Күнделікті жұмыс барысымен жүріп, кент орталығында көше тазалап, қоқыс жинап жүрген кісіні кездестірдім. Кісінің хал-жағдайын сұрап, жастарға үлгі ретінде жұмысшы адамнан сұхбат алуды жөн көрдім. Бірақ апаның жаурағанын байқап, редакцияға бірге келіп, жұмысы жайында әңгімелестік. Таңнан кешке дейін аудан тазалығын сақтаумен айналысатын ол бізге күнделікті жұмысы, отбасы туралы айтып берді.
Зидашкүл Оразбаеваның тазалықшы болып жұмыс істегеніне 24 жылдан асқан. Нақтырақ айтсақ, кент әкімдігіне қарасты «Жалағаш қызмет» ішкі тазалық мекемесінде жұмысшы. Туған жеріміз Жалағаш көшелерін көркейтіп, күл-қоқыстан тазалайды. Айтуынша, қазір оның мойнында кенттегі бірнеше көшенің тазалығы тұр.
– Туған жерім – Жалағаш ауданы. Осы мекенде өсіп-өндік, жайбарақат өмір сүрудеміз. Шүкір, 4 баланың анасымын, сондай-ақ 7 немере сүйіп отырған бақытты әжемін. Айтпақшы, келесі жылы зейнетке шығамын. Иә, 25 жылға жуық тазалықшы ретінде жұмыс істеп келемін. Кезінде тұрақты жұмыс іздеп жүргенімде мемлекеттік мекеме өкілдері тазалықшы болып жұмыс істеуді ұсынды. Содан міне, тазалықшы болып еңбек етіп келемін. Жұмыс уақыты жазда таңертең 8.00-де басталса, қыста сағат 9.00-де басталады. Өзімізге белгіленген аумақты, оның ішінде жол жиектерін, көшелерді, арықтарды күл-қоқыстан тазартамыз. Әйтеуір күні бойы тыным таппаймыз, – дейді ол.
Зидашкүл Оразбаева тыным таппай еңбек еткеніне ай сайын тұрақты белгіленген жалақы алатынын айтады. Мереке күндері басшылық сыйақы да береді екен. Қазір ұжымда өзі секілді 60-қа жуық тазалықшы, сондай-ақ техникаларды тізгіндеген жүргізушілері бар.
Сөз арасында тазалықшы апай тұрғындардың көбі қоқыс жәшіктерін құрылыс материалдары мен жиһаздарға толтырып тастайтынын, оларды жинау үшін біраз әлекке түсетінін жеткізді. Сондай-ақ көшеге қоқыстарын тастай салатын азаматтарды да тілге тиек етті.
– Кейбір тұрғындар қоқысты кез келген жерге тастай салады. Қоршаған ортаға, ауданның тазалығына жауапкершілікпен қарамайды. Меніңше, тазалық табалдырықтан басталады. Сондықтан қай кезде де туған жерімізге, қоршаған ортаға жанашыр болайық, – дейді кейіпкеріміз.
Тазалық сақшысы бізге күнделікті жұмыс барысында басынан өткен қызықты оқиғаларымен де бөлісті. Аязды қыс мезгілінде тазалықшылар күнделікті жұмыстарына шығыпты. Қанша қалың киім кисең де далада 10 секундтан артық тұра алмайтындай суық екен. Алайда тазалық сақшылары күннің аязына қарамастан міндеттерін орындауға бел буған. Сол кезде бір топ жалағаштық жас ыстық шәй мен балғын бәліштерін әкеліп, тазалықшыларға ұсыныпты. Міне, жастардан мұндай ізгілікті істі көрген жұмысшылар елімізді жарқын болашақ күтіп тұрғанына кәміл сеніп, көтіріңкі көңіл-күймен жұмыстарын жалғастырған.
Мемлекет басшысы 2025 жылды Қазақстан үшін «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихатталатынын жеткізген еді. Осы орайда аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жалағаш кентінің тазалық сақтау саласындағы азаматтармен кездесіп, ауданның 85 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы төсбелгі және алғыс хат табыстады. Туған жердің гүлденуіне зор үлес қосып, марапат төрінде көрінгендер қатарында Зидашкүл Оразбаева да болды.
– «Еңбектің наны тәтті» демекші, еңбектенген адам далада қалмайды. Жұмыстың оңайы жоқ. Біз жазда қоқыс жинап, тал әктейміз, қыста қар тазартамыз. Қуанатынымыз, жұмыстан кейін мекеменің көлігі үйімізге апарып тастайды, қажетті арнайы киімдерімізді алып береді. Басшылық мереке сайын сыйақы тағайындап, «үлкен кісілер ғой» деп бізді сыйлайды. Соған ризамыз. Өзім көпбалалы ана болғанмен, балаларға қол жаймай, осылай еңбек еткенді дұрыс көремін. Бұл салада еңбек ететінімді мақтан тұтамын. Осылайша өмір бойы үй мен түз тірлігінен қол үзбей келе жатырмын. Шүкір, Жалағашым бүгінде тап-таза, көрікті, – дейді еңбек адамы.
Айта кетейік, биылдан бастап кентте көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу үшін кент әкімі аппаратының жанынан «Жалағаш қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған. Аталған мекеме арқылы биыл 8470,5 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылған. Міне, Зидашкүл Оразбаева секілді еңбегі адал азаматтардың арқасында ауданымыз жыл сайын көркеюде.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!