Жалағаш ауданындағы жер-су атауларының шығу тегі мен тарихы әрқалай. Музей қызметкерлері бұған дейін де олардың тарихын зерттеп-зерделеген. Ауданның 85 жылдық мерейтойы қарсаңында солардың бірқатарын оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік.
Ақан мұнарасы
Ақан мұнарасы – Аламесек ауылдық округіндегі мұнара және қорым. Кісі есіміндегі некроним. Құттыбайұлы Ақан (1722-1793 ж.ж.) – Аташал Тама руынан шыққан белгілі диқан. Ақанның Тышқанбай, Естекбай, Шуақбай, Қосыбай, Құжанбай, Сансызбай деген ұлдары егін егіп, мал баққан шаруа адамы болған. Ақан ата жер ыңғайына қарап сиыр малын көп ұстапты. Қоныс аударып келген туыс-туғандарға сауыннан көмектесіп, қамқорлық көрсетіп отырған. Ақан ата басшылығымен егіншілікке бетбұрыс жасалып, арықтар қазылады. Тары, арпа, бидай, жүгері егіліп, күнкөріс жақсара түскендіктен қоныс аударып келуші туғандар көбейеді. Ақан ата 1793 жылы дүние салып, Жаңадария жағасына жерленген. Ақан зиратының қабырғалары құлап қалған жерге 2011 жылы Аламесек ауылының тұрғындары зәулім мұнара тұрғызған.
Алтынқорған
Алтынқорған – Жаңадария өзенінің оң жағалауында, Аламесек ауылдық округінің орталығы Есет батыр ауылының солтүстік-шығысындағы ескі бекініс орны. Метафоралық әдіспен туындаған топоним.
Көне асар орнының қалдығы Есет батыр ауылының солтүстігінде 3 шақырым жерде егіс алқабында орналасқан. Жергілікті тұрғындар қазіргі Алтынқорғанды бұрыңғы үлкен қорғанның ішіндегі бекініс деп есептейді.
Заманында қаланы биік әрі қалың етіп саз кесектен соғылған қорған күзет мұнараларымен бекіністелген. Бекініс түгелімен су толтырылған және тереңдігі адам бойынан терең болатын ор қоршап тұрған. Қожанияз, Алтынқорған, Күмісқорған және Мыңшоқы асарлары Ақмешіт пен Қуаңдария арасында қазақ ауылдарына билік жүргізу мақсатында салынған.
Қорғанның Алтынқорған аталу себебі Жаңадария өзенінің қос жағалауындағы бекініс-қорғандардың бастысы болған. Кезінде қабырғалары биік, төртбұрышты, айналасында қарауыл мұнаралары бар, бірнеше гектарға созылған қорған орнын 1960 жылдары инженерлік жүйемен егіс алқабына тегістеліп кеткен. Үлкен қорғанның ішкі бекінісінің қазіргі өлшемі – 60х60 метр, қабырғаларының биіктігі – 3 метр, қорған айналдыра тереңдігі 1,5 метр ормен қоршалған. Ор іздерінің ені – 10 метр. Қорған қабырғалары ыза судың салдарынан шөгіп кеткен.
1830 жылы Хиуа, Қоқан хандықтарына қарсы Бұқарбай, Тоғанас, Түлкібай батырлар бастаған көтерілісінде Күмісқорған бекінісін алған кезде қасындағы Алтынқорған туралы ештеңе айтылмайды. 1852 жылдың 7 тамызында орыс армиясының полковнигі И.Бларамберг Күмісқорған бекінісін қиратқаны жөніндегі деректе де Алтынқорған туралы мәлімет кездеспейді. Сол себепті бұл бекініс ол оқиғаға дейін өмір сүруін тоқтатқан деп білеміз.
Шымбай жолы
Шымбай жолы – Сырдария өзенінің сол жағалауында, Жаңадария өзені бойымен өтетін ескі керуен жолы. Бұл жол ежелгі Жібекжолының бір тармағының ізін басып жатыр. Шымбай жолы Қарақалпақстандағы Шымбай қаласының атауымен қалыптасып, Қызылорда қаласы 1925-1929 жылдары аралығында Қазақстанның астанасы болған кезіңінде пайда болған дромоним.
Сол жылдары Қарақалпақ автономиялы облыс ретінде Қазақ АССР-ның құрамында болғаны мәлім. 1928 жылы Қызылорда округі құрамында Аламесек ауданы құрылады. Шымбай жолы осы Аламесек арқылы қарақалпақтың Тақтакөпір, Қараөзек, Шымбай қалаларын жалғады. Тоғыз жолдың торабында тұрған Шымбай қаласы арқылы Нүкіс, Мойнақ, Қоңырат, Тамды, тағы да басқа қалаларына ұласты.
Қарақалпақ облысынан астанамызға қарай Шымбай жолы Аламесек үстімен өтті. Одан соң Көтібар мұнарасы іргесімен Сырдария өзенінің Александровск (қазіргі Талсуат ауылы) елді мекені тұсында сал өткелі арқылы Қызылорда қаласының батыс қақпасынан кіретін болған. Осы жолмен Қызылорда қаласына кірген көше аты Шымбай көшесі атанады. Ал қаланың батыс ауданы болса, уақыт өте келе Шымбай шағын аудан болып бекітіледі.
Шынаркөл
Шынаркөл – Сырдария өзенінің оң жақ аңғарында, Мөрәлі ауылының батыс теріскейінде 2 шақырым жердегі көл атауы. Кісі есімінен туындаған лимноним.
Көл Бұқарбай батыр Естекбайұлының жары Шынар Өтебайқызы есімімен қойылған. Шынаркөлдің көне атауы – Иіркөл.
Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдық мерейтойына орай 2012 жылы көлдің шығыс жағалауындағы Шынардың құлап қалған кесенесінің жанына зәулім ескерткіш орнатылды.
Сыр елінде Бұқарбай батырдың есімімен қатар Шынар ананың аты қоса аталып, біраз әңгімелерге арқау болады. Наурыз Жаппастан тараған Арқай бидің баласы Өтебастан Толыбай мен Шынар туады. Ол жасынан қонақ күтіп, елдің салт-дәстүрінен мол хабардар болып өседі. Оны ел аузындағы аңызға айналған әңгімелердің өзі-ақ аңғартады. Солардың бірінде Арқадан келген Шұбыртпалы Ағыбай, хан тұқымы Наурызбай және сырбойылық Бұқарбай батырлар кездесіп, қыз хақында сөз қағысуы, үшеуіне де Шынар қыздың берген жауабы да әртүрлі айтылып жүр. Дегенмен бәрінің мазмұн-мәні батырлардың Шынар қызға сөз салуы болып табылады. Сонда Бұқарбай батыр оларға қарап тұрып:
Қастасқан жауға қадалдым,
Қадалған жерден қан алдым.
Қан алмадым, жан алдым,
Шынар қызды ендеше,
Сендер емес, мен алдым, – деп дауды бір-ақ шешкен деседі. Ақылына көркі сай Шынар қызбен Бұқарбай батыр қосылып, Көтібар, Алданазар, Зылиха атты үш перзентті болыпты.
Қастасып жүрген бір батыр «Бұқарбай ауылында жоқ» дегенді естіп, «ауылды шауып, Шынарды байлап әкеліңдер» деп жігіттеріне тапсырма беріпті. Күйеуін күтіп жол қарап тұрғанда Күміс асардың арқа бетінен шаң көрінеді. Бұлардың жау екенін біліп, ауылға қарай шабады.
«Кім едіңдер» дегенде олар «бізге Бұқарбайдың жары Шынар керек» депті. Сонда Шынар ана «мен» деп оларға қарсы беттейді. Аяқ-қолы байлаудағы Шынар ана:
… Көбігі көкке шашылған,
Көлдерім саған не жазды?
Тыныштыққа бөленген,
Түндерім саған не жазды? – деп зарлапты.
Қарсыласқан Шынарды найзамен түйреп тастайды. Өлім мен өмірдің ортасында жатқан Шынарды жау жағы көлге апарып тастап кетеді. Біраз уақыттан кейін есін жиып, жағаға шығып, үйіне қарай жылжи отырып, балаларының атын атап шақырып, қайтыс болған деседі.
Көл жағасында өмірден өткен Шынар ананы арулап, осы көл жағасына жерлейді. Міне, содан бері көл «Шынар көл» деп аталатын.
Балтажарған
Балтажарған – Қараөзек өзенінің сол жағалауындағы көл, өзек, шабындық, бөгет және ауқымды жер атауы. Жер көлемі өзек бойына он шақырымдай созылған. Көл аумағы – 40 гектар.
Бұл атау, балта ағаш шабатын, сабы бар, жүзі өткір темір құрал, қару (зат есім) және жарған (етістіктің есімшелі тұлғасы) деген сөздердің бірігуінен құралған топоним.
Жергілікті тұрғындардан жетіп отырған әңгіме бойынша кіші жүз Өмірқұл Табын руынан шыққан Қайқы батыр Ұзақұлы (1845-1918 жж.) су дауы үстінде Қасқаның бөгетін балтамен шауып, суды жығып жібергендіктен қалыптасқан атау. Яғни балтажарған «балта құрал-қаруымен бөгетті жығу, жару» нәтижесінен туындаған атау деуге негіз бар.
Марат Шөмекей,
аудандық музейдің
ғылыми қызметкері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!