Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Жұма, 06 желтоқсан, 18:34

Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 100-ден астам адам көз жұмады – депутат

21.02.2024

434

0

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді қарады. Депутат Елнұр Бейсенбаев бұдан былай тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік  жауапкершілікке тарту емес, қылмыстық кодекс бойынша жаза қолданылатынын ескертті, деп жазады Egemen.kz.

«Бұл мәселенің қоғамдық мәні зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Осыған орай әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесін Президент 2019 жылдан бері әр Жолдауында тұрақты көтеріп келеді. Президенттің негізгі ұстанымы – қоғамда заң үстемдігін орнату, заңға мүлтіксіз бағынатын әділетті қоғам құру.

Осы ретте қоғамда балаларға қарсы ауыр қылмыстар мен зорлау мәселесі ерекше алаңдатып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысы мұндай қылмыстар үшін жазаны қатаңдатып, қылмысқа баратындарды барынша оқшау ұстауды тапсырды. Енді жаңа заң бойынша педофилдер түрмеден ешқашан шыға алмайды. Сонымен қатар өтелмеген жаңа мерзімі де қысқартылмайды, рақымшылыққа ілікпейді.

Балаларға қарсы жасалған аяусыз, ауыр қылмыстар бойынша бітімгершілік қарастырылмайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық та өзекті болып отыр. Статистикаға сүйенсек, әйелдер мен балалар зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды.  Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 100-ден астам адам көз жұмады. Бұл мәселе де Президенттің бақылауында. Өткен жылы ұрып-соғудан көз жұмған С.Нүкенованың қазасы қоғамда резонанс туғызды. Осындай қылмысқа жазаны қатаңдатуды қолдап өткізген онлайн петицияға 150 мың адам қол қойған.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтар айында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында  осы петицияны қолдап, ел азаматтарының пікірі ескерілетінін айтты. Соның негізінде заң қатаңдатылды. Енді ұрып-соғу мен  денсаулыққа жеңіл зиян келтіру  қылмыс түрі әкімшілік кодекстен қылмыстық кодекске ауыстырылады. Бұдан былай ұрып-соғудың жеңіл түрі болса да қылмыскер қылмыстық кодекс бойынша жазаланады. Сондай-ақ азаптау бойынша жаңа бап қолданысқа еніп,  3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұл мәселені балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен жүйелі пысықтап, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Мәжіліс фракциясының  отырысында жан-жақты қарастырды», деді депутат.

Е.Бейсенбаев бұл заң халықаралық тәжірибеде, ТМД елдерімен салыстырғанда ең қатаң норма  болып саналатынын айтты. Заң жобасы Мемлекет басшысы мен қоғамның ортақ келісімі бойынша қабылданғанын да ескертті.   

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: