзаттың ор­тақ мәселесіне айналған Арал тағдырын да дер кезінде көтеріп, Президентке ұтымды ұсыныс жасап, мәселені шешудің оңтайлы жолын қарастырды. Арал мәселесі көп елдің назарын аударып, қолдауына ие болды. Дүниежүзілік банк пен Қазақстан республикасының өзара келісімі бойынша Кіші Арал жобасы жасалды. Соның іске асуына Бердібек тікелей мұрындық болды. Бұл ел тарихындағы ерен еңбек екені даусыз, – деді Қ.Көшербаев.
Қырымбек Елеуұлы атап өткен­дей, Бердібек Машбекұлы қай өңірге барса да сол жердің әл-ауқаты мен қордаланған түйінді мәселелерін шешуге, үзілген үміттерін жалғауға барды. Ол Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақ­төбе, Жамбыл облыстарына әкім болған кезеңде аянбай еңбек етіп, соның бәріне де абыроймен барып, абыроймен кетті. Жетекшілік еткен әр аймақта халқы оны қимастықпен шығарып салып отырды. Бұл – Бер­дібек Машбекұлының антына адал, сертіне сенімді болғанының белгісі.

Мұқтаждарға қамқорлық

«Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан адамдарды қолдау ор­талығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова аймақтағы әлеу­меттік-экономикалық, қоғамдық-сая­си, рухани процестерді бақы­лаудағы облыс әкімінің рөліне тоқталды.
– Бердібек Машбекұлы өмірден өткенде тұтас бір дәуір көшкендей болды. Көкейде «Бізде ұрпақтар сабақтастығы бар ма, әкімдер институтын қандай өзгерістер күтіп тұр?» деген сауал тұрды.
2015-2019 жылдары Ақтөбе қа­ласы мен аудандардың мәдениет, бизнес, құрылыс салаларында, қо­ғамдық өмірінде көптеген өзгеріс орнады. Бердібек Машбекұлы 2015 жылдың қараша айында жұмысқа кіріскен бойда қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Онда сенімге негізделген мәнді әңгіме айтылды. Өңірдегі қоғамдық ұйымдардың ахуа­лы туралы 100-ден астам адам өз ойларын еркін жеткізді. Сол жерде жаңа басшының бізді бірден түсінгені, оның жоғары кәсіби және іскерлік қасиеттері бірден байқалды. Аз уа­қытта ақтөбеліктер «Бердібек аға туы­сымыздай болып кетті» деді. Ол ондаған, мүмкін жүздеген адамның ертеңге деген сенімін нығайтты, ба­сы­на баспана берді, үміт отын жақты.
Ақтөбеде қызметте жүргенде ха­лық­тың әлеуметтік жағынан осал топ­тарын қолдауға арналған қа­йы­рым­дылық акцияларын көп ұйым­дас­­тыратын. Мүгедектігі бар бел­сен­ді­лердің барлығын танитын, олар ұйым­дастырған іс-шаралардан қал­май­­тын.
2017 жылы Ақтөбеде су тасқыны болып, жүздеген құрылысты ша­йып, бұзып кетті. Табиғат апаты ке­зінде облыс әкімі зардап шеккен жұртшылықтың ортасында жүрді, адам­дарды сабырға шақырды. Айна­ласы аз уақытта бұзылған үйлер қалпына келтірілді. Әдеттегідей, бұл шаруаны да үйлестірген Бердібек Машбе­кұлы еді.
Бердібек Сапарбаевтың өмір, еңбек жолы посткеңестік кезең мен Тәуелсіз Қазақстанның тарихында өз ор­нын алатыны сөзсіз, – деді ол.

Құбылыс

– Әркімнің көңілі құлайтын адам­­дары болады. Санамызда із қалдырған екеу болса, соның бі­рі – Бердібек Машбекұлы. Бе­кең жарықтық шешеннің тілі күр­ме­ліп, ердің қолы қалтырайтын ақи­қаттың көзіне тура қарай алатын тұлғалардың бірі еді. Бойындағы өнерін, қабілетін кәсіп деп емес, қасиет деп қарайтындардың сойынан еді, – деп келтірді сөзін халық әртісі Досхан Жолжақсынов. – Жалпы кез келген тұлға туралы, оның ішінде биліктегілер туралы айтқанда, – дейді Әбіш Кекілбаев ағамыз, – алдымен оның табиғи бітім-болмысына ерекше назар аудару керек. Бекеңнің биік талғамы мен терең толғамы жан-жүрегінде тебіреніп, толғанып көрініс тауып жатушы еді.
…Сіңірсем деймін жеріме,
Маңдайдың терін ағызып.
Жасасам деймін еліме,
Жанымның отын тамызық, – дейді ақын Сырбай Мәуленов ата­мыз. Шіркін-ай, қандай сөздер. Биліктің маңдайшасына шегелеп-ақ қоятындай. Тура Бекеңе, Бекеңдерге арналғандай.
Бекең жарықтық халқымыздың рухани әлеуетін қоғам алдында айқара ашуға мүмкіндік беретін тұл­ға­ларымыздың бірі еді. Бір бо­йында мемлекеттік қайрат­кер­лік­тің, саясаттанушының, мәде­ниет­та­ну­шы­ның, әлеумет­танушының бар­­­­лығының дарыны әдемі тоғысқан. Соның бәрін далалық даныш­пан­дық­тың қайнарына суарған Бекең бүгін ойлап қарасаң шын мәнінде құ­былыс екеніне ешкім дау туғыза қоймас.
«Жұрт ісін түс көрмей, ояу жү­ріп іздеу мақсат» дейді Әлихан Бө­кейханов. Қарапайым да парасат­тылықтың кәусар бұлағындай Бе­­­­кең­­­нің халқына сіңірген, халқы­ның ру­­хына сіңірген еңбегінің бағдар­ша­­мын­дай. Жалпы Бекеңнің дара ақы­лы, мемлекетіміздің, еліміздің өтпелі ке­зеңінде айқара ашылып, шыңдала түскендей.

Өмірді құтқару үшін

ҚР Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья пандемия кезінде Б.Сапарбаевтың жан-жақты қолдауына сүйене отырып, Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцинаны әлем­де алтыншы болып шығара ал­ға­нын өз сөзінде келтірді.
«Менің өмірімдегі ерекше ма­ңыз­ды сәт – пандемия кезінде Бердібек Машбекұлымен кездесу, қазақстандық вакцинаны жасау мәселесі өткір тұрған уақыт еді. Мен ол кезде Жамбыл облысындағы био­логиялық қауіпсіздік ҒЗИ бас­қа­рамын, біз вакцина әзірлеу бойынша жұмысты бастадық. Билік пен мамандар ара­сындағы пікір қайшылығына қара­мастан, Бердібек Машбекұлы та­бан­дылық танытып, бізге барлық қажетті қолдауды ұсынды. Сол қиын кезеңде вакцина жасау және зауыт құрылысын жеделдетуде көп көмегі тиді. Облыс әкімі төтенше жағдайды ескере отырып, жауапкершілікті толықтай өзіне алды. Республикадан қаражат бөлуді күтпей, зауыт құры­лысын бастау жөнінде құрылыс бас­қармасының басшыларына нақ­ты тапсырма қойды. Осылайша 2020 жылдың 12 маусымында за­уыттың іргетасы қаланды. 2021 жылы 21 маусымда QazVac вак­ци­насының ал­ғашқы партиясы шыға­рылып, Қазақс­танның көптеген тұрғын­дарының өмі­рін сақтап қал­ды».

Көреген басшы

Конференцияда Шерхан Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инно­вация институтының вице-президенті (қазір ректоры), педагогика ғылым­дарының докторы, профессор Мах­­­мет­­ғали Сарыбеков Бердібек Маш­­­бекұлының Жамбыл облысын бас­­қарған жылдардағы жұмыс тәсіл­де­рі туралы айтты.
– Оның экономист ретіндегі ана­ли­тикалық ақыл-ойы өте жоға­ры болатын. Жұмыстың жүйелі әрі кешенді болғанын қалайтын. Ал­дына стратегиялық мақсат қойып, соны орындауға қызметкерлерді жұмыл­ды­ра алатын.
Ол өзіне дейін қызмет істеген әріптестерін құрметтейтін, сіңірген еңбегін, жеткен жетістіктерін жина­лыстарда айтып отыратын. Бұл ар­қылы әріптестіктің, сабақтастықтың маңызы айқындалатын.
Тағы бір қасиеті, адамдардың қабілет-қарымын, мүмкіндігін дәл баға­лайтын және оларға сенім артып, міндет жүктейтін.
Бердібек Сапарбаевтың бастама­сымен қолға алынған «Асарлатып үй салу», «Жомарт түлек», «Таразға тарту» сияқты әлеуметтік жобалар халықтың өмір сапасын арттыруға ықпал етті. Әсіресе «Асарлатып үй салу» туралы атап айтсақ, жоба шеңберінде 350 аз қамтылған отба­сы баспаналы болды. Ол үнемі халықтың арасынан табылды, бұл қасиеті Қордайдағы оқиға, коро­на­вирус пандемиясы, Байзақ ауда­нын­дағы жарылыс және қаңтар оқи­ғасы кезінде анық көрінді. Сол себепті оны халық арасында «кри­зис-менеджер» атап кетті,– деді про­фес­сор.

Тың өзгерістердің бастамашысы

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Бердібек Сапарбаевтың жетекшілігімен жұмыс жасағанын, Шығыстағы, Абай еліндегі жұртшылықтың оған деген ерекше ықылас-пейілі туралы айтты.
– Ол кадр тәрбиелеуде бізді қа­ра­пайымдылыққа, әдептілікке, адам­гер­шілікке үйретті. Бердібек Маш­бекұлының өнегесі мен тәлімін өз тәжірибемде қолданып келемін.
Оны халық «кризис-менеджер» деп бекер атаған жоқ. Қызылордада экономикалық жағдай күрделенген тұста инвестор тартып, айналымға ваучер енгізді. Оңтүстік Қазақстанды энергетикалық коллапстан алып шы­ғып, салық және зейнетақы төлеуді жүйеледі. Ақтөбе мен Шығыста тө­тенше жағдайдан кейінгі және әлеуметтік мәселелерді шешті. Мә­селен, Тарбағатай ауданының Көк­жыра және Жантекей елді мекендерін су алғанда, Артем кенішінде шах­терлар талап қойғанда Бердібек Маш­бекұлы дағдарыстан шығу жо­лын бірден тапты.
Ол қызметке кіріскен бойда бар­лық ауданды аралап шықты, көптеген іске бастамашы болды. Мек­тептер, әлеуметтік, мәдениет, спорт нысандарын салды. Басшының ат­қарған жұмыстарының нәтижесін бү­гінде әр ауылдан көруге болады. Өңірдің тау-кен саласына инвестиция тартып, өркендеуін қамтамасыз етті. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ірі өндірістік компаниялар халықтың қажеттіліктеріне көңіл ау­дара бастады. Ол шағын және ор­та бизнесті дамытуға жол ашты. Патриотизм мен ұлттық бірегейлікке баса мән беріп, Өскемен қаласының орталығына мемлекеттік рәміздер мен Абай ескерткішін орнатты, – деді Е.Көшербаев.
P.S. Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында Мемлекет басшысы «Әкім­­дер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырды. Осы «мек­тептерде» мем­лекет қайраткері Бердібек Сапар­баев­тың жұмыс тәжірибесіне арнал­ған сабақтар өткізу орынды болар еді.

Кеңес МАХАМБЕТОВ,
еңбек ардагері
Астана қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: