Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 14:05

Мәлік жыры – мәңгілік

14.05.2024

3808

0

«Ақынды да тудырған сенің өлкең,
Ахунды да тудырған сенің өлкең» деп ақын Мамыр Байдәулетов жырлағандай, Мырзабай ахун ауылы – ахун бабамыз, кешегі Сыр сүлейлерінің жалғасы, жырау Әбділда Жүргенбаев, ақын Темірше Сарыбаев, Мәлік Аяповтар сынды елге еңбегі сіңген тұлғалар дүниеге келген құтты мекен.

Сол мекенде өлең өлкесінде өзіндік өрнегін қалдырған Мәлік Аяповтың 80 жылдығына орай «Мәлік жыры – мәңгілік» атты байқау өтті. Байқауға Темірбек Жүргенов, Жаңаталап, Аққыр, Мәдениет пен ахун атындағы ауылдық кітапханалардың оқырмандары қатысып, 2 кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде қатысушылар ән ұялап, жыр қонған киелі Мырзабай ахун өңірінде өлең жырдың өресін ұзартып, өркенін жайған өршіл талант иесінің өлеңдерін жатқа оқыса, 2 кезеңде ақынның өмірі мен шығармашылығынан берілген сұрақтарға жауап берді.
Әділқазылардың шешімімен І орынды №122 орта мектептің оқушысы Седа Жоламанова иеленсе, ІІ орынға №119 орта мектептің оқушысы Томирис Мұса мен Ә.Оңал­баев атындағы №117 орта мектептің оқушысы Ерасыл Тұрғанбекұлы лайық деп танылды. Ал І.Қабылов атындағы №32 орта мектептің оқушысы Аянат Демеген мен №188 орта мектептің оқушысы Дария Қойтбай ІІІ орынға тұрақтады.
– Қазір 10 сынып оқушысымын. Бұл байқауға бірінші рет бір күн қалғанда кітапханашы апайымның айтуымен да­йындалып қатыстым. Бос уақытымда Мұ­қа­ғали Мақатаев, Фариза Оңғарсыновалардың өлең­де­рін жатқа оқитынмын, – дейді жарыс жеңімпазы Седа Жола­манова.
Айта кетейік, Мәлік Аяпов 1944 жылы Мырзабай ахун ауы­лында дүниеге келген. Қа­зақ Ұлттық университетінің «Жур­налистика» факуль­те­тінде дәріс алып, өмір бойы шы­ғармашылық жолмен жүрген. Жастайынан қолына қалам ұстаған ол бар ғұмырын «Жалағаш жаршысы» газетінде өткізді. Газет табалдырығын әдеби қызметкерліктен бас­таған ол бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бас ре­дактор қызметтерін абыроймен атқарды. Сол жылдары «Көктем тынысы», «Дала туысқандығы» атты жыр жинақ­тарын өмірге әкелсе, 2003 жылы Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан «Киелі мекен» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Ақынның артында ұлағатты ұрпағы мен ғажайып жыр­­лары барда сырлы өлеңдерінің ғұмыры жалғаса бермек.

Сезім НҰР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: