Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен егін жинауға әзірлік, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу мәселелері талқыланған жиналыс өтті. Оған облыстық басқарма басшылары, селекторлық режимде аудан әкімдері және жауапты мекеме басшылары қатысты.
Облыс әкімі жауапты науқан алдында бірқатар тапсырма жүктеді.
«Биыл өңіріміздегі вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің қолдауымен көршілес мемлекеттермен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, вегетациялық кезеңді шығынсыз өткеруге бар жағдай жасалды.
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Үкімет басшысы бастаған делегация өңірімізге арнайы жұмыс сапармен келіп, шаруалардың жағдайымен, егістің жай-күйімен танысты.
Одан бөлек, Су ресурстары, Ауыл шаруашылығы министрлері бірнеше рет арнайы келіп, су тапшылығын болдырмау жолдарын жан-жақты пысықтады.
Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық өңірінен 139 қызметкерден құралған жеке құрам мен 25 насос қондырғысын жеткізіп, екі ай бойы шаруалар игілігі үшін қызмет жасады.
Қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, егінді ысырапсыз, мерзімінде жинауды қатаң бақылауға алыңыздар.
Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың негізгі салаларының бірі. Санақ жұмыстарының нақтылығы мен сапалы жүргізілуі біз үшін өте маңызды.
Қала, аудан әкімдері санақ жүргізушілерге жан-жақты қолдау көрсетіп, статистика департаменті, ветеринария, ауыл шаруашылығы басқармаларымен бірлесіп, тиісті жұмыс жүргізіңіздер», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында жауапты департамент, басқарма басшылары Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының өту барысы туралы баяндама жасады.
Биыл облыс бойынша 189 600 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары, Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес 80 900 гектарға күріш егілді. Суды аз қажет ететін мал азықтық, майлы дақылдардың көлемі ұлғайтылуда. Күні ертең егінге алғашқы орақ түседі.
Жиналыста тұрғын үйлерді пайдалануға беру, шағын өнеркәсіптік аймақтағы кәсіпорындардың іске қосылуын қамтамасыз ету, коммуналдық базарға кәсіпкерлерді орналастыруды тез арада аяқтау бойынша да тапсырмалар берілді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!