Дүниежүзілік пошта күні мерекесіне орай аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов сала ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдады. Ғани Кенжеғараұлы аталған мерекенің маңызына тоқталып, бүгінде «Қазпошта» АҚ-ның жұмысында айтарлықтай жүйе қалыптасқанын, халыққа қызмет көрсетудегі мекеменің аудандық филиал ұжымының еңбегін жоғары бағалады, ардагерлердің де қиын кезеңдерде халыққа қалтқысыз қызмет еткенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да олардың ізін басқан жас мамандардың аудан халқына сапалы қызмет ететініне сенім білдірді.
– Бүгінгі мерекенің өзіндік маңызы бар және тарихы да тереңде жатыр. Барша «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының ардагерлері мен қызметкерлерін төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қай кезеңде болсын сіздердің халыққа көрсеткен қызметтеріңіз ерекше маңызға ие. Ардагерлеріміз де қиын кезеңдерді еңсеріп, елге еңбек етті, оған тарих куә. Бүгінде саланың жұмысы жүйеленген. Сол алдыңғы буын ардагерлердің ізін басқан мекеменің бүгінгі жұмысшылары да халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Жұмыста табысты, еңбектеріңізбен ел алдында абыройлы болыңыздар, амандық, саулық, ұжымға береке, бірлік тілеймін. Мереке құтты болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Иә, Ғани Кенжеғараұлы айтқандай, шынында бұл мерекенің тарихы әріде жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде атап өтілетін бұл күн 1969 жылы пошташылардың Токиода өткен конгресінде ресми бекітілген. Ал Қазақстан республикасының бүкіл аумағын қамтитын еліміздегі «Қазпошта» АҚ қызметіне биыл 30 жыл толып отыр.
Айта кетейік, Жалағаш аудандық пошта торабында 13 байланыс бөлімше жұмыс жасайды, онда 44 азамат халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Пошта торабы екінші деңгейлі банк ретінде аудан бойынша 400-ден астам заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Аққұм, Мәдениет, Аламесек ауылдарында бұл жұмыстармен қатар келісім-шартқа отырған банктер арқылы несие, депозит рәсімдеу жұмыстары қатар жүргізілуде.
Аудан бойынша 30-ға жуық мекеме пошта торабынан жалақысын алса, зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың саны 3219-ды құрайды. Бүгінгі қабылдауда Жалағаш аудандық пошта торабы қызметкерлері мен сала ардагерлеріне арнайы аудан әкімінің құттықтауы мен алғыс хаты табысталды.
Жиында сөз алған сала ардагерлері тарихтан сыр шертіп, өткен күндерден естеліктер айтты. Ал аудандық мәслихаттың төрағасы Өмірзақ Елеусінов мерекенің маңызына тоқталып, аталған мекеменің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Кез келген саланың өзіндік қиыншылығы мен қызығы қатар жүреді. Сіздердің елге еткен еңбектеріңіздің сапалы екенін күнделікті көріп отырмыз. Біздің жас кезімізде бұл мекеменің халыққа қажеті орасан еді, әлі де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Осы жұмыстардың бір ізге түсуінде ардагерлер мен жас мамандардың еселі еңбегі жатыр. Сондықтан мерекенің өзіндік маңызы бар. Баршаңызды төл мерекемен құттықтаймын. Жұмыста абыройлы болыңыздар. Халыққа жасаған қызмет еш кетпейді. Әрқашан сенім үдесінен шығып, елдің алғысын алыңыздар. Мерекелеріңіз құтты болсын, – деді аудандық мәслихат төрағасы.
Жалпы Қазақстан поштасының тарихы тереңде. 1860 жылы Верный қаласында алғашқы байланыс пошта бөлімшесі ашылған. Ол аз уақыттан соң пошта-телеграф кеңсесіне айналып, 1883 жылдың өзінде оған 14 байланыс пошта бөлімшесі қараған еді. Пошта байланысын ұйымдастыру арзанға түсуі үшін пошта кеңсесі ат-пошта стансалары мен болыстарда көмекші пункттерді ашты. Олардағы пошта операцияларының жүргізілуі болыс старшындары мен песірлердің міндетіне жүктелді. Сол кездері ондай ат-пошта жолының жалпы ұзындығы 20 мың шақырымды құрады. 1925 жылы поштаның даму тарихында алғаш рет ауылдық хат тасымалдаушы лауазымы бекітіліп, шалғайдағы ауылдарға хат жеткізу үшін айналма ат-пошта қызметі енгізілген. Қалаларда пошталық тасымалдар машиналардың иелігіне берілді, кейін катерлер мен теміржол көлігі де қолданыла бастады.
Бүгінгі пошта қызметі мүлде бөлек, бір сөзбен айтқанда, заман талабына қарай түрленген. Күн өткен сайын жаңа технология алға қарыштап, енгізіліп жатқан жаңашылдықтар саланың тынысын кеңейтіп, халық сұранысын арттырды. Аталған салада үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан «Қазпошта» акционерлік қоғамы еліміздегі Ұлттық почта желісінің жалғыз операторы болып табылады. Бұл мекеме ел аумағын тұтастай заманауи пошта инфрақұрылымымен қамтып, заманауи технологияларды енгізу арқылы жаңа жұмыстарды қолға алған. Қазіргі таңда ел бойынша 3 400 бөлімшесі, 14 облыстық, оның ішінде 4 республикалық маңызы бар филиалы бар. Онда 21 мыңнан астам адам қызмет етеді.
Қазіргідей дамыған, инфрақұрылымы мен жүйеленген логистикасы бар халықаралық пошта операторларының пошта нарығына шығуына байланысты бәсекелестік артқанда босаңсуға тағы болмайды, мекеме жаңа заман жетістіктеріне дер кезінде ден қойған. Айта кету керек, ұлттық пошта операторы өзінің позициясын күшейтіп, бекіте түсу бағытында материалдық-техникалық базасын жетілдіру және пошталық қызметтерге қазіргі заманғы технологияларды енгізу жұмыстарын басты назарда ұстап отыр. Оны Жалағаш аудандық пошта байланыс торабының халыққа қызмет көрсету ауқымынан байқауға болады.
2017 жылы күрделі жөндеуден өткен аудандық пошта байланыс торабы ғимараты заманауи стандарттарға сай. Орталық операция учаскесі тұтынушыларға қолайлы болу үшін бірнеше аумаққа бөлінген. Мәселен, пошталық және қаржылық қызметтер бойынша жеке тұлғалар үшін операциялық зал, коорпоративті тұтынушыларға қызмет көрсету бойынша орындар, сәлемдемелер супермаркеті, қызмет көрсету орны мен айырбастау пункті орналасқан. Орталық залда келушілерге қызмет көрсету форматы да оңтайландырылған, кабиналар орнына сәлемдемелер супермаркеті ашылған. Мекеме басшысы Жанна Исақызының айтуынша, бұл заманауи өзгерістердің өзіндік артықшылығы бар, яғни өз шығындарын қысқартуға айтарлықтай үлес қосады, тұрғындардың өтімділік қабілетін жоғарылатып, келушілер үшін сәлемдемелерді алу және жіберу уақытын қысқартады.
Айта кетейік, аудан орталығындағы Қазпошта бөлімшесі арқылы айлық, жылдық салықтар және коммуналдық төлемдер төлеуге, ақша айырбастауға, шет елдерге ақша аударуға, несие алуға, депозит ашуға, көлікті сақтандыруға болады. Көпшілікке бірдей салық түрі, жер мен мүлік салығын пошта ешқандай үстемақысыз тегін қабылдайды. Бұған қоса тұтынушылар зейнетақы, жалақы, әлеуметтік жеңілдіктер үшін карта аштыра алады. Ал Aliexpress картасы арқылы тапсырыстың ақысын төлесе, заты 15-20 күнде келеді. Бұл жеткізу қызметінің жедел жұмыс істейтінін көрсетеді. Сондай-ақ «Salem», «Tenge» жедел аударымдар желісі іске қосылған. Бұл аударымдар арқылы бір минуттың ішінде еліміздің кез келген аймағына ақша жібере аласыз. Ал «Юнистрим» халықаралық аударымдарының төлем жүйесімен АҚШ долларын, Еуро, Ресей рублін ТМД елдеріне, алыс-жақын шет елдерге жөнелтуге болады. Сонымен бірге тұтынушылар үшін «сәлемдемелер супермаркеті» іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Бұрынғыдай тұрғындар кезек күтіп отырмайды, сәлемдеме жіберілгеннен кейін оны қабылдаушы азаматтың телефонына смс хабарлама келеді. Хабарламада сәлемдеме супермаркеттің қай қатар, қай жәшікте тұрғаны туралы айтылады. Сол бойынша тұрғындар еш кезексіз өз сәлемдемесін алады.
Сол секілді гибридті пошта қызметтері – электрондық және қарапайым поштаның симбиозы. Оны жіберу үшін үйден немесе кеңседен шықпай-ақ электронды хабарлама мәтінінде жолдасаңыз жеткілікті. Электронды файл оны қабылдайтын адамға ең жақын электрондық басып шығару пунктіне түседі. Автоматтандырылған жұмыс орнында хат басып шығарылады, пошта конвертіне салынып, алушының қолына тиеді. Бұл ретте хат-хабар 1-3 күн ішінде тиісті мекен-жайға жеткізіледі. Одан бөлек зейнетақы, жәрдемақылар беру қызметі бар, теміржол билеттері рәсімделеді, банкомат жұмыс істейді, тұрғындарға поштадан брокерлік шот ашуға болады.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!