Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 01:24

Жылу маусымында жұрт жаурамасын

20.12.2023

653

0

Былтыр Қазақстанның бірқатар өңірінде жылу маусымында мәселе туындаған. Қарапайым халықтың қақаған аяздан аман шығуы үшін жылу электр станцияларын жөндеуге қыруар қаржы қаралды. Мәселен, өткен жылы елімізде тозығы жеткен жылу құбырларын жөндеуге қазынадан 146 млрд теңге бөлінген. Алайда жыл сайын қайталанып отырған мәселеге бюджеттен бөлінген осынша қаржы да төтеп бере алмады. Себебі ел бұған қатысты жобалардың жемісін толық көре алмай отыр.

Мәселе неге
қайталана береді?

Кешегі аязда былтыр мәселесі күр­де­ленген Екібастұз бен Ридер қала­сында халық тағы да бүр­сең қақты. Бірақ қыркүйек айында жауап­тылар жылу маусымында еш­қандай мә­селе болмайды деп сендірген. Се­бебі Ридердегі жылу электр орта­лығының жөндеу жұмыстарына Үкі­мет­тен 10 млрд теңге бөлінсе, Екібас­тұз­дағы жылу ор­та­лығына 5,1 млрд теңге қаралған еді. Алайда кешегі аязда жергілікті тұр­ғындар тағы да бүр­сең қақты. Тіпті тұрғындар қарт ата-аналарын жылы жаққа жіберуге мәжбүр болған.

Жауаптылар мәселені елдегі жылу орталықтарының ескілігімен байланыс­­тырады. Бұл дәлелін де жоққа шы­ғара алмаймыз. Себебі Қазақстанда соңғы рет Жылу орталығы 1986 жылы са­лынған. Яғни Тәуелсіздік жыл­дары елі­мізде ешқандай жылу орта­лығы ашыл­­маған. Десе де жөндеу жұмыс­та­рына бөлінген қыруар қаражаттың ал­ғашқы жылдары-ақ нәтижесі бол­мауы ешқандай ақталуға келмейді.
Бұл мәселе Мемлекет басшысының да тікелей бақылауында. Осы айдың екінші онкүндігінде Президент өңірлер әкімдерімен жылу беру мәселесін тал­қылап, Атырау, Қарағанды, Павло­дар, Маңғыстау облыстары әкімдерінің аймақ тұрғындарын жылумен және сумен қамтамасыз ету бойынша есебін тың­дады. Сондай-ақ ол апат болған учас­келердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді, барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды талап етті. Кеңесте Үкіметке жылу маусымына дайындық кезінде олқылықтар жібе­рілгені туралы айтылды. Берілген тап­сырмаларды орындау үшін Үкіметке және облыс әкімдеріне жеке-жеке жа­уап­­кершілік жүктелді.

Депутаттар не дейді?

Аталған мәселе Парламентте де қа­ралды, депутатттар мәселені ше­шуге бөлінген қыруар қаражаттың ха­лық жемісін көре алмай отырғанын айтып, атқарылған жұмыстарға талдау қажет деп есептейді. Сондай-ақ олар салада білікті кадрлар тапшы екенін алға тартады. Яғни салада желілердің жай-күйіне кәсіби аудит жүргізетін, ахауларды жою жоспарын әзірлейтін маман жоқ деп есептейді. Сондықтан олар техникалық мамандарды оқы­туды жүйелі түрде қолға алып, білікті кадрлардың елден үдере көшуін тоқ­татуды талап етті.

Халық қалаулыларының бұл уәжі де орынды. Тіпті олар соңғы уақытта орын алған олқылықтарға да шолу жасады. Сөзіне сенсек, расында салада қажетті мамандардың тапшылығын байқау оңай. Мәселен, осыған дейін Ар­қа­лықтағы жылу электр станциясы жөндеуден өткен, алайда оны елдегі мамандар 2 жыл бойы іске қоса алмаған. Осылайша шетелден маман шақыруға мәжбүр болған. Мына қызықты қа­раңыз, саладағы біздің мамандар 2 жыл бойы 1 станцияны іске қосалмаса, шетелден келген маман мәселені бір-ақ күнде шешіп берген.

Аудандағы ахуал қалай?

Кешегі аяз бізді де бет қаратпады.Бірақ жылумен қамтамасыз етуде мұндай мә­селе туындаған жоқ. Тұрғын үй-ком­му­­налдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлі­мі­нің мәліметіне сүйенсек, Жала­ғаш кен­тіндегі 2 826 тұрғын үй орталық­тан­дырылған газ желісіне қосылған. Бұл кенттегі жалпы тұрғын үйлердің 89,3 пайызын құрайды. Мұнан бөлек 20 әлеуметтік, 123 кәсіпкерлік нысан да көгілдір отынға қосылған. Әзірге бұған қатысты газ қысымының төмендеуі се­кілді мәселе орын алған жоқ.

Аталған бөлімнің мәліметіне сү­йен­сек, ауданда қатты отыннан да тап­шылық жоқ. Мәселен, қазір қой­маларда 850 тонна көмір бар. Аудан бойынша 2023 жылдың тамыз айынан бастап жеке кәсіпкерлермен сатылуға 10 960 тонна көмір жеткізілген. «Қырмызы» ЖК, Қазыбек би көшесіндегі «Әжібеков М.» ЖК, «Халық Серік» ЖК-ның көмір қоймаларына «Шұбаркөл» көмірі жет­кізіліп, аудан тұрғындарына сатылуда. Қатты отынның бағасы 22 000-23 000 теңге аралығында.

Еліміз кешегі бірнеше күнге созылған аязда әуре-сарсаңға салынды. Әлі суық күндер алда. Биылғы жылу маусымына бөлінген қыруар қаржының қарапайым халық игілігін көрсе болғаны. Алдағы аяздарда мәселе қайталана ма, солай болған жағдайда қиындықты қалай еңсереміз, оны алдағы уақыттың енші­сіне қалдырдық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: