Адамды адам еткен – еңбек. Қоғам дамуының да, адамзаттың өркендеуінің де өзегі – өнімді еңбек. Кісінің өнегелі өмір жолы да осы маңдай тер, адал еңбекпен өрілетініне дау жоқ. Тек еселі еңбектің ғана тәтті жемісін көруге болады. Егін егуді кәсіп қылғандар сонау ерте көктемде жер қойнына тастаған дәндерін күзгі науқанға дейін күтіп-баптайды. «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» дегенді алдына мақсат тұтқан жалағаштықтар түгелдей егін шаруашылығына бет бұрды. өткен жылы саланы табыспен қорытындылаған жалағаштықтар биыл көктемгі науқанның қамына кірісті.
Көктем – тіршіліктің бастауы, Жер-Ананың бусанып, жаңаратын мезгілі. Әсіресе көктем шыға ауыл шаруашылығы жұмыстары жанданып, диқандар қауымы, шаруашылықтар егіс науқанына дайындық жұмыстарын қолға ала бастайды. Былтырғы жеткен жетістікті бір саралап, биылға нақты жоспар құрып, алға мақсат қойып, нәтижелі еңбек етуге тырысады. Қуантарлығы, жалағаштық еңбеккерлер жыл сайын егістен мол өнім алып, үздіктердің қатарынан көрініп келеді.
Айта кетейік, елдің несібесіне аудан диқандары былтыр да егіс өнімдерін бітік өсірді. Жалағаштық диқандар табандылық пен маңдай тердің арқасында егіннен мол өнім алып, аудан абыройын асқақтатып келеді. Еңбеккерлер қауымы бүгінгі заман талабына сай, мықты әрі тиімді шаруаны жүргізіп, жоғары белестерді мойындатудың үлгісін көрсетіп келеді. Былтырдың өзінде ауданда 36731 гектар алқапқа егін егілді. Соның ішінде күріш 21600 гектарға себілді. Сонымен қатар жаздық бидай 507, мақсары 1757, жаңа жоңышқа 3715, ескі жоңышқа 6452, картоп 500, көкөнiс 1000, бақша дақылдары 1200 гектар алқапқа егіліп, күтімге алынды. Мемлекет тарапынан берілетін көмек те шаруашылықтардың жұмысын ширатуына қолдау болуда. Бұл ретте «Агрохолдинг Қызылорда» ЖШС жұмысын алға тартуға болады. Аудандағы күріш саласының ірі кәсіпорны саналатын мекеме 22 шаруашылықпен келісім-шарт жасасып, саланың дамуына айтарлықтай септігін тигізді.
Облыс бойынша егілетін күріштің үштен біріне жуығын өндіретін Жалағашта мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлер көшпелі қазақ тұрмысынан бастап күні бүгінге дейін жалғасқан ата кәсіптің бұл түрінің де көкжиегін кеңейтуде. Ата-бабамыз төрт түлікті қастерлегені сонша жайлаудан күзеуге, одан қыстауға көшіп, малдың қоңды, төлді болуына жағдай жасаған. Ауыл шаруашылығының бір саласы мал басын көбейту, ірілендіру мен асылдандыру саланың дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Ауданымызда мал басын арттыру мақсатында шаруа қожалықтар мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдаланып келеді. Осының нәтижесінде мал шаруашылығы өнімі есепті мерзімде ет өндіру 1,2, сүт өндіру 0,9, жұмыртқа 1,6 пайызға артып отыр. Өткен жылы мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар 77,6 млн теңге көлемінде субсидия алып, кәсіптерін жандандырды. Сонымен бірге былтыр ауданда ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында 3 жоба іске қосылды. Олардың қатарында кенттегі «АгроХимСервис» ЖШС-ның минералдық тыңайтқыштарды өңдеу зауыты, Жалағаш кентіндегі қуаттылығы тәулігіне 60 тоннаны ақтайтын «Қарабура Ата-1» ФҚ-ның күріш ақтау зауыты, «Толғанай» жеке кәсіпкерлігінің «МІҚ малын бордақылау алаңы» бар.
Жалағаш Сыр салысынан мол өнім алуда жылда рекорд жаңартуды дәстүрге айналдырып келеді. Бұл ауыл еңбеккерлерінің табанды ісінің нәтижесі екеніне дау жоқ. Озық технологиялардың ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беруі бір жағынан салада еңбек өнімділігін де арттырып отыр. Енді санаулы күндерден кейін шаруашылықтар көктемгі егіс науқанына кіріспек. Соған орай, диқан қауымы қарамағындағы Сыр салысы егілетін егістік жер мен техникалары мен құрал-саймандарын сайлауға кірісуде. Өнімнің жоспардан кем орындалмауы үшін және бұл жылы да белгілі межеден шығуды мақсат етуде. Өйткені, маңдай термен өсірген егіннің ысырапсыз жиналуы дайындық жұмыстарына тікелей байланысты. «Қыс азығын жаз ойла» дегендей, күзгі өнімнің мол болуы дайындық жұмыстарына, ал егіс алқаптарындағы аяқсудың жеткілікті болуы, өнімнің суға жаруы жоспарды толығымен орындауға тікелей байланысты. Бұл ретте сала мамандары егінді әртараптандыру жұмыстарын жүргізу керектігін айтады. Ендігі жерде себілген дақылдың шығымсыз қалуының алдын алу үшін осы секілді жұмыстар, аталған мәселелер жолға қойылмақ.
Биыл да аудан бойынша 36 750 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде 20 мың гектардан астамы күріш дақылы болмақ.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!