Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 11:48

Сәкеннің Сталинге хат жазғаны рас па?

17.09.2024

1557

0

Тарих ғылымының кандидаты Жұмажан Сүлейменнің «Сәкеннің Сталинге хаты» атты мақаласы «Ақиқат» журналында үш айдан бері «салтанат» құрды. Автор: – Ерте ме, кеш пе, жарияланбай қалмайтын бұл хат – төл тарихымыздың бір қызық дерегі. Төменде алғаш рет баспа бетін көргелі отырған Сәкен Сейфуллиннің Сталинге жазған бізге белгілі жалғыз хаты, – деп бастайды. Неге алғаш рет? Бұл хат 2007 жылы «Алаш қозғалысы» деген кітапқа, одан кейін де бір-екі жинаққа енген. Ғылыми ортада неше мәрте талданған. Сонда ғалымдар құрастырған кітапты ғалым оқымаған ба?

Алғашқыда осындай ойға кел­дім. Ма­қаланы «Ақиқат» жур­налының сай­ты деген сілтеме ар­қылы Facebook желісінен оқы­­ған болатынмын. Авто­рын жы­ға танымадым. «Сәкеннің Ста­­линге жазған хатын» кө­шіріп алдым да маған белгісіз ав­торды іздестіре бастадым. Ға­лам­­тордағы нұсқада ав­торы Жұмажан Сүлеймен, Қазақ­стан Республикасы Президенті архивінің қыз­мет­кері, тарих ғы­лымының кандидаты деп жа­зылған. Сол бойынша Қазақстан Рес­публикасы Президенті ар­хи­віне хабар­ластым. Архив қыз­меткерлері «Ақиқат» журналына шық­­қан мақаладан хабардар екен. Олар менің Жұмажан Сү­лей­мен мыр­­заны іздегенімді естіп таң қалды. Ай­ту­­ларынша, ол кісі біршама уақыт бұ­рын бақилық болыпты. 1997 жылдан кейін ҚР Президенті архивінде қызмет істе­мегенін біліп, мен де қайран қал­­дым. Себебі ғаламтордағы нұсқада автордың өмірден өтіп кеткенін білдіретін еш белгі жоқ еді.
Бұдан кейін журнал қолыма тиді. Әй­теуір онда ав­тордың бақилық жан екенін көр­се­тіп, қоршауға алыпты. Әрі қолжаз­­баның бір-екі тұсын сурет­ке тү­сіріп ба­сыпты. Тек мақаланы Ж.Сүлейменнің қай уа­қытта жаз­ғаны жайлы дерек жоқ. Қа­­зіргі уақытта оқыр­ман­ның көбі сайттардан оқи­тынын ес­кер­сек, талай адам «көзі тірі» Ж.Сүлейменнің «жаңа­лығын» тү­сіне ал­май мен секілді іздеп жүр­ген болар. Іле-шала мақа­ланы «Жас Алаш» газеті көшіріп басты. «Ақи­қат» жур­налы мен «Жас Алаш» газетіне сіл­те­ме жасап, әлеу­меттік же­лілер жа­ры­са шу­лады. Мың­даған пікір «Алаш­орда азаматтарын жамандапты» деп С.Сей­фуллинді жерден алып, жерге салды. Аталған хат жайлы соңғы жылдары жиі ай­тылып кеткендіктен, бірте-бір­те күмәнді тұстары өзінен-өзі шыға бастады. Соның ізімен Ал­маты қаласындағы Қазақстан Рес­­публикасы Президенті ар­хи­віне бардым. Мұрағат қыз­мет­­керлері сұраған құжатты ұзат­пай тауып берді. Ф.811, Он.,24, Д 243. деп нөмірленген пап­каның 7-17 беттерінде тұрған «Сәкеннің Сталинге жазған ха­ты» Ж.Сүлеймен жазғандай еш­қандай кең­селік тіркеу белгілері қойылмаған, ма­шин­камен ба­сыл­ған он беттік фото­кө­шірме екен. Сәкеннің қолы жоқ. Бірақ «Ақиқат» журналы «хаттың» соңына С.Сей­фуллиннің қолы деп белгі қойған («Жас Алаш та» да солай). Мұны қалай тү­сі­нуге болады? Сәкен үшін редакция қол қойған ба? Осы хатты архивтен көр­дім деп соғатындардың қарасы көп еді. Анығында «Лист ис­­поль­зо­вания единиц хра­нения 811-­24-243» парақшасында 19.­08.1983ж. Қозыбаев, 22.01.­1997ж. Ж.Сү­лей­менов, 09.02.2005ж. Грибанова (ша­ма­сы баяндау хатты 2007 жылы «Алаш қоз­ғалысы» жинағына осы ғалым енгізсе керек), 18.05.2016 ж. А.Тулетбеков де­ген ғалымдардың ғана 811-ші қор­дағы «Сә­кеннің хатын» (7-17 б.) қарағаны туралы кеңселік бел­гілер мен қолдары тұр. Пап­кадағы нақты қай беттерді қа­рағаны жайлы жазбаған тағы екі-үш адамның қолы бар. Қал­ған бес-алты адам басқа де­рек­терді оқыпты. Баяндау хат пен тіркеу парақшасының кө­шір­месін түсіртіп алдым. Енді аталған баяндау хаттың күмәнді тұстарына назар аударайық.

Бірінші, хат 1925 жылы 22 мамырда жазылған деген болжам жасалған. «…Сәкен Сейфуллин 1925 жылдың 25 мамырында Сталиннің қа­был­дауында болған. Тіркеу тізіміне «быв.пред. Совнаркома Киргизии» деп қағазға түскен. Екеуара қандай мәселе қозғалғанын дөп басып айту қиын. Сәуегейлік жасау абырой әпере қоймас. Про­фессор З.Тайшыбай жаз­ғандай, 25 мамырда Сталиннің қабыл­дауында бол­ған адам 22 мамыр күні Қазақстанда оты­рып баяндағандай осынша ұзақ хат жаза ма? Екінші, «Хаттың біздің архив­тегі нұс­қасында Сталиннің оны оқыған-оқы­ма­ғандығы жөнінде белгісі жоқ. Әдетте қойылатын кеңселік тіркеу белгілері қойыл­маған.» (Ж.С). Тіркелмеген құжат айғақ па? Үшінші, баяндау хатта тек «киргизия» деген атау қолданылады. Бізде 1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте өткен Қазақ Советтерінің V съезінде Қырғыз АССР-ын Қа­зақ АССР деп өзгертуге шешім қа­былданған. Қырғыз деген атауға әубастан қарсы болып, «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп «Еңбекші қазаққа» тоғыз мәрте мақала жазған С.Сейфуллин, Қазақ атымыз қайтарылған тұста неге бастан-аяқ «киргизия» деп көсілген? Төртінші, бұл хаттың екі фотокөшірмесі Астанадағы С.Сей­фуллин мұражайында бар. Архивтегі нұсқамен қосқанда үшеуінің машинкаға басылуы, хаттың ресми адрестері мен соңғы автор жайлы қысқаша мәлімет үш түрлі. Бірдей көшірмелер емес. Үшеуі де Сталинге жазылғанымен үшеуінде де Сә­кеннің қолы жоқ. Бейне бір үш Сталин болып, соларға үш Сәкен хат жазған секілді. Хат бір адамның атына жазылғандықтан съезге дайындалған тезис деуге де келмейді (Сәкен 1925 ж мамыр айында Мәскеуде екі съезге қатысқан). Бесінші, хатта нақтылық пен жинақылық жоқ. Сәкендей үкімет басқарған сауатты адам­ның осынша көпірме бос сөздің генсекке түкке керегі жоқ екенін білмеуі мүм­кін емес. Сталинге қырғыздар мені ақын деп мойындамайды деп мұң шаққан тұс­тары тіпті қисынсыз. Алтыншы, бұл хат жайлы Сәкен өз еңбектерінде неге жазбаған? Жетінші, ең негізгісі! Жақында Мәскеудегі мұрағаттардың бірінен Сәкен­нің Сталинге 12.07.1923 жылы өз қолымен жазған қызметтік хаты табылды. Бір қызығы, бұрын белгісіз болған хатта Сәкен Сталинге бұған дейін хат жазбағаны жайлы айтады. Ал 1925 жылғы хатта Сәкен Сталинге тағы да бірінші рет хат жазып отырмын дейді мыс. Мұны «Ал бұған дейін Сталинге ештеңе жазбағанын Сәкен өзі жазады» деп Ж.Сүлеймен де растаған. Сонда Сәкен екі жылдан соң Сталинге қай­тадан «сізге бірінші рет хат жазып отыр­мын» деп баяндаған ба? Жалпы хат­тың осы секілді қисынсыз тұстары жетер­лік.
1923 жылғы қызметік хат Үкімет тө­рағасының арнайы бланкісіне Сә­кен­­нің өз қолымен жазылған. 1925 жылғы баяндау хат машинкаға ба­сылған. Ешқайда тір­келмеген, қол қойылмаған. Жобасы арнайы дайын­далған фальсификацияға ұқсайды. Олай дейтін себебім С.Сейфуллинге қатысты басқа да фальсификациялар бар. Бір құжатта Сәкен 25.02.1938 жылы атылды десе, екіншісінде 09.10.1939 жылы қаза тапты деп берілген. Сол сияқты Сәкенді тергеу кезіндегі хаттамаларда да сәйкес келмейтін екі түрлі мәлімдеме бар (Т.Кәкішев «Сәкеннің соты» 1994 ж «Баспагер» бас). Бәрі де архивтен алынған құжаттар. Ал қайсысына сенуіміз керек?
Қазақ зиялыларының арасына сына қағу үшін НКВД не жасамады? Мұрағат қызметкерлері фотокөшірменің қашан, қалай келгені жөнінде еш мәлімет таппады. Соңындағы сілтемелер ар­қылы Мәскеу мұрағатарынан іздес­тіріп едік, ол жақтан да шықпады. С.Мұқанов «Есею жылдарында» «Марк­сизм-ленинизм институтынан та­­был­ды» деп 1925 жылғы хаттан үзінді кел­тірген. Ж.Сүлейменнің аудар­масымен сөзбе-сөз келмесе де, мағыналас. Бірақ таратып жазбаған. Академик, сәкентанушы Т.Кәкішев ағамыз да еңбектерінде бұған қысқаша ғана тоқталған. Соған қарағанда әйгілі жазушы да, әйгілі ғалым да хаттың күмәнді тұстары көп болғандықтан, ін­дет­пеген секілді. Сәбең мен Тұрсекең Мәс­кеуден көрген түпнұсқаның қайда екені белгісіз. Ал С.Сейфуллин мұражайына фотокөшірмелерді 1989 жылы Тұрсынбек Кәкішұлы тапсы­рыпты. Соған қарағанда Мәскеудегі түпнұсқаның нақ көшірмесі не тіркеу белгісі не Сәкеннің қолы жоқ мұражайдағы нұсқа болу керек.
Өз басым 1923 жылғы хат табылғанға дейін 1925 жылғы хатты жоққа шығарған емеспін. Айтулы ғалымдар құрастырған жинақтардың бірінен соң біріне «жөңкіліп» жүрсе қалай жоққа шығарасың? Ол жө­нінде «Арыстарға атылған оқ аз ба еді?» (Әдебиет порталы 22.11.2017 ж) деген мақаламда жаздым. Баяндау хатта Сәкен «оңшылдар» жайлы ащылау жазады. Қазақстандағы хал-жайды баян­дайды. Мен­дешовтің орысшыл екенін, өзінің академияда білімін жетілдіргісі ке­­летінін мә­лімдейді. Бірақ Сталиннен «аталған адам­дарды түгел түрмеге тығы­ңыз, бол­маса ату жазасына кесіңіз» де­гендей ауыр жаза сұрамайды. Тек құр­ғырдың «донос» деген аты жаман. Көңіл шіркін көрнекті тұлғаны ондай ұсақ тірлікке қимай жүргенде 1923 жылғы хаттың табыла кеткенін қараңызшы! Енді міне, баяндау хаттың жалған екеніне дәлелдер жеткілікті емес пе.
Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде еңбекші халық жағына шығып, сол ұстанымынан айнымай, кедейдің көсегесін көгертемін деп өткен ақынды кінәлау – әділетсіздік. Ақ пен қызылдың айқасқан заманында, идеялық, таптық тартыстар ке­зеңінде не болмады, не айтылмады? Ака­демик М.Қозыбаевтің мына бір тұжырымы соған айқын дәлел. «Алаш» жетекшілерінің 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі позициясын Тұрар, Сәкен т.б түсінбеді деп кінәлау қиын. Тұрар, Сәкен, Бейімбет дүркірей кө­те­рілген қалың халықпен болды, оның трагедиясын көзімен көрді. Олар отар­шылыққа қарсы шыққан қалың елмен болды. Ол большевиктік үгіттің нәтижесі емес еді. Ол атадан балаға мұра болған жол еді. Ал Қазан төңкерісінен кейін Ресей қоғамы екіге бөлініп, екіұдай атысып, шабысып жатқан уақытта әділдік тек ақтар жағында болды деп айту қиын. Егер Ан­ненков келіп, орыс-қазағын қырып, әйелін қорлап, қызын зорлап, малын тартып қан­жығалап жатса, ал «Алаш» осы Каледин мен Колчакпен бірлесіп жатса, Колчактың ажал вагонында отырған Сәкен қалай оларды аялауы керек? Ендеше біз өткенді саралағанда диалектикалық өлшеммен қарағанымыз абзал. Сөз жоқ, Алаш ұс­танған реформалық бағыт стратегиялық жа­ғынан дұрыс. Оны тарих көрсетті. Бі­рақ сол дәуір оны дәлелдей алмады…» («Ғасыр қасіретін арқалаған арыстар». М.Қозы­баев, академик. «Егемен Қазақстан», №125 12.08.1994 ж).
Расында Анненков тек больше­вик­термен күрескен жоқ, асқан қа­ты­гездікпен қазақтың бала-ша­ғасына дейін көлікпен таптап, бай­­лығын тонаумен айналысты. Сол лаңды көзімен көрген Сәкен бір ке­зең­­дерде онымен одақ­тас болған кейбір жандарға сақтықпен, сынмен қарағаны шындық. Бірақ ешкімге өлім тілемеді, кейін компартия қатарында көбімен қызметтес болды. 1917 жылы 2 қарашада большевиктер партиясының шы­ғыстың барлық мұсылман халықтарына үндеу жасап, езілген ұлттарға өзін-өзі билеу құқұғын береміз дегеніне тек Сейфул­лин емес, миллиондаған адам сенді. Аз ұлт­тарға шекара белгілеуге, автономия алуға мүмкіндік беріп жатса, қалай сен­бесін? Халықтың көсегесін көгертеміз деген ұранымыз оншақты жылдан кейін жалмауызға айналады деген жоқ кө­сем­дер. Әрі Сәкен мұздай құрсанған Кол­чактың өзін төңкеріп тастаған жүйеге қазақ қарсы тұра алмайтынын да түсінді. Кеңес үкіметі арқылы еліне бақыт әкелгісі келді. Бірте-бірте орталық алғашқы бағытынан ауытқып, отаршылдық саясат ұстана бас­тағанда Сәкен ұлт мүддесі жағына шық­ты. Партиялық тазалаудан өтті. 1924 жыл­дың соңынан бастап билікте болған жоқ. Өкінішке орай көп адам Сәкен өмір бойы басшылық қызметте істеп, сұра­пыл науқандарға атсалысқан деп қате тұжырым жасайды.
С.Мұқановтың «Өмір мектебінде» Сәкен мен Ілиястың тәркілеу мен колхоз­дастыруға үн қатпағаны үшін басшылар тарапынан қатаң сынға ұшы­ра­ғандары айтылады. Оның сырты ком­мунист, іші, ісі ұлттық сипатта екенін жо­ғарғы жақ сезбей қалған жоқ. Сол кезде Сәкенді сынаған қайраткерлердің бәрі оның нағыз коммунист емес, ұлтшыл екенін айтып, қаралаған. Ақыры ұлтжандылығы үшін атылып кете барды. Солай бола тұра ақынға күйе жағушылар күн санап кө­беюде. Сәкентанушы ф.ғ.д, профессор Т.Кәкішұлы, академик С.Қирабаев, ф.ғ.д. К.Ахметова, т.ғ.д. М.Абсеметов, ҰҚК құр­метті зейнеткері, жазушы-журна­лист А.Кә­кен сынды ғалымдар архив де­рек­те­рінде Сәкеннің біреуді қаралап көрсет­кені жайлы бірде-бір құжат жоқ екенін сан мәрте жазды, айтты. Бірақ бүкіл орманды өр­теуге бір шырпы жететін секілді, «Ақи­қат» пен «Жас Алашта» жарияланған осы бір күмәнді «хат» қоғамда Сәкенге деген әділетсіз пікірлерді өршітіп жі­бер­ді. Оларға сілтеме жасап, «Сталин жолдас, Алашорда әлі де қауіпті» деген та­қырыппен отқа май құйғандар шықты. Кейбір өлермен пікірлерді оқығанда, жүз мың­нан аса зиялымызды ұстатып, жиырма бес мыңдайын атқызып жіберген өзіміз екеніне шүбәланбайсың. Оған дейін де Сейфуллин қазақты қазақ бас­қара алмайды деп «баяндау хат» жазып Голощекинді алдырған деген жала жа­был­ған болатын. Ал ф.ғ.к. С.Әсіповтің 2002 жылы жазылған «Біз білмей келген шын­дық аз емес» (2.07.2012 ж Е.Қ) атты мақаласында 1920 жылы қазақты қазақ басқара алмайды деп мүлде басқа қай­раткерлер айтқаны жайлы жазады. 1930 жылы 4 қазанда «Советская степь» газетіне шыққан С.Пестковскийдің Қазрев­комның құрылуы жайлы естелігіне сілтеме жасайды. Қазревкомға төрағалыққа қа­лайда Ә.Жангелдинді сайлатпау үшін, «қазақты қазақ басқара алмайды» деп табандылық танытып, айдаладағы поляк С.Пестковскийді сайлаттырған қазақ қай­раткерлерінің әрекеті ел ішінде бұрын­нан айтылатын. Бұл кезде Сәкен «азап вагонынан» кейін сүзекке ұрынып ажал аузында жатқан. Енді сөз төркіні қайдан шыққанын бағамдай беріңіз. Сол сүреңсіз әң­гіменің желісімен ғаламторда түрлі ро­ликтер қаптап кетті. Әсіресе жастар жа­ғында Сәкен Сталинге хат жазудан басқа түк бітірмеген деген түсінік қалыптаса бастады. Сондықтан мемлекет және қо­ғам қайраткері, дауылпаз ақын, жазушы-драматург, публицист, әнші-сазгер, ұлы суреткер С.Сейфуллин атқарған ұлы іс­терге қысқаша тоқтала кеткен жөн болар.
Сәкен 1922-24 жылдары Совнарком төрағасы қызметін атқарды. Үкі­мет бас­шысы халық шаруашылығының, өнеркә­сіп­тің, экономиканың ілге­рі­­леуіне тікелей ықпал етті. 1923 жылы 22 қарашада кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу туралы дек­рет шығарды. Киргизия болып кеткен мем­лекетіміздің Қазақ деген тарихи атауын қайтаруға күш салды. Ұлтымыздың дінін, ділін, рухын көтеру мақсатында Яссауи кесенесін қалпына келтіруге қаржы бөл­ді. А.В.Затаевичке «Қа­зақтың 1000 ән­-­күйін» жинаттырды. Жер-жерден көп­­­­­те­ген мектептер аш­ты.
1922-1924 жылдары қазынаның тең жар­тысын білім саласына бөліп, қазақ жастарының тегін білім алуына мүмкіндік жасады. 1924 жылы қараша айында үкімет бас­­шысы қызметінен кеткеннен кейін бі­лім-ғы­лыммен, ағартушылық қызметпен айна­лысты. 1932 жылғы ашаршылық кезеңінде «Қызыл ат» поэмасын, «Біздің тұрмыс» дра­масын жазып, баспасөз беттерінде Голощекинге қарсы шықты. Кеңес үкіме­тінің мүшкіл халін жеткізді.
Ұлттың ұстазы деп А.Байтұр­сыновтың 50 жас мерейтойын өткізді. М.Жұмабаев түрмеден шыққанда көмек берді. Шәкәрім қажының кітабын шығарды. Ал ол кезде кеше ғана Алаштың көсемі болған Ахаңды, алаш сотының биі болған Шәкәрімді, алаш­шыл Мағжанды құрметтеу нағыз азаматтық, нағыз ерлік еді!
1931-1935 жылдары «Ескі әде­биет нұс­қалары», «Билер дәуірі әде­биеті», «Ба­тыр­лар жыры», «Ақан сері өлеңдері» жинақ­тарын, Шәкә­рімнің «Еңлік-Кебек» дастанын, Ы.Алтын­саринның, Ж.Жабаевтың, Ақмола өңірі ақындарының өлеңдерін кітап қылып бастырды. Қазақ әдебиеті та­рихын алғаш жазғандардың бірі болды. «Қазақ әдебиеті» оқулық-хрес­то­матиясын құрастырды.
Кәсіпқой театр өнерінің өркен­деуіне үлкен үлес қосты. Қазақстан Жазушылар ода­ғын құрды. 1936 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен қазақтың көркем өнері мен әдебиетінің он күндігінде көркемдік жағын басқарды. Баспа ісі мен журна­листиканың дамуына орасан үлес қосты. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Әде­биет пен мәде­ниетке қосқан үлесі ұшантеңіз! Өлеңдері қазақ поэзиясына жаңа форма әкелді, әндері ұлттың үніне айналды. Осынша қыруар істі С.Сей­фуллин не­бәрі 43 жасқа дейін жасап кеткен! 28 жасында үкіметті басқарған. Бір адам үшін аз еңбек пе? Жеке басының емес, ұлтының мүддесі үшін осылай тер төккен!
1974 жылы Т.Кәкішевке берген сұх­батында Ғ.Мүсірепов «қазір Сәкен анаған қарсы болды, мынаған қарсы болды» дейді ғой. Бұның көпшілігі Сәкеннің атымен жасалған істер» деген екен. («Тұғыры биік тұлға», 61- бет, «Үш қиян» баспасы 2002 ж). Демек, Алашты жеккөрінішті қылу үшін Кеңес үкіметі Сәкеннің атымен талай нәрсе жасаған. Солардың байыбына бармай жатып өсекке де, өлімге де оңай қия саламыз. Ол да ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе, өз жолының дұрыстығын дәлелдеу үшін кейде ұрандатып кеткен болар. Бірақ аяу­­сыз қатыгездікке барып, қолын қанға малған жері болса, сәкентанушылар жазар еді ғой.
Ақынды сөзге қалдырған «Тар жол, тайғақ кешу» романы да кейін бұр­маланып кеткен. Әйгілі шығарма жайлы пікірлер де әртүрлі. Алғашқы басылымында қоғам­дық-саяси өмірді, тарихи шындықты су­реттеген Сәкеннің «Алаш» қайраткерлерін қазақтың оқы­ған ақ жағалылары деп ба­ғалағанын біреу білсе, біреу білмейді. Ро­ман-эссенің даулы тұстарына жауап із­де­ген адам түпнұсқасын зерттеген ғалым К.Ахметованың «Ақиқаттың анасы – шын­дық» атты мақаласынан, «Тар жол, тай­ғақ кешудің» тағдыры» (Т.Кәкішұлы, К.Ах­ме­това) кітабынан таба алады. XX ғасыр басындағы тарихи оқиғалардың энцо­кло­педиялық анықтамасы іспетті ро­манда Әлекең бастаған алыптар жайлы мол де­ректер қалуының өзі ғылым үшін, әде­биет үшін үлкен олжа. Басқа да мағлұ­мат­тар жетерлік. Кітап жарық көрген кезде Алаш азаматтарының ешқайсысы Сәкенге мынауың өтірік деп жазбапты. Тек Н.Тө­­ре­­құлов «Еңбекші қазақ» газетінің 296 санында көркемдік жағын қатты сы­наған.
Жалпы шын ізденгендер қазақ зиялыла­рының қудалануының себе­бін «Тар жол­дан» гөрі А.Богачев, Н.Мартыненко, С.Брай­­­нин, Ш.Шапиро сынды тыңшы-жазу­шы­лардың еңбек­терінен, орталықтың құ­пия жоспарынан көбірек іздесе нәтижелі болар. Біз Кеңес үкіметі тұсында Сәкенді өзі­міз әсіре қызылшыл қылып алып, енді сонымен өзіміз алысып жүрген секілдіміз. Алашорда азаматтарымен арасына «қытай қорғанын» орна­тамыз, сыйластығы жайлы айтуға сараңбыз. Мысалы, Сәкен Ахаңның 50 жас мерейтойын өткізіп, «Еңбекші қа­зақ» газетіне үлкен мақала бергеннен кейін Ішкі істер халкомы Ә.Әйтиев ақынды Алаш­ордашы Байтұрсыновты дәріптеді деп баспасөз бетінде айыптайды. Бірақ Сәкен екінші рет «Степная правда» газетіне «Тағы да Ахаң туралы» деп Ахаңды ұлықтап мақала жазады. Ал бұл достық па, жаулық па? Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің «Сәкенді қызылдар жа­ғында, ал біздерді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізге қарағанда ұлтшыл еді» деген сөзін ескере бермейміз. Ғылымның мақсаты ақи­қатқа жету екені белгілі. Дегенмен айт­пағанды айтты деп, жазбағанды жазды деп «ақиқат» жасауға бола ма? Совет үкіметін орнатқандар да, «Алаш» та, «Үш жүз» де, М.Шоқай да өз жолдарымен халыққа қыз­мет етуге тырысты. Бұларға рушылдық, жер­шілдік принциппен емес, ұлттық прин­циппен қарауымыз қажет.
Қорта айтқанда, қоғамда дау ту­ғызған, еш жерде тіркелмеген «баян­дау хат» еш­теңеге айғақ бола ал­майды. Мұны фаль­сификация деме­ген­де не дерсің?!. «Алаш қозғалысы» (2007 ж), «Движение Алаш» сборник материалов судебных процессов над алашевцами» (2011ж, 2016 ж) атты жинақтардың бәрінде АПРК Ф.811, Он.,24, Д 243.Л. 7-17. Фотокопия» деп бір дереккөзіне сілтеме жасаған. Бірақ ешқайсысында құ­жаттың кеңселік тіркеу белгісі жоқ екені ескертілмеген. Әйтеуір газет пен журнал­дағыдай Сәкеннің қолы деген өтірік сөз (белгі) жоқ. Журналистер жарияламас бұ­рын осыларға неге мән бермеген? Ұлт­тық тарихымызға қатысты құжатқа осынша атүсті қарауға бола ма? «Ақиқат» жур­налы қолжазбаны кім бергені жайлы мәлімет беріп, көшірмесін толық көрсетуі керек еді. Се­бебі «Өшіріп тастау қолымыздан әсте кел­мейтін тарихи шындықтың осы бір көрінісінен дұрыс сабақ алайық.
Арада бірнеше айдан кейін Мәс­кеуден Қазақстанға аты өшкір Го­лощекин жіберілді. Оны­мен бірге қазаққа «Бөлінгенді бөрі жей­дінің» кері келді» деген жолдарын Ж.Сү­лейменнің атынан өз­дері қосқанға ұқ­сайды. Шамасы ол кісі «баяндау хатты» түпнұсқадан қазақ тіліне ертеректе аударған сияқты. Себебі ғалым материалды архивтен 22 жыл бұрын алған. Неге уақытында өзі жарияламаған? Тіпті қолжазба нақты Жұмажан мырзанікі ме? Қолжазбаны жариялауға кім рұқсат берді? Сұрақ көп.
Сәкеннің кейіннен табылған хаты жай­лы болашақта талдап жазамын. Мұ­ра­жа­йы­на тапсырамын. Бұл – жұмыс барысын­дағы қызметтік хат. Сталинге хат жаз­ған, қа­был­дауында болған басқа да қай­рат­керлер бар. Бірге түскен суреттері де сақталған. «Ста­­линнің қабылдауында бо­лыпты» деген сөз қазір құлаққа түрпідей тигенімен, ол кезде қызмет бабымен бір емес, жүз рет кіруі мүмкін. Олардың бәрін генсекпен жо­лық­қаны үшін ұлт мүддесін сатты деп жо­ра­малдай салуға болмайды. Ел үшін құр­бан болған арыстардың әрқайсысы – ала­­­­сартуға келмейтін бір-бір шың! Бәрінің мақсаты – қазақты бақытқа жеткізу.

Қанат Жүнісов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: