Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:31

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен…

11.08.2023

466

0

2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде 10 тамыз «Абай күні» деп аталатын мерекелік күн болып бекітілген болатын. Ұлы Абайды тек осы бір күнде ғана еске алмай, оның ағартушылыққа, гуманизмге тәрбиелейтін шығармаларын өмірлік рухани азығымызға айналдырайық. Сонымен әңгіменің әлқиссасына қарай ойыссақ…

2012 жылдың тамылжыған та­мыз айының 2-сі күні Өзбекстан рес­пуб­ликасы, Науай облысы, Нұрата ауданындағы кезінде ата қоны­сымыз болған, бүгінде жат жердің топырағында мәңгілік тыныс тапқан қазақтың үш арысының бірі Әйтеке би бабамыздың жаңадан бой көтерген кесенесіне барудың сәті түскен еді. Ол туралы кезінде БАҚ (Бұқаралық ақпарат құралдары)да тиісінше толыққанды ақпарат берілген болатын. Бүгінгі негізгі тоқталатын тақырыбымыз сол Нұр­ата ауданындағы басқа да тарихи киелі орындар туралы болмақ.
«Сейітқұл әулие» қорымындағы Әйтеке бидің жаңадан ашылған кешенінде болып, зиярат етіп, тиісті жөн-жораларымызды өтеген соң Нұр­ата тауындағы аңызға айналған әйгілі Ескендір Зұлқарнайдың табан тіреген, бірнеше күн бойы қақпаны бұзып аша алмай кері қайтқан қамалға барып тамашаладық. Туризмді ерек­ше дамытып, қолға алған өзбек ағайындар бұл жерге келетін саяхат­шыларға барлық жағдайларды жасап қойыпты. Кешеннің басында қонақүй, мешіт, асхана тағы басқа адамға керекті нәрселердің барлығы да бар екен. Біз барған күні де бір топ Германиядан келген саяхатшылар жүр екен.
Иә, әлемде қаншама құпия сыр­лары ашылмаған тарихи орын­дар бар. Солардың бірі осы ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап келе жатқан Нұрата тауындағы тас қорған туралы деректер өте сирек. Жергілікті халық оны сан саққа жүгіртіп, әркім өзінше жорамалдайды. Дегенмен көпшілігінің пікірі әлгі тақырыбымызда көрсетілгендей «Ес­кен­дірдің шабуыл жасап, ала алмай кері қайтқан соңғы қала осы екен» деген әңгімеге кеп тіреледі. Таудың етегінен сылдырай аққан қасиетті мөлдір бұлақтың суынан ішіп шөлімізді бастық. Жергілікті халық бұл бұлақты «чашма» деп атап кеткен. Көпшілік бұл судың емдік қасиеті бар деп арнайы ыдыстарға да құйып алып жатыр. Арнайы зертханадан тексергенде де бұл бұлақтың суы өзіміздегі Сарағаштың суы секілді емдік қасиеті бар, түрлі минералдарға бай су екені дәлелденген дейді. Осы тұста тағы бір ерекше бір назар аударатын жайт, бұлақта қара ба­лық­тар емін-еркін жүзіп, өріп жүр екен. Жолсерігіміз Жаңабергенұлы Нұрлан ағамыздың айтуынша бұл әлемде басқа еш жерде кездеспейтін балықтың түрі екен. Оны жеуге болмайды дейді. Бұған сәл кейінірек арнайы тоқталамыз.
Бұл аңызды қазақтың ұлы Абайы­нан артық суреттеген ешкім жоқ шығар.
«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен.
Филипп патша баласы ер көңілді,
Мақтансүйгіш қызғаншақ адам екен.» деп басталатын «Ескендір» поэма­сындағы оқиғалар көз алдың­нан тіз­бектей өтіп, бейне бір сол әлемнің ор­тасына кіріп кеткендей күй кешесің.
Бұл дастанды жазғанда Абайдың көрсеткісі келген негізгі идеясы – ізгілік пен бейбітшілікті, ғылым мен білімді, яғни гуманизмді дәріптеу. Зұлымдық пен қатігездікті әшкерелеу.
Оқиғаның ұзын ырғасына келсек, Македонияның ұлы әміршісі атанған Филипп патша қайтыс болған соң Ескендірдің таққа отыруы, әскер жинап көрші елдерді жаулап алуы туралы баяндалады. Одан әрі Ескендірдің қалың қолмен келе жатып елсіз шөл далаға тап болуы осы күнгі Тұран ойпатына жататын Жаңадария өзені мен Нұрата тауының арасындағы ұшы қиыры жоқ, ұшқан құстың қанаты күйетін қу мекен, қу дала Қызылқұмды елестетеді. Ескендір патша жорықта келе жатып, керемет бұлаққа тап болады. Осы жерден үзіліс жасап дастанға кезек берсек:
…Жүре жүре бір елсіз шөлге түсті,
Алып жүрген суының бәрін ішті.
Адам, хайуан бәрі де бірдей шөлдеп,
Басына Құдай салды қиын істі.
Бұдан кейін арып ашып, шаршап шалдығып әрең дегенде бір ерекше бұлаққа кездеседі. Бұлақты бойлай жүріп, ол үлкен қорғанды ғажайып қалаға тап болады.
Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,
Судың басы бір құзар шатқа кірді.
Шаттың аузын бекіткен алтын қорған,
Қақпасы бекітулі көзі көрді.
Патша қақпаны аш деп бұйырады. Бірақ қақпаны ешкім ашпайды. Оған қақпаның арғы жағынан орамалға түйіл­ген адамның бас сүйегін тас­тайды. Оның мәнісін түсінбеген Ескендір қатты ашуға булығады. Сол кезде әміршінің қасындағы Қызыр (Бұл жерде Абай данышпан қарттың орнына Аристотельді қояды) бас сүйекті таразыға салдырып өлшетеді. Ол сүйекті ешнәрсе баса алмайды. Сол уақытта «мұның сыры неде?» деп таңқалған патшаға данышпан қарт:
– Адамның көзі дүниеге ешқашан тоймайды. Тек өлген соң ғана көзі бір уыс топыраққа толады! – деп, бір уыс топырақты сүйектің көзіне салады.
Бұл – адам көз сүйегі деді ханға,
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр көзіне құм құйылғанда.
Сол сәтте таразының бас сүйек тұрған жағы көтіріледі де, бұл мы­салдан ғибрат алған Ескен­дір патша тәубесіне келіп, райы­нан қай­тып, сол сәттен бастап жаһан­гер­лік жо­рықтарын тоқтатып кері қайтқан екен дейді.
Жалпы «Ескендір деген кім?» де­ген сұраққа келетін болсақ, бұл адамның тарихта болғандығы ақи­қат. Тіпті оның есімі қасиетті құран кәрімде Каһф сүресінің 94-98 аят­тарында баяндалады. Иә, аят ма­ғынасы бойынша пайымдасақ, Зұл­­қарнайын Аллаһтың әмірімен Яжуж-Мәжуж деген қауымды бір жерге (Таудың астына) қамаған. Ақыр­заман таяғанда Яжуж-Мәжуж сол қорғанды тесіп шығып, жер бетін жайлап, ел арасында бүлік шығармақ.
Енді осы тақырыптағы хадистерге орын берейік. Әбу Хурайрадан жеткен риуаят бойынша: «Яжуж-Мәжуж Зұл­қарнайын қамап кеткен қорғаннан шығу үшін күнде қабырғаларды ояды. Тесуге сәл қалғанда күннің сәулесін көріп басшылары: «Тоқтаңдар! қал­ға­нын ертең жалғастырасыңдар», дейді. Олар қазба жұмысын тоқ­татқан кезде Алла қазылған жерді әдепкі қалпына қайта келтіреді. Осылайша күнде қорғанның қабыр­ғаларын тесуге тырысады.
Күндер осылай өте береді де, олардың жер бетіне шығатын уақыты таянғанда басшылары: «Қане, қай­тайық, Иншалла (Алла қаласа) ер­тең қалғанын ойып бітіреміз», деп иншаллаһ (Алла қаласа) сөзін алғаш рет қолданады. Сөйтіп, ертесіне әлгі жерге келгенде еңбектерінің еш кетпегенін көріп, сәл ғана қалған жерді аяғына дейін ойып бітіріп айналадағы елді мекендерге лап қояды.» (Иман негіздері. Смайыл Сейтбеков. ҚМДБ сараптау комиссиясы мақұлдаған. «Издательство АСТ Полиграф» ЖШС, 2011.323 б.)
Ал оның есіміне қоса жалғанып айтылып жүрген Зұлқарнайын деген сөз «қос мүйізді» деген мағынаны білдіреді екен. Кейбір ғалымдар оны пайғамбарға теңесе, кейбіреулері пай­ғамбар емес деген екі жақты көзқарас ұстанатындар да бар. Алайда ислам ғалымдары олардың қайсысы нақты немесе аңыз екендігін анықтаудың еш қажеттілігі жоқтығын ескертеді. Ең маңыздысы, ол да Алла Тағаланың құлы екенін мойындаймыз. Ескендір туралы ел аузында тараған бұдан да басқа аңыздар өте көп.
Поэма Шығыста Ескендір Зұлқар­найын деген атпен белгілі. Еуропада Александр Македонский аталатын ежелгі грек қолбасшысының өмірі жайындағы аңызға құрылған Ес­кен­дірді Еуропа ақындары да, Шығыс­тың Фердоуси, Низами, Әлі­шер Науай, Жәми сияқты ұлы ақын­дары да жырларына қосқан. Абай бұл тақырыпты ескі үлгілердің еш­қайсынан алмай, өзінше жаңа нұсқада жазып шыққан. Ақын Ескен­дірдің өмірбаян деректерін нақты келтіреді де, оның дүние жүзін жаулап алмақ болған шапқыншылық басқыншылығын сынайды. Соған орай поэмаға жас кезінде Ескендірдің тәрбиешісі болған ұлы философ Арис­тотельді кіргізеді. Әңгіменің же­лісінде жауыздыққа жетелейтін тойымсыздық, ашкөздік қу нәпсінің құлқыны екенін көрсете келе әділдікті, адалдықты, даналықты соған қарсы қояды. Алтын қақпа мен адамның көз сүйегін символ ретінде алады да, ол жұмбақты ақылға шештіреді.
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де өлген күні,
Өзге көзбен бірдей ақ болады екен, деп қорытындылай келе адамның санасына жарық сәуле ша­шады. Адам мен хайуанның пар­қын ажыратып, ұлы адамзаттық гума­низге тәрбиелейді.
«Қу өмір жолдас болмас әлі ақ өтер,
Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ түпке жетер.


Ақылсыз өзін мақтап былжы­райды,
Бойың өлшеп сөйлесең, нең құ­райды?
Жақсы болсаң жарықты кім көр­мейді,
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!, деп аяқтайды. Сонымен біз бұдан не түйдік?
Тәкәппарлық – иманға баратын жолда адамның алдын жауып тұратын үлкен бір бөгет. Бұл ауру кез-келген жүректі дендесе, ол өзгенің бойындағы әрбір жетістікті көре алмай, сол жетістікті тек қана өз бойынан тапқысы келіп, іші оттай жана бастайды. Адам өзін тәрбиелегісі келсе, ең алдымен мінез құлқын осы менмендіктен арылтуы керек. Ол адам бойындағы ең қауіпті жыртқыш сезім. Өйткені тойымсыз ашкөздікке бір бой алдырған жандар­дың ақиқатты танып білуі де, тура жолдан ажырамай мақсатына жетуі де қиын …

Арыстанбек БАЙҚАБЫЛОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: