Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 14:36

Жүргізушілерге кеңес. Жанармай үнемдеудің 10 жолы

30.09.2024

1021

0

Қазақстанда жанармайдың қымбаттауы ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. Кейде көлік айдаудың өзі қып-қызыл шығынға шығады. Сондықтан жанармай үнемдеу мәселесі жыл сайын өзекті бола түсуде. Осы тұста жанармай шығынын айтарлықтай азайтып, ақшаны үнемдеудің бірнеше қарапайым жолдарын білу маңызды, – Zhalagash-zharshysy.kz тілшісі drom.ru-ге сілтеме жасап.

1. Көлікті бірқалыпты жүргізіңіз

Көлік ең көп жанармайды орнынан шапшаң қозғалғанда жұмсайды. Егер көлік ауыр болса оны жылдамдату үшін де үлкен күш жұмсалады.  Өйткені төмен берілісте (передача) айналымдар (оборот) жоғары болады. Бұл жағдайда моторға түсетін күш, тұрақты жылдамдықпен келе жатқанға қарағанда әлдеқайда жоғары болмақ. Газды қажетсіз басу әдетінен арылсаңыз, жанармай шығынын 100 км-ге 1-2 литрге дейін азайта аласыз.

Тежегішті жиі басып, көлікті шұғыл тоқтатудан да аулақ болу керек. Алдыңыздағы көлікке жақындамауға тырысып, қозғалысты бірқалыпты жалғастырыңыз. 

2. Берілісті дер кезде ауыстырып отырыңыз

Автоматты беріліс қорабында жүргізушіге көп нәрсе байланысты емес, бірақ механика үнемдеуге жақсы мүмкіндіктер ашады. Десе де, жоғарғы берілісте қозғалу барынша жанармайды үнемдеуге септігін тигізеді. Заманауи автоматты беріліс қорабы кез келген қолайлы жағдайда жоғарғы берілістерде (повышенный передача) қозғалады. Ең бастысы, спорттық режимге ауыспау және «кикдаунға» жол бермеу. Әйтпегенде үнемдеуге кеткен амалдарыңыз құр бекер болмақ.

Механикада жүргізуші келесі беріліске ауысуды мүмкіндігінше ертерек сезінуі керек. Баяу қозғалыста, 2000-нан жоғары айналымдарда (оборот) ауыса беруге болады. Механика – автоматты беріліс қорабы бар көлікке қарағанда үнемді екені анық. Оның үстіне автоматты беріліс қорабы көлікке қосымша салмақ қосады. 

3. Толық жетекті өшіріңіз

Мұндағы жағдайды екі жақты қарау керек. Өйткені кейбір кездері толық жетек көп жанармай жағады, кейде, керісінше, оны үнемдейді. 

Тегіс асфальтта беріліс қорабын 2WD режиміне ауыстыру тиімді.  Осылайша, көлігіңіз 2-інші оське күш жұмсамай, оларға энергияны босқа жібермейді. Осыдан жанармай тұтыну аздап азаяды.

Дегенмен жолсыз жерде немесе қыста 4WD режимі қауіпсіздік тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар үнемдеуге келгенде де тиімді екенін ескеру керек. Өйткені 2WD режимінде көлік кенеттен балшыққа немесе қарға тұрып қалса, ол жерден шығуға 4WD-ға қарағанда әлдеқайда көп уақыт пен жанармай кетеді. 

4. Қозғалтқышты өшіріп қойыңыз

Автокөлік тоқтап тұрғанда отын аз тұтынылады – сағатына 1 литрден аз. Бірақ кептелісте бір километрге тұтыну көлемі максималды болады. Жанармай мақсатсыз ұшады. Автокөлік өндірушілердің көпшілігі бүгінде кептеліс кезінде қозғалтқышты өшіретін start/stop жүйелерімен көлікті жабдықтауы кездейсоқ емес.

Көптеген ескі көліктерде мұндай жүйе жоқ, бірақ кептеліс кезінде қозғалтқышты қолмен өшіруге ештеңе кедергі емес. Кем дегенде, егер сіз бір минуттан артық тұрсаңыз, мұны істеп тұруға болады.

Энергияны қалпына келтіру жүйесі бар кейбір автомобильдерде шамамен 20 км/сағ жылдамдықпен тежеу ​​кезінде қозғалтқыш автоматты түрде өшеді. Ешбір жағдайда егер сізде бұл жүйе болмаса, мұны қолмен жасауға тырыспаңыз. Өйткені баяу болсын, жүріп келе жатқан көлікті өшіргенде вакуумдық тежегіш күшейткіш пен рульдік күшейткіш (усилитель) өшеді. Бірақ егер көлігіңізде рекупирация жүйесі болса, мұндай мәселе болмайды. Рекупирацияның негізгі міндеті аккумуляторды қайта зарядтау үшін тежеу ​​энергиясын пайдалану болып табылады, бұл сонымен қатар отын үнемдеуге оң әсер етеді, өйткені негізгі генератор аз пайдаланылады. Сонымен қатар колодкалар аз желінеді және қозғалтқыш күші аз пайдаланылады. Жалпы алғанда, рекупирация жүйесін өшірмеңіз (егер сізде бар болса).

5. Шиналардағы қысымды бақылаңыз

Қысым неғұрлым төмен болса, дөңгелекті айналдыру үшін моторға  әдепкіден көп күш түсіреді. Демек, отын шығыны да жоғары болады. Желі аз шиналар үнемдеуге тырысқан жүргізушінің еңбегін еш етеді. Бірақ шиналарды шамадан тыс үрлеуге де болмайды (бұл қауіпті). Қысымды көлікті пайдалану нұсқаулығында көрсетілген сипаттамаларға сәйкес келуі керек (көбінесе олар алдыңғы есіктің жақтауындағы жапсырмада немесе бақ қақпағында жазылады).

Шина үлгісінің өзі де отын шығынына қатты әсер етеді. Неміс ADAC автомобиль клубы сынақтар жүргізді. Сынақ барысында домалауға кедергісі аз шиналар отын шығынын 0,5 л/100 км-ге азайта алатыны анықталды. Осылайша, жақсы шина алу арқылы (мейлі қымбат болсын) жанармай шығынын азайтып, орнын толтыруға болады. 

6. Қажет емес барлық затты көліктен шығарып тастаңыз

Көліктегі қосымша жүк көп жанармай шығынына әсер береді. ADAC клубы келесі деректерді ұсынады: әрбір 100 кг жүк отын шығынын 0,3 л/100 км-ге арттырады.

Ең алдымен жүксалғышты тазалау керек. Жуу сұйықтығы мен техникалық сұйықтықтары бар канистрлер, құралдар, күректер мен щеткалар және т.б. – мұның бәрі сіздің көлігіңізге үлкен салмақ түсіреді. Күз, қыс мезгілінде сізге қажет емес және кейін қолдануға болатын кейбір нәрселер бар. Мысалы, жаздық шиналар, көлік жууға арналған сұйықтық, артық көлік бөлшектері сияқты заттарды алып қою керек. 

Тіпті қала ішінде қосалқы дөңгелекті де алып тастауға болады. Біз жүксалғыштан «қосалқы дөңгелекті алып тастауға кеңес бермейміз, өйткені жолда кез келген нәрсе болуы мүмкін. Оның үстіне еліміздегі жол сапасы да көп жерде сын көтермейді. Дегенмен егер тек қала ішін аралап жүрсеңіз, қалдырып кетуге болады. Өйткені қосалқы доңғалақ – бұл сіз үнемі өзіңізбен бірге алып жүретін қосымша 20-25 кг. Батыста қосалқы шиналар көбінесе зауыттық жабдыққа мүлдем кірмейді.

7. Кондиционер мен музыканы өшіріңіз

Көмекші жабдықтардың ішінде автомобильдегі ең қымбат энергия тұтынушысы – кондиционер. Оның жұмыс істеуі механикалық энергияны да (кондиционер компрессоры қозғалтқыш белдігімен басқарылады) және электр энергиясын қажет етеді. Сондықтан кондиционер отын шығынын айтарлықтай арттырады. Шамамен – 0,5–1 л/100 км. Бір қызығы, климаттық бақылау (климат контроль) кәдімгі кондиционерге қарағанда үнемді болып шықты, өйткені салондағы температура жүйе дәл танып, қажет мөлшерде кондиционерді қосып отырады. Бұл тоқтаусыз жұмысты болдырмай, жанармай үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, автомобильдегі кез келген қосымша энергия тұтынушы сіздің үнемдеудегі жауыңыз болып табылады, өйткені ол генераторға жүктемені арттырады, соның салдарынан отын шығынының артуына әкеледі. Сонымен бізде аудио жүйені де өшіріп қоюға болады. 

8. Аэродинамикаға мән беру керек

Көліктің аэродинамикасын дұрыстаудың ең қарапайым жолы – терезелерді жабу. Жылдамдықта ашық терезелерден кірген ауа ағыны турбуленттілік пен қосымша аэродинамикалық кедергі жасайды. Жылдамдық неғұрлым жоғары болса, соғұрлым ол үлкен болады. Нәтижесінде, отын шығыны да артады. Салондағы қолайлы температураны қамтамасыз ету үшін сапарды бастамас бұрын барлық есіктерді ашып алып, көлікті біраз уақытқа жай ғана желдету керек.

Жарыс машинасының жүргізушілерінен осы тұста аэродинамикаға қатысты жақсы дүниені үйренуге болады. Олар «аэродинамикалық қалта» деп аталатын көліктің артындағы сирек ауа аймағына кіріп алады. Қарапайым тілмен айтқанда, алдыңғы көлікке мүмкіндігінше жақын болуға тырысады. Ауа кедергісі аз болса, жанармайды жоғары жылдамдықта да үнемдейсіз. Бұл американдық NASCAR жарысында жиі жасалады. Таза теориялық тұрғыдан алғанда, егер сіз жүк көлігінің артына жақын жүрсеңіз, жанармай аз жұмсайсыз. Бірақ біз мұны істеуді ұсынбаймыз. Қашықтықты сақтамау қауіпті!

9. Төбешіктерден беріліс қорабын пайдаланып түсіңіз

Бұл лайфхак механикалық беріліс қорабы бар көліктерде қолданылады. Автокөлік төмен қарай жылжыған кезде сцепление басу немесе нейтралға қою дұрыс емес. Бұл бір жағынан қауіпті, сонымен қатар үнемді емес. Мәселе мынада, автомобиль беріліс қорабының көмегімен төмен түскендетмоторда қызықты процесс жүреді. Көлік төмен қарай, беріліс қорабының күшімен түскендіктен қозғалтқыш нейтралды күйге қарағанда аяқасты жанармайды аз тұтына бастайды. Бұл қозғалтқыш арқылы тежеу ​​кезінде ішкі жану камерасына жанармай шашу баяулағаннан орын алды.

10. Көлік құралына тұрақты қызмет көрсету және жөндеп тұру

Ауа және жанармай сүзгілерін, май мен оталдыру шамдарын (свеча) ұзақ уақыт бойы ауыстырылмаған болса шығын көбейеді. 

Сонымен бұл кеңестерді пайдалану арқылы қанша үнемдеуге болады?

Ең консервативті бағалауларға сәйкес, егер сіз біз сипаттаған қарапайым әдістерді қолдансаңыз, отын шығынын шамамен 15 пайызға азайтуға болады (нақты көрсеткіш автомобиль моделіне және жүргізу стиліне байланысты). Толық резервуарға жанармай құю сізге 15 000 теңге тұрады делік, сіз аптасына бір рет жанармай құясыз. Бұл апта сайын сіз шамамен 2 250 теңге үнемдей аласыз дегенді білдіреді. Бір жыл ішінде сіз 117 000 теңге үнемдеуіңіз мүмкін. Десе де, әркімнің өз жүргізу стилі бар. Жолда байқап жүріңіздер!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: