Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Сенбі, 21 қыркүйек, 09:36

Өрт сөндірушінің бір күні

17.10.2023

442

0

19 қазан – құтқарушылар күні. Азаматтық қауіпсіздікті сақтау жолында жанын шүберекке түйіп, адам жанының арашасы болатын қызметкерлердің төл мерекесі. Ең қауіпті мамандықтың бірі саналатын өрт сөндіруші қызметі – батылдық пен өжеттікті талап ететін мамандық. Себебі бұл маман иелері күн сайын өмір мен өлім арасында арпалысып жүреді. Оларды бүгінгі күннің батыры десек те артық емес. Өрт сөндірушілердің біркүндік жұмыс барысы қалай өрбитінін көзбен көріп, танысу мақсатында таңмен таласып, әріптесім екеуміз аудан орталығында орналасқан №11 өрт сөндіру бөліміне арнайы атбасын бұрдық.

Табалдырықтан аттай салысымен қарсы алған кезекші жігіт аудандық басылымнан келгенімізді ести салысымен бөлім басшысына қарай бағыттады. Бөлім бастығы, азаматтық қорғау майоры Ербол Тәуекелов те әріптесім екеумізді жылы шыраймен қарсы алып, мекеменің тарихы мен бүгініне тоқталып өтті.


Жалағаш ауданы бойынша өрт сөндіру бөлімі 1964 жылы құрылған. 1998 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен өрт сөндіру бөлімінің қызметтерін ҚР Төтенше жағдайлар агенттігіне қарасты өрт сөндіру бөлімінің қызметі болып қайта құрылған. Қазіргі таңда 35 қызметкер штат бойынша жұмыс жасайды. Бұдан әрі өрт сөндірушілердің жұмысын білу мақсатында қызметкерлермен бірге жұмыс жасауға кірістік.


Бүгінгі біздің әріптесіміз – аудан орталығында орналасқан №11 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, құтқарушы, азаматтық қорғау сержанты Дулат Алтынбек. Ол 2015 жылы жұмысқа өрт сөндіруші болып қабылданса, 2017 жылдан бастап аға өрт сөндіруші болып қызмет жасауда. Осындай жауапкершілігі мол мамандықты абыроймен атқарып жүрген Дулат адамды апаттан аман алып қалу мен өртті ауыздықтауда адамзат баласына көмектесуді қызметтік міндетім емес, жүрек қалауым деп санайды.
– Өрт сөндіру – жүректілердің мамандығы. Бұл салаға кез келген адам келмейді. Біздің қызмет өжеттілік, батылдық пен төзімділікті талап етеді. Құтқару қызметінің әр күні қауіп-қатерге толы. Соған қарамастан жұмысым өзіме қатты ұнайды. Кейде шақыртулар түскен кезде бойды үрей билейтіні рас. Алайда біздің салада қорқақтыққа орын жоқ. Әр күн сайын үйде ата-анам мен жұбайым амандығымды тілеп отырады. Солардың батасы да күш сыйлайтын болуы керек, өзіме сенімді түрде қызметіме кірісемін. Ең бастысы, орын алған жағдайға қай уақыт, қандай жерде болсын сақадай сай дайын тұру азаматтық борышымыз екенін ұмытпаймыз, – дейді жас құтқарушы.
Сұхбат барысында кейіпкеріміз өрт сөндірушілер кез келген уақытта, қандай жағдай болсын адам өмірін құтқаруға дайын екенін жеткізді. Олар күнделікті кезекшілікке шыққан уақытта түрлі жағдайлармен бетпе-бет келіп, тосыннан тұтанатын қызыл жалынмен арпалысып, өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді құтқарады. Кейіпкеріміз оқыс оқиға орын алғанда жағдайда қою түтін арасында қозғалып, жүгіріп, секіру, салмағы 20 келі болатын шланганың өзін ұстап жүру кейде қиынға соғатынын жеткізді.
– Өрт тілсіз жау болғанымен өздігінен пайда болмайды. Ол көп жағдайда адамдардың ұқыпсыздығынан, бейқамдығынан шығып жатады. Адамдарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырып, алдын алу жұмыстарын жүргізсек те мән бермейді.Төтенше жағдай орын алса, автокөліктер шақыру бойынша бөлінеді. Егер тұрғын үй өртенсе, екі автокөлік, ал мал қора өртенсе, бір автокөлік барады. Негізі ауданның гарнизонында 3 өрт сөндіру автокөлігі бар, – дейді Дулат Төлегенұлы.
Өрт сөндіру бөлімшесінің кезекшілігі күн тәртібіне сәйкес 8 қызметкерден 4 ауысыммен жұмыс жасайды. Жыл басынан бері аталған бөлім қызметкерлері 85 өрт сөндіру шараларына шыққан. Оның ішінде 1 авариялық құтқару жұмысын жүргізген. Өрт сөндіру бөлімінде диспетчер қызметін нәзікжандылар жүргізеді. Олар ауданның тыныштығын тынымсыз қадағалап отырады. Осы салада елеулі еңбек етіп жүрген нәзікжандылардың бірі – Шара Бөлембаева. Ол – ауданда орын алған төтенше жағдайларды алғаш естіп, жылдам әрекет етіп, ұжымды ұйымдастыратын диспетчер.
– Түнгі мезгілде ауданда адамдар шоғырланған мекемелермен, атап айтсақ, аурухана, жатахана, №19 балабақшамен хабарласып, әр мекемеде қанша адам барынан хабардар болып отырамыз. Қандай да бір оқыс жағдай болып қалған жағдайда ғимараттың ішінде қанша адам барын біліп отыруымыз қажет. Біз таңғы сағат 8.00-де кезекшілікті қабылдап, тәулік бойы жұмыс жасаймыз. Диспетчерлер тек қоңырауларды қабылдап қана қоймайды. Ол қандай оқыс оқиға орын алғанын біліп, адамдарға төнген қауіпті анықтай отырып, жедел басқа да қызметкерлермен байланысқа шығады. Адамдар кез келген мәселемен қоңырау шалып, біз оларды тыныштандырып, үрейленбеуі үшін қолдау көрсетеміз. Осы салада жұмыс жасап жатқаныма 15 жылдай уақыт болды. Кей жағдайларда адамдар бізге айқайлап, өрт болған жерде жақындары қалып қойғанын айтып, жанұшыра көмек сұраған кезде қосыла қобалжып кететін кездер де жиі болып тұрады, – дейді кіші сержант Шара Шәмшатқызы.
Жиырма төрт сағат бойы кез келген апаттық жағдайдың алдын алуға, төтенше жағдай орын алған жерге белгіленген межеде жетіп, қауіп деңгейіне қарамастан күресетін құтқарушылардың жұмысы қашанда үлкен құрметке ие.


Ақтоты ЕРЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: