Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 12:31

Спорт – денсаулық кепілі

26.09.2023

2505

0

Спорт – денсаулық кепілі. Салауатты ұрпақ – мемлекет тірегі. Қазақ спортының мәртебесін көтеру және барынша қолдау Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Осы бағытта ауданымызда салауатты өмір салтын қалыптастыратын түрлі спорттық шаралар өткізілуде. Соның тағы бір айғағы – «Қазақстан бүгін – болашақта» тақырыбы аясында аудан жастарының қатысуымен өткен ұзақ қашықтыққа жүгіру марафоны.

«Шынықсаң, шымыр боларсың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді. Ол адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Өйткені әлсіз әрі қиындыққа көп ретте қарсы тұруға қауқары жете бермейтін жандарға мамандар бір ауық спортпен шұғылдануға кеңес береді. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпіннің арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыла түсесіз.
Аудандағы салауатты өмір салтын ұс­танушылар да спортпен ай­налысуға шақырады. Осы орайда ау­дандық қоғамдық даму бөлімінің тап­сырысы аясында «Қазақ­стан – бүгін бо­лашақта» тақырыбы бо­йын­ша ұзақ қа­шықтыққа жүгіру ма­ра­фоны жоғары деңгейде өтті. Бұл марафон – аудан жас­тарының «Темір­қазық» қо­ғамдық бірлестігі мен «Нар­кескен» спорт клу­бы­ның ұйымдас­тыруымен қолға алынған.
Сайыстың басты мақсаты – аудан тұр­ғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Сондай-ақ бұ­қаралық спортты дамытуға атсалысу және аудан тұрғындары ара­сын­да қо­ғамдық санада сыбайлас жем­­қор­лықтың көріністеріне жол бер­меуді қа­лыптастыру болды. Жарыс жеңім­паз­дарына аудан әкімінің орын­ба­сары Ғани Сүлейменовтің дип­лом­дар мен қаржылай сылықтар табыстады.
Шара басталмас бұрын Жандос Маратұлы кент көшелері бойынша белгіленген жолсызба этапт­арымен қоса ережесін де таныс­тырды. Марафон кезінде по­лиция қызметкерлері де жолдағы қауіп­сіздікті қамтамасыз етті. Қаты­су­шылар орталық стадионнан басталған жарыста 3,5 шақырым қашыққа жү­гіріп өтіп, орталық стадионға қайта табан тіреді. Жарыс әділ өтуі үшін қаты­сушылар жүгіріп өтетін жолдарда төрешілер қарап, бақылап тұрды. Сонымен қатар камера желісі арқылы да бақыланды.
Марафон тартысты өтіп, бесінші орын иеленгендерге дейінгі аралықта ақшалай сыйлықтар берілді. Бірақ жеңім­паз спортшылар арасында келі­сім жасалып, алтыншы және жетінші орын иеленген қатысушыларға өз ақша­ларынан үлестіріп, оларға да ақшалай сыйлықтар табысталды.
Марафон осылайша тартысты өтіп, V орынды иеленген Тұрсынбай Аслан 25 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. ІV орын иеленген Қайратұлы Асқар да осындай қаражатқа қол жеткізді. Бисем­бай Асқар ІІІ орын иеленіп, 30 мың теңге иеленсе, Скендір Нұржан ІІ орын­­мен марапатталып, 50 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Мара­фондағы 3,5 шақырымды жүгіріп өтуде басқа қатысушылардан оза шапқан Жаңаталап ауылының спортшысы Әбжәлиев Еркін жүлделі І орынды иеленіп, 70 мың теңге қаражатқа қол жеткізді. Айта кетейік, Еркін 3 маусым күні Рә­міздер күніне орай өткен қашыққа жүгіру марафонында да жүлделі І орын­ды иеленген.
– Көңіл күйім керемет. Мәреге ал­ғашқы болып келдім. Өте керемет жарыс болды. Осы шараны бірлесе оты­рып ұйымдастырған «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі мен «Наркескен» спорт клу­бына алғысым шексіз. Аудан жас­тарын, аудан тұрғындарының барлығын спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын, – дейді Еркін Әбжамилов.
50-ге жуық аудан тұрғыны қатысқан марафон жоғары деңгейде өтті. Са­лауат­ты өмір салтын қалыптаструда дене тәрбиесінің маңызы зор. Жастарды болашақтың тірегі болатын, денсаулығы мықты азамат ретінде қалыптастыру керек. Бір сөзбен айтқанда, спорт – барлық тәрбие атаулының бір саласы. Оның түп қазығы – қозғалыс, ал қоз­ғалыссыз тіршілік жоқ. Спорт сөзінің мағынасы кең. Дене тәрбиесі – соның құ­рамдас бөлігі, дәлірек айтқанда, баспалдағы. Онымен тұрақты шұ­ғылданған адамның денсаулығы мықты, болмақ.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: