Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 09:41

Дүбірлі тойдағы түйе палуан

23.09.2023

458

0

«Өз тарихын кім білмейді,
Өзгеге жаққан құл білмейді.
Жеті атасын кім білмейді,
Жетім өскен құл білмейді» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Иә, елім деп еңбек еткен ұлы тұлғаларымызды ел жадында жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау – бәрімізге ортақ азаматтық парыз. Тарихи тұлғаларды халық арасында әспеттеп, халықтық дүниелерге самарқау қарамайтын Жалағаш өңірінің тұрғындары бұл жолы да қазақилығын көрсетіп, облыс, тіпті республика көлемінде мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойын жоғары дәрежеде атап өтті.

Тарихи тұлғаның туған жері Темірбек Жүргенов атындағы ауылда өткен бұл өнегелі іс-шаралар береке мен ырыстың, бірлік пен бейбітшіліктің көрінісі болғандай. Бір-бірімен үй­лесімде астасып жатты. Жиырмаға жуық киіз үй тігіп, қонақтарды тікесінен тік тұрып күтті, мол дастархан төрінде ән-күйімен тарту жасап, ақ пейілімен қонақжайлық танытты.
Әрине қазақтың тойының сән-салтанатын кіргізетін – ұлттық сипат­тағы спорт ойындары. Халықтың ын­та-ықыласымен тамашалаған дү­бірлі доданың бірі республикалық деңгейде ұйымдастырылған қазақ күресі болды. Ұлы даланың түкпір-түкпірінен келген апайтөс, атанжілік палуандардың бақталасы тойшыл қауым­ның арқасын қоздырып, «әруақ» деп ұрандатқан па­луан­дар­дың дауыстары тойдың сәнін кел­тірді. Арқасы жерге тимеген, қан­­шама республикалық, әлемдік до­даларда Ел байрағын биікте жел­біретіп жүр­ген 20 палуан бозкі­лемнің шаңын шығарды. Тыңғы­лықты дайындықпен келгендері көзге көрініп-ақ тұрды, бозкілемде небір әдіс-айламен ха­лықты таңдай қақтырды.


– Қазақтың бағына біткен біртуар ұлы Темірбек Жүргеновтің 125 жыл­дық мерейтойы құтты болсын. «Елім деген ерлерін бағалай білген ел ғана ұлы халық болып саналады» демекші, осындай ұлы азаматтардың жүріп өткен жолы келешек ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Міне, мерейтой аясында қазақ күресінен палуандар арасында сайыс өтуде. Кіл мықтылар жиналған сайыс өте тартысты және қызықты өтті. Нақтырақ айтсам, жерлесіміз Еламанның беталысы жаман емес, барлық қарсыласын уақытынан бұ­рын жеңіп, фавориттердің бірі екенін көрсетіп тұр.
Иә, кім алтын белбеуді беліне тағатынын уақыт көрсетеді. Ешкім оңай шағылатын жаңғақ емес секілді. Қазақ спортына баса назар аударып, осындай дүбірлі додада қазақ күресінің абыройын асқақтатуға ықпал жасаған облыс, аудан басшылығына, демеушілік жасаған ел ағаларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары Еркебұлан Жамалатов.


Ақтық бәсекеде түркістандық Марат Байкамуров пен Сыр елінің тумасы, «Қазақстан барысы» Еламан Ерғали қарсылас атанды. Бұған дейінгі белдесулерде бет қаратпай, қарсыластарын тек уақытынан бұ­рын жеңген Еламан жерлестерінің ал­дында бар күш-жігерін салды де­сек, артық айтқанымыз емес. Қар­сы­ласы Марат Байкамуров та осал спортшы емес. Ол – әлемдік және рес­­публикалық сайыстардың бір­не­ше дүркін жеңімпазы, нақтырақ айт­сақ, «Әскер барысы» атағының иегері. Осын­дай атты иелене тұрып, на­мысты қолдан бермеуге бекінген қос ба­тыр бозкілемнің шаңын шығарды. Шын мықтыға тұсау жоқ демекші, «Қа­зақстан барысы» «Әскер ба­ры­сынан» алғашқы минуттардан бас­­тап ұпай бойынша алға шықты. Осы­лайша негізгі уақыт аяқталарға дейін өзіндік керемет айла-тәсілмен қарсы­ласының жауырынын жерге тигізді.
Еламан Ерғали түркі әлеміне ортақ тұлға Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойында «Түйе палуан» атанып, тойшыл қауымды бір серпілтіп, алтын белбеудің иесі атанды. Киелі Түркістан жерінен келген Марат Байкамуров ақтық сында сүрініп, күміс белбеуді еншіледі. Ал Жамбыл облысынан келген Ерсұлтан Мұзаппаров жүлделі ІІІ орынды месе тұтты.
Мұндай дүбірлі тойда тойлық та қомақты болары сөзсіз. Иә, жарыс соңында жеңімпаздарға ақшалай сый­лықтар табысталды. Жауырыны жерге тимеген түйе палуан 1 млн, күміс жүлдегер 750 мың, қола медаль иесі 500 мың теңгені қанжығасына байлады.
– Қазақ күресінің деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, кешегі бәсекеге іріктелген палуандардың қарым-қабілеттері әртүрлі болға­ны­мен, бозкілемдегі белдесулер аса тартысты, тең дәрежеде өтті. Жігіттердің шеберлігі, айтар­лық­тай шыңдалғаны көрініп тұр. Иә, біздің мақсат жастардың спорт­қа бейім, қайсар да қайратты бо­луына ықпал жасау, халық ара­сында спортты дәріптеу және на­си­хаттау болып табылады. Сол се­бепті осындай сайыстардың жиі ұйым­дастырылуы біздің спортты да­мытудағы еңбегімізді еселей түседі. Жалағаштықтарға мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы аясында өтіп жатқан дүбірлі той құтты болсын, – деді спорт жанашыры Садық Мұстафаев.
Әрине ауыл жұрты көз тіккен аламан жарыс қазақ күресін да­мытуда, көсегесін көгерту жолында маңызы зор болары анық. Ел мен жердің намысы атойлайтын осындай дүбірлі жарыста топ жаратын намысшыл жастардың катары кө­бейгені дүйім жұртты бір қуантты.
– Атамыз Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы құтты болсын. Той аясында өткен қазақ күресінен сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Дүбірлі до­даға қатысқан палуандардың еш­қай­сысы осал емес. Барлығы да қазақ күресінің жілігін шағып, майын ішкен шеберлер. Өйткені жа­рыс ба­рысында тәжірибелері мол па­луандар бір-бірінің айла-тәсілдерін әбден меңгергені көрініп тұрды. Жалпы сайыс өте тартысты өтті. Мен де бұл додаға тыңғылықты дайын­дықпен келдім, «бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді ғой, бүгін менің асығым алшысынан түсіп, түйе палуан атандым. Береке мен бірліктің туын тіккен жалағаштықтарға алғыс айтамын, – деп ағынан жарылды түйе палуан Еламан Ерғали.
«Тойдың боларынан боладысы қы­зық» демекші, киелі шежіреге тұнған Сырдың бойындағы Жалағаш жері ру­хани сілкініс жасап, тұрғындары мен той қонақтарының көңілі бір мар­қайып қалды. Ең бастысы, дүбірлі той елді береке-бірлікке ұйыстыра алды.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: