Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 07:34

Жанкүйерлер күткен жеңіс

12.09.2023

406

0

Жексенбіде ойын баласынан еңкейген қарияға дейін теледидарға телмірді. Себебі футболдан Еуро – 2024 чемпионатының іріктеу турнирі аясында Ұлттық құрама Астана төрінде Солтүстік Ирландиялық әріптестерін қабылдады. Ең бастысы, бұл ойында қарқын бар, Қазақстан құрамасының алғаш рет Кәріқұрлық біріншілігінің топтық плей-офф кезеңіне өтуге мүмкіндігі бар. Құрама алдыңғы ойында Финляндияға есе жіберіп, топта 4 орынға тұрақтаған болатын. Сондықтан Ұлттық құрама алдында Солтүстік Ирландияны жеңіп, 3 ұпайды иелену мақсаты тұрды.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев ойын алдындағы бас­пасөз мәслихатында команданың Сол­түстік Ирландияға қарсы ойынға дайын­дығы туралы айтқан болатын.
– Өзгерістер болады. Соңғы ойынға дайындала отырып, Солтүстік Ирлан­дияға қарсы өзгерістер болатынын тү­сіндік. Әр ойында түзетулер енгізіледі. Олардың командасы құрамы жағынан үлкен мәселелерді бастан кешіруде. Мен әріптесімді қолдағым келеді. Бізде өз мәселелеріміз бар, біз соңғы ойында жеңіліп қалдық, енді өз қалпымызға оралуымыз керек. Олардың басқа схе­маға көшкенін білеміз. Белгілі бір так­тикалық дайындық бар, біз табысқа жетеміз деп үміттенемін. Барлық жеңіліс ауыр. Финляндиядан жеңілгенімізге кө­ңі­ліміз толмай отыр. Бұл футболдың бір бөлігі, біз бәріміз жеңісті жақсы қабыл­дай­мыз, бірақ жеңілістерді абыроймен көтере алатындар аз. Менің ойымша, біздің қолымыздан бұл келді. Әрине сырт алаңда жеңіске жеткенімізге қуа­ныш­тымын. Бұл қазірдің өзінде тарих, бі­рақ біз Солтүстік Ирландиямен сырт алаң­дағы ойынның бөліктерін алған да жоқпыз, – деді өзіне сенімді Магомед Адиев.
Ұлттық құраманың шабуылшысы Абат Айымбетов алдағы ойында жеңіс­ке жету үшін бар күшін салуға уәде берді.
– Көңіл-күй жақсы. Ертең жақсы ойын көрсетіп, жеңіске жетуге тырысамыз. Ойынға дайынбыз. Қазақ халқымыз күтіп отырғанда, әр футболшымыз жү­ре­гімен ойнаса, елімізді әлі талай қуан­тамыз деп ойлаймын, – деп ағынан жа­рылды Абат Айымбетов.
Ойын алдында жаттықтырушы мен ойыншының өздеріне деген асқан се­нім­ділігін көрген жанкүйерлер ұлттық құ­рамадан тек жеңіс күтетіні белгілі. Әрине спорт болғанымен елдің намысы мен абыройы сынға түскен сәтті қазақ фут­болшылары терең түсінгендей. Өйт­­кені спортшыларымыз ойынның ал­ғашқы секундтарында-ақ 30 мың орын­дық толы аренаның, оған қоса осы ойынға арнайы келген Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен атақ­ты боксшы Геннадий Головкиннің қол­дауын жақсы сезінді.
Көптен күткен ойын басталды. Ал­ғашқы секундтан бастап ұлттық құра­маның жеңіске деген ұмтылысы айқын байқалып тұрды. Дереу допқа иелік етіп, қонақтардың қақпасын торуылдаумен болды. Алаң иелері ойынның 19-шы минутынан бастап ойын өрнегін біртіндеп өрістетіп, өз артықшылықтарын анық көрсете бастады. Ирландиялықтардың қақ­пасына қарай алғашқы допты Бақ­тияр Зайнутдинов соқты, бірақ ол мүлт кетті. Есеп ашылмады. Жанкүйерлер голдан үмітті. Келесі минуттарда нақ­тырақ айтсақ, ойынның 27-ші минутында «Ақтөбенің» форварды Максим Само­родов көзге түсе білді, ол осы ойынның бірінші голын соғып, Қазақстан құра­масын алға шығарды.
Голдан кейін есепті өзгертетін сәттер Солтүстік Ирландия құрамасында да болды. Қорғаныста жүрген гол авторы көзді ашып-жұмғанша сары қағаз алып та үлгерді. Себебі төрешінің пайым­дауынша, симуляция жасаған. Бірақ 42-ші минутта Самородов пен Әліп қақ­паны голдан қорғап қалды. Ең бас­тысы, қазақстандық ойыншылар ирлан­диялықтарға есепті теңестіруге мүм­кіндік бермеді. Осылайша 1:0 есебімен ко­ман­далар үзіліске кетті.
Жанкүйерлер екінші тайм тартысты болады деп күтті. Әрине есеп жіберген қонақ команданың ойын өрне­гін кү­шей­тетіні белгілі. Осылайша екін­ші тайм да басталып кетті. Екінші таймның басында-ақ қарсыластарымыз таразы басын теңестіре жаздады, бірақ қар­сылас Игорь Шацкийдің қақпа­сы­нан саңылау таппады. Өкініштісі, ойын ортасында гол авторы Максим Само­ро­дов жарақат алып қалды. Оның орнына Исламбек Қуат алаңға шықты. Ойынның екінші жартысында екі тарап та барын салды, қызықты әрі қауіпті сәттер көп болды, бірақ командалардың ешқайсысы нәтижелі шабуыл көрсете алмады. Футбол жанкүйерлері осындай сапалы ойын өрнегін ортаға салған қос командаға алғыс білдіріп, риза болды. Осылайша Магомед Адиевтің шәкірттері 1:0 қорытынды есеппен, яғни жеңіспен ойынды аяқтады.
Иә, маңызды жеңіске бүкіл ел болып қуандық, сондай-ақ ұлттық құраманың халықаралық додада үздік нәтиже көр­сетуі халықты рухтандырды десем, ар­тық айтқандық емес. Жаңадан та­ғайын­далған спорт министрі Ермек Мар­жық­паев әлеуметтік желідегі парақ­шасында осы жеңіс туралы пікір жазды.
– Жеңіс! Біздің команда 1:0 есебімен жеңіске жетті! Футболдан Еуропа чем­пионатына іріктеу аясында Қазақстан құрамасы Солтүстік Ирландиямен ойын­да маңызды 3 ұпай жинады. Өткен жолы финдерге есе жібергенімен еңсесін қайта тіктеген ойыншыларымыздың осы жолғы ойынына тәнті болдым. Мемлекет бас­шысының футболшыларымызға қолдау білдіріп, ойынға жанкүйер ретінде келуі оларды ерекше жігерлендірді, – деп қуанышымен бөлісті сала министрі.
Осылайша Қазақстан құрамасы атал­­ған ойындағы жетістіктен кейін топ­та өз орнын сақтап қалды. Алты тур­дан кейін Қазақстан құрамасының қор­жы­нында 12 ұпай, ал көш басында тұр­ған Словения құрамасында 13 ұпай. Ең бас­тысы, Ұлттық құраманың алғашқы рет келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі бар. Алдағы ойындарда ел футболшылары барын салып, жеңісті тұғырдан көрінсе, Кәріқұрлық біріншілігінде Ұлттық құра­маға жанкүйер болатын күндеріміз алыс емес.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: