Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 09:42

Жерлестер топ жарған турнир

16.05.2023

633

0

Өткен аптада аудан жұртшылығы 3 күн бойы былғары қолғап додасының куәсі болды. Жұдырықтасу десе деребесі қозатын халықтың аузында «Кім жеңеді екен», «Пәленшенің баласы мықты», «Жекпе-жек тартысты болды» деген спорт төңірегіндегі сөздер өріп жүрді. Медицина саласының үздік дәрігері, КСРО-ның құрметті доноры, «Шапағат» мерекелік медальдарының иегері Ақназар Бектасовты еске алуға арналған ашық турнирдің жоғары деңгейде өткендігін осыдан-ақ пайымдауға болатын секілді.

Турнирге Ақтөбе, Өскемен, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан және де Өзбекстан елінен 2007-2008 және 2010-2011 жылғы туылған жасөсіпірімдерден құралған командалар келіп, жалпы 153 боксшы бақ сынады. Бір қызығы аудандағы бокстан аға-жаттықтырушы Нұрлан Есжановтың айтуынша, еліміз­­дің әр аймағынан, тіпті көрші Қыр­ғызстан, Тәжікстан мем­ле­­кет­терінен ашық біріншілікке қатысуға ниет білдір­ген спортшылар қатары көп болған.


Мамырдың 10-ы күні турнирдің ашылу салтанаты өтті. Ашылу салта­на­тында тау тұлға Ақназар Бек­тас­ұлының өнегелі өмір жолын өңірі­міз­дің азаматтары мен көзін көрген ақ­са­қалдары бір сәт еске алып, спорт­шыларға тартысты додада сәттілік тіледі.
Бірінші күннен бастап жарысты тама­шалауға келген спортсүйер қауым­ның қарасы қалың болды. Бірі баласын, бірі немересін, бірі інісін додаға қосқан жалағаштық жанкүйерлер таң атқаннан кеш батқанға дейін тапжылмай тур­нирді тамашалады. Заңдылық десек те болар, мұндай қолдауды көрген қыз­уқанды спортшылар да шаршы алаңда барын салды, сонысымен жарыс тартысты өтті. «Чемпион бо­ла­мын» деген мақсатпен келген жас­өспірімдердің бір-біріне жеңісті оңай­лықпен бермейтінін алғашқы күннен-ақ байқадық.
Бірінші күні турнирдің 1/8 кезеңі өтсе, ертеңіне 1/4 және жартылай финалдық кезеңіне жалғасты. Екінші күннің жекпе-жектерінде спортшылар жан алыспай, беріспеді. Жанкүйерлердің күткені де осы болды, өйткені боксшыларды енді бір атта са, алда финалдық кезең күтіп тұрды, яғни жүлдеге іліктің деген сөз. Сөйтіп 2 күн ішінде ақтық кезеңге кіл мықтылар іріктеліп шықты. Алғашты кезеңдерде Жалағаштың боксшылары жарады. Ақтық кезеңге ауданымыздан 10 боксшы өтті, осылайша жергілікті жанкүйерлер үшін турнирдің маңыз­дылығы одан бетер арта түсті.
Сенбі күні көптен күткен финалдық кезең де басталды. Жарыс өтіп жатқан кешеннің іші боксты тамашалауға келген халыққа толған. «Баласы атқа қонса, анасы үйде отырып, тақымын қы­сады» демекші, көрермен ретінде финалға анасы келмесе де, көрші-көлем, ағайын-туыс бәрі осында жинал­ған. Талқылайтын бір ғана тақырып, ол – бокс.
Кешке дейін созылған бокс мейра­мында спортшылар өзара мықтыны анық­тады. Әрине, шын жүйрікті анықтау оңай болған жоқ, боксшылардың барын салары анық. Бірінің бабы жанса, бірінің бағы жанған финалдық ке­зең де кешкітұрым өз мәресіне жетті. Ақтық кезеңнің қорытындысы бойынша жалағаштық 7 боксшы жүлдеге ілігіп, таңнан жүрген жанкүйерлердің мерейін бір үстем етті.
Жалағаштық чемпиондарға нақты­рақ тоқталсақ, 32 келі салмақта 1 орынды жалағаштық боксшы Шах­мардан Бисенов иеленсе, 34 келі сал­мақта Қалдан Нұрмұхамед алтыннан алқа тақты. Ал 57 келі салмақта жа­лағаштық Ернияз Мұратұлы, 70 келі салмақта Бейбарыс Танатарұлы жеңіс тұғырынан көрініп, чемпион атанды. Сонымен қатар жерлестеріміз Нұр­сұлтан Нұрадин, Сәндібек Парасат, Аманжол Қасым жүлделі орындардан көрініп, жанкүйерлерді бір қуантты.
Көрші Өзбек елінің жас боксшылары да осал емес екен. Өзге мемлекетке жұдырықтасуға келіп тұрған жас­өс­пірімдердің көзінен я қорқыныш, я тар­тыну байқалмады. Бала болса да мұндай жігерлік көрсеткен қонақтарға жергілікті жанкүйерлер де дән риза болды. Жарыс қорытындысы бойынша Өзбек боксшылары 1 алтын, 1 күміске ие болса, Асатбек Нарузов ең үздік боксшы атағын алды. Сондай-ақ турнирдің ең үздік боксшы атағын жалағаштық Айбар Ақназаров пен спорт интернатының түлегі Нұрсаят Тынысбеков та иемденді. Үздік был­ғары қолғап шеберлеріне ерекше бел­беу сыйлығы табысталды.


– Жарыс оңай болған жоқ. Қарсы­ластарымның барлығы мықты, осалы көрінбеді. Ақтық кезеңге дейін сенімді жұдырықтастым деп айта аламын. Бірақ финалда жұдырықтасу қиынға соқты. Өйткені қарсыласым ретінде жерлесім Бек Мұхамедияр болды. Екеуміз бір-біріміздің жұдырықтасу тә­сіл­дерімізді жақсы біліміз. Жекпе-жек тартысты өтті. Иә, бүгін менің бағым жанды, десе де қарсыласыма басымды иемін, әрине финалға шығу оңай емес. Жаттықтырушыма, жанкүйерлерге ал­ғыс айтамын, – дейді жалағаштық чем­пион Бейбарыс Танатарұлы.
Дүркіреген дода осылайша өте шықты. Ең бастысы турнирге келген қонақтар дән риза, келесі жылы міндетті түрде тағы да келетіндерін жеткізді. Ал Өзбекстан жаттықтырушысы мұн­дай жарыстардың жасөспірімдер үшін үлкен тәжірибе берітінін айтады. Иә, Өзбек елінде бүгінде бокстан әлем чем­пионаты өтіп жатыр. Сол жарыс­ты тамашалудың орнына Өзбек елі­нің жаттықтырушысы тәрбие­ле­нуші­лерін осы турнирге алып келіпті. Міне, турнирдің жас өрендер үшін маңыз­ды­лығын осыдан-ақ түсіне беруге бо­латын секілді. Осы ретте ел тізгінін ұстаған өңір азаматтары аталған тур­нирдің келесі жылы да жалғасын та­батынына уәдесін берді. Жарыс соңында аудандық емхана бөлімінен Ақназар Бектасұлының атынан ұйым­дастырудың басы-қасында жүрген ау­дан­дық бокс бөлімшесіне бағалы смарт теледидар тарту етілді.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: