Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Сенбі, 05 қазан, 18:50

Интернет сапасы сын көтермейді

25.06.2024

303

0

Бүгінгі таңда интернет біздің күнделікті өмірімізде маңызды рөл атқарады, онлайн қызметтерге, білім, медицина және экономика салаларын цифрландыруға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Алайда соңғы уақытта интернет, ұялы байланыс сапасына, жалпы байланыс саласы бойынша Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға халықтың көңілі толмайтыны жасырын емес. Ауылдық елді мекен түгілі қалалық жерде тұратын азаматтарымыз да байланыс сапасына жиі шағым айтатын болды. Ай сайын тек ұялы телефонға 5-20 мың теңге арасында қаражат жұмсап, бірақ сапалы байланысқа қол жеткізе алмау кімнің де болса ызасын келтіретіні анық.

Жапонияны артта
қалдырдық па?

Иә, Үкімет аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін қаншама бағдар­ламаларды, жобаларды жүзеге асырып жатыр. Нәтиже жоқ емес, бар. Мәселен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің экс-министрі Бағдат Мусин Қазақстан интернет же­лісінің жылдамдығы бойынша дамы­ған Жапония секілді мемлекеттен әл­де­қайда озып кеткенін айтқан бо­ла­тын. Әрине мұндай салыстыруға қара­па­йым халықтың сене қоюы қиын. Шыны ке­рек, сөз бен істің алшақтығы бай­қалады. Осыған орай жақында салада кадрлық реформа орын алды. Салаға жаңа министр тағайындалды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мадиевтың мәліметінше, халық­­аралық деректерге сәйкес, елі­мізде интернет қолданатын халық­тың үлесі – дамыған елдермен дең­гейлес. Бүгінде әлемде интернетті тұтынудың қарқынды өсуі байқалады. Қазақстанда 2020 жылға қарағанда трафиктің өсуі 61,5 ға, ал абоненттер саны 12,9 ға өскен.
Ал «Speedtest Ookla-ның биылғы жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес, Қа­зақстан 43,6 Мбит/с орташа интер­нет жылдамдығымен 66 орында, яғни Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан ел­дерін артта қалдырған. Әрине, Ас­тана, Алматы қалаларында интернет сапасы жоғары болар, бірақ Қазақстан тек бұл екі қаламен шектелмейді ғой. Қалған облыстар, ондағы ауылдық елді ме­кен­дердегі байланыс сапасы нашар екені айтпасақ та белгілі. Тіпті сапасыз интернет түгілі мобильді байланысы жоқ ауылдар да бар. Осыны көре отырып, «біз Жапонияны қалай артта қалдырдық деген?» сұрақ туындайды.

5 айда 11 мың
шағым түскен

Тек өткен жылдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түскен, биылғы жылғы 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтаған.

Халықтың аталған мәселе бойынша наразылығының артуына байланысты Министрлікте байланыс саласында туындайтын мәселелерді тұрақты түрде қадағалап, оны шешу мақсатында Же­дел штаб құрылған. Штаб құрамына Ми­нистрліктің, жергілікті атқарушы ор­ган­дардың және байланыс опера­торларының өкілдері кіреді. Қосымша шара ретінде Министрлік Ұлттық қауіп­­сіздік комитетімен келісе отырып, мем­ле­кеттік мекемелерде базалық стан­­салар орнатуға рұқсат беретін заң­ға тәуелді актілерге өзгерістер енгізілуде.

Қазақстан халқын сапалы байла­ныспен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Осы ретте бар­лық іс-шараларды орындау нәтиже­сінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100 пайызға жетеді.

– Операторлардың әдетке айнал­дырған тарифтер құнын ұлғайту мәселесі жеке назарды талап етеді. Бә­секелестікті дамыту мақсатында бай­­ланыс қызметтерінің тарифтерін мем­лекеттік реттеу алып тасталғаны белгілі. Бәсекелестік қана бас реттеуші болуға тиіс. Алайда әзірге бұл бай­қалмай отыр – операторлардың барлығында бағалар шамамен бір­дей. Бұдан басқа Салық кодексінің шеңберінде опе­ра­торлар үшін радиожиілікті спектрге 90 пайыз мөлшерінде жеңілдік көз­дел­ген. Осы ретте операторлар лицен­зия­лық міндеттемелерге сәйкес үнем­­­­делген қаражатты байланыс ин­фра­­құрылымын дамытуға инвес­ти­ция­лау тиіс. Сондықтан Министрлік мо­но­полияға қарсы органмен бірлесіп операторлардың өз міндеттемелерін то­лыққанды орындауын және бағалық сөзбайласу мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді қамтамасыз етуі қажет, – деп мәлімдеді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Айта кетейік, елде 2020 жылға қарағанда трафиктің өсуі 61,5 пайызға, абоненттер саны 12,9 пайызға өскен.

1 424 ауылда мобильді интернет байланысы жоқ

Министрліктің айтуынша, жалпы елі­мізде 6 290 ауыл бар, оның ішінде сымды интернет бойынша оптика 2 606 ауылға жеткізілген. Мобильді интернет 4 866 ауылда қолжетімді. Қолданыстағы салықтық жеңілдіктер аясында был­тыр 1 161 ауыл 4G технологиясына қо­­сылған. Бүгінгі таңда 1 424 ауыл мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Соған байланысты байланыс операторларын ынталандыру мақса­тында Министрлік жаңа Салық ко­дек­сіне радиожиілік спектрі бойынша салықтық жеңілдіктерді ұзартуды және төлем мөлшерлемесін өзгертуді ұсын­ған. Осылайша, байланыс опера­тор­ларының лицензиялық міндет­темеле­рінде 1 076 ауылды интернетпен қам­­­­та­масыз ету көзделген.

Қазіргі уақытта 3 684 ауылда опти­калық байланыс желісі жоқ. Алайда Ұлттық жоба шеңберінде мемле­кет­тік-жекешелік әріптестік тетігі ар­қылы 3 010 ауылға дейін оптикалық бай­ланыс желісі жеткізіледі. Байланыс же­лілері тұтынушыға қолжетімсіз жер­лерде шағын және орта байланыс опе­раторларының күрделі қаржы шы­ындарының 50 пайызын субсидиялау тетігі қолданылады. Аталған жоба­лар­дың қорытындысы бойынша 2,4 млн адам интернетке қол жеткізеді деп күтілуде. Жобалар байланыс опера­тор­ларынан 340 млрд теңгеден астам кө­лемде жеке инвестиция тартуды көздейді.

Сыр жұрты 5G-ге
қашан қосылады?

Қазір Қызылорда облысындағы 230 ауылдық елді мекеннің 213-і мобильді байланыспен қамтамасыз етілген. Қал­ған 17-сіне «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін интернет жеткізу жоспарлануда.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі минис­трлі­гінің мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында өңірдің 73 ауылдық елді ме­­кенінің мемлекеттік органдарына тал­шықты-оптикалық байланыс желі­сін тарту толығымен аяқталған. Мұ­нан бө­лек 64 ауыл әкімдігі, 72 білім беру меке­месі және 69 медициналық мекеме желіге қосылған.

Мобильді интернеттің сапасын арт­тыру мақсатында облыс орталы­ғында Kcell операторының 5G стандар­тындағы 16 базалық стансасы, Tele2 байланыс операторының 7 нүктесі жұ­мыс жасауда. Жыл соңына дейін 33 базалық станса орнатылады.

Биыл «КаР-Тел» компаниясы 10 ауыл­дық елді мекенге базалық станция салуды жоспарлауда. Мұнан бөлек «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына 9 антенна-діңгек орнатылмақ. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұ­­мыстары үшін бюджеттік өтінім бе­ріліп, аудан әкімдіктері жер телім­дерін бөлген.

5G-дің 1 144 стансалық
базасы орнатылған

Еліміздің орталық қалаларында 5G технологиясы жиі айтыла бастады. Астана мен Алматы, Шымкент қа­ла­ларының тұрғындары 5G технологиясы бойынша интернетті пайдаланғысы ке­летінін ашық айтуда. Өйткені уақыт басқа өтетін мұндай үлкен қалаларда 4G технологиясы баяу көрінеді. Осы ретте Кселл және Теле2-мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 5G техно­ло­гиясын одан әрі дамытуға қатысты жұмыстар жалғасын таппақ. Бүгінгі таңда 20 қалада 1 144 базалық стан­са орнатылыпты. Мемлекет бас­шы­­сы­ның тапсырмасына сәйкес 5G ұялы бай­ланысын енгізу 2025 жылдың соңы­­на дейін аяқталуы тиіс. 2027 жыл­дың соңына дейін байланыс оператор­ла­ры­ның салаға салатын инвестиция кө­­лемі 450 млрд теңгеден асатын болады.

Министрдің мәлімдеуінше, қала­лар­ды жоғары сапалы интернет пен ұялы байланыс желісімен қамтамасыз ету шеңберінде Министрліктің техникалық мамандары байланыс сапасына өл­шеу жүргізіп, нәтижесінде, байланыс са­пасы төмен орындар анықталады. Одан соң Министрлік әкімдіктер және ұялы байланыс операторларымен бір­лесіп, байланыс сапасы төмен орын­дар бойынша жұмыс жүргізеді. Аталған жұмыс еліміздің қалаларында бай­ла­ныс сапасын жақсарту мәселесі бойын­ша жалғасады.

Сондай-ақ Voice over Wi-Fi (VoWiFi) технологиясын іске қосу мәселесі де қарастырылуда, бұл – дауыстық қоңыраулар дәстүрлі ұялы желілердің орнына Wi-Fi желілері арқылы жасауға мүмкіндік беретін технология. VoWiFi радио сигнал өтпейтін, бірақ Wi-Fi бар жерасты паркингтері немесе ғимараттарда, ұялы байланыс желісі нашар жерлерде жақсы байланыс сапасын қамтамасыз ете алады.

1 485 мектеп SpaceX-тің
ГЕСО технологиясына қосылған

Бүгінде білім алуда интернеттің алатын орны бөлек. Жаңа техно­ло­гия­лар дамыған 21 ғасырда жедел ақпарат алмасу маңызды. Осы ретте әсіресе ауылда тұратын мұғалімдер мен оқу­шылар интернет сапасына жиі көңілі тол­май жатады. Қажетті ақпаратты алу, бір-бірімен алмасу, жеткізуге жо­ғары жылдамдықты интернеттің ке­регі белгілі. Осы олқылықтарды жою­да Үкімет 1 883 мектептің 1 485-ін SpaceX-тің ГЕСО технологияларын пай­да­ланып, пилоттық жоба аясында интернетке қосылған.

Елді мекендерден тыс жол бойын­дағы жолаушыларға да сапалы бай­ланыс керек. Министрлік ол үшін рес­публикалық автожолдарды мобиль­ді интернетпен қамтамасыз ету үшін тиісті цифрлық инфрақұрылым қа­жет еке­нін айтады. Бүгінде жұмыстар бас­талған, әкімдіктермен 243 антенна-дің­гекті құрылыс республикалық жол­дар бойынша жобалау-сметалық құжат­тама әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. АДҚ құрылысы 2025-2026 жылдарға жоспарланған.

Сыртқы саясаттағы
маңызды бағыт

Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетімен жүргізілген талқылау және келісу шеңберінде біз төтенше жағ­дайларды жою кезінде интернетке қол жеткізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің қажеттіліктеріне пи­лот­тық жобаны кеңейту жоспарланған. Цифрлық Жібек жолын дамыту және Қазақстанды өңірлік цифрлық хабқа айналдыру үшін Ұлттық жоба шең­берінде бірнеше іс-шараны іске асыру көзделген. Біріншісі ұзындығы 370 ша­қырым болатын Каспий теңізінің түбіне оптика төсеу болмақ. Екі елдің байланыс операторларының инвес­тициялары 23 млрд теңгеден асады. Бүгінде «Қазақтелеком» мен «Әзер­телеком» арасында бірлескен кәсіп­орын құрылған және су астындағы тал­шықты оптикалық байланыс желісін жобалау және төсеу үшін мердігерді таңдау бойынша тендер аяқталуда.

Екіншісі – Қазақстан аумағы бойын­ша транзиттік трафикті ұлғай­туды көз­дейтін Батыс-Шығыс Ұлттық ги­пермагистралінің құрылысы. Ал үшіншісі – транзит пен халықаралық трафикті сақтау үшін Tier III деңгейінен төмен емес деректер орталығын салу. Осы екі жоба бойынша Үкімет Freedom telecom-нан ұсыныс түскен. Гипермагистральға жеке инвестиция көлемі 17 млрд теңгеден асады, іске асыру мерзімі келер жылдың соңына дейін, ал деректер орталығының құ­ры­лысына тартылатын инвестиция көлемі 90 млрд теңгеден асады, 2027 жылы жоба толықтай аяқталады. Осы­лайша, жоғарыда аталған жоба­ларды іске асыру деректердің халық­аралық транзитінің баламалы бағытын және ел нарығына BigTech, Google, Amazon, Microsoft секілді компанияларын тартуды қамтамасыз етеді. Айта кету керек, осы 3 жобаны операторлар өз қаражаты есебінен қаржыландырады.

Түйін: Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнер­кәсібі ми­­нистрлігіне жаңадан кел­ген министр байланыс желісін, жаңа технология­ларды дамыту және байланыс са­пасын жақсарту бойын­ша маңызды жос­парлар құрып, операторлардың ал­дына алдағы жылдары шешуге тиіс міндеттер қойып отыр. Енді соның орын­далуы маңызды. Уақыт көр­сетеді…

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: