Спорт – денсаулық кепілі. Салауатты ұрпақ – мемлекет тірегі. Қазақ спортының мәртебесін көтеру және барынша қолдау Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Осы бағытта ауданымызда салауатты өмір салтын қалыптастыратын түрлі спорттық шаралар өткізілуде. Соның тағы бір айғағы – «Қазақстан бүгін – болашақта» тақырыбы аясында аудан жастарының қатысуымен өткен ұзақ қашықтыққа жүгіру марафоны.
«Шынықсаң, шымыр боларсың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді. Ол адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Өйткені әлсіз әрі қиындыққа көп ретте қарсы тұруға қауқары жете бермейтін жандарға мамандар бір ауық спортпен шұғылдануға кеңес береді. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпіннің арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыла түсесіз.
Аудандағы салауатты өмір салтын ұстанушылар да спортпен айналысуға шақырады. Осы орайда аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында «Қазақстан – бүгін болашақта» тақырыбы бойынша ұзақ қашықтыққа жүгіру марафоны жоғары деңгейде өтті. Бұл марафон – аудан жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі мен «Наркескен» спорт клубының ұйымдастыруымен қолға алынған.
Сайыстың басты мақсаты – аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға атсалысу және аудан тұрғындары арасында қоғамдық санада сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне жол бермеуді қалыптастыру болды. Жарыс жеңімпаздарына аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтің дипломдар мен қаржылай сылықтар табыстады.
Шара басталмас бұрын Жандос Маратұлы кент көшелері бойынша белгіленген жолсызба этаптарымен қоса ережесін де таныстырды. Марафон кезінде полиция қызметкерлері де жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Қатысушылар орталық стадионнан басталған жарыста 3,5 шақырым қашыққа жүгіріп өтіп, орталық стадионға қайта табан тіреді. Жарыс әділ өтуі үшін қатысушылар жүгіріп өтетін жолдарда төрешілер қарап, бақылап тұрды. Сонымен қатар камера желісі арқылы да бақыланды.
Марафон тартысты өтіп, бесінші орын иеленгендерге дейінгі аралықта ақшалай сыйлықтар берілді. Бірақ жеңімпаз спортшылар арасында келісім жасалып, алтыншы және жетінші орын иеленген қатысушыларға өз ақшаларынан үлестіріп, оларға да ақшалай сыйлықтар табысталды.
Марафон осылайша тартысты өтіп, V орынды иеленген Тұрсынбай Аслан 25 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. ІV орын иеленген Қайратұлы Асқар да осындай қаражатқа қол жеткізді. Бисембай Асқар ІІІ орын иеленіп, 30 мың теңге иеленсе, Скендір Нұржан ІІ орынмен марапатталып, 50 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Марафондағы 3,5 шақырымды жүгіріп өтуде басқа қатысушылардан оза шапқан Жаңаталап ауылының спортшысы Әбжәлиев Еркін жүлделі І орынды иеленіп, 70 мың теңге қаражатқа қол жеткізді. Айта кетейік, Еркін 3 маусым күні Рәміздер күніне орай өткен қашыққа жүгіру марафонында да жүлделі І орынды иеленген.
– Көңіл күйім керемет. Мәреге алғашқы болып келдім. Өте керемет жарыс болды. Осы шараны бірлесе отырып ұйымдастырған «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі мен «Наркескен» спорт клубына алғысым шексіз. Аудан жастарын, аудан тұрғындарының барлығын спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын, – дейді Еркін Әбжамилов.
50-ге жуық аудан тұрғыны қатысқан марафон жоғары деңгейде өтті. Салауатты өмір салтын қалыптаструда дене тәрбиесінің маңызы зор. Жастарды болашақтың тірегі болатын, денсаулығы мықты азамат ретінде қалыптастыру керек. Бір сөзбен айтқанда, спорт – барлық тәрбие атаулының бір саласы. Оның түп қазығы – қозғалыс, ал қозғалыссыз тіршілік жоқ. Спорт сөзінің мағынасы кең. Дене тәрбиесі – соның құрамдас бөлігі, дәлірек айтқанда, баспалдағы. Онымен тұрақты шұғылданған адамның денсаулығы мықты, болмақ.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!