Бүгінде азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау, зілзалалардың қауіп-қатерін азайту мәселесі мемлекеттің басты назарында. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді. Төтенше жағдайлар саласы – үлкен жауапкершілікті талап етіп, кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюда қажырлы күш жұмсайтын үлкен сала. Десе де олардың алға қойған басты міндеті халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайларға жол бермеу болып табылады. Құтқарушылар күніне орай аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов аудандық төтенше жағдайлар бөлімі ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, бейбіт күннің батырларына құрмет көрсетті. Аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, кент ардагерлері кеңесінің төрағасы Қожатай Құлмахан ардагерлер мен қызметкерлерді мерекесімен құттықтап, қауіптің алдын алуда олардың еңбегін жоғары бағалады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды» деп атап айтқан болатын. 28 жылда аймағымызда өртке қарсы қызмет бөлімшелері, жедел-құтқару жасағы мен апаттар медицинасы орталығының құтқарушылары жыл сайын 2 мыңнан аса авариялық-құтқару жұмысын жүргізіп, 200-ге жуық адам өмірін құтқарды. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқарушы мамандығын игеру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын, еліміз, жұртымыз қауіп-қатерден аман болсын, жұмыста абыройлы болыңыздар, сіздердің салада жасап жатқан жұмыстарыңыз кейінгі жастарға үлгі болары анық, – деді Әліби Байнахатов.
Жалағаш ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мен №11-ші Өрт сөндіру бөлімі азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, аудан аумағында азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және төтенше жағдай аймағында халыққа көмек көрсетуді жүзеге асырып келеді. Адам баласына қауіп-қатер төнген кезде алдымен құтқарушылардың көмегіне үміт артады. Қай уақытта болсын өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсетуге дайын тұрады. Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері қашанда өз міндетін мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссиясын жалғастыра беретініне сенім мол.
Бүгінгі таңда аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде 4, аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінде 35 қызметкер жұмыс жасайды. 2023 жылдың 9 айында аудан бойынша 41 төтенше жағдай орын алған. Оның ішінде 39 -ы – техногенді, 2-еуі – табиғи.
Айта кетейік, елордада 3 жасар баланы құтқарып, шұғыл әрекет пен батыл қадамға барған жерлестеріміз Сәбит Шонтақбаев пен Аққұм ауылында өрт шыққан үйден өзінің 1, 3, 4 жастағы бауырларын аман алып шыққан №38 орта мектептің оқушысы Бахыт Мерей нағыз батырлық пен батылдықтың шынайы үлгісін көрсеткен болатын. Бүгінде осындай азаматтарды үлгі етіп, ерлігін насихаттау маңызды. Олардың мұндай батыл қадамға барудағы мақсатына үңілсек, сала қызметкерлерінің ерлік істерінен өнеге алғанын байқаймыз.
– Адам өмірінде төтенше жағдайлар кейде жиі болып жатады, оның алдын алу өте қиын. Тосыннан болған апат кезінде халыққа бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келген жанның қолынан келе бермейді. Оған білім, біліктілік пен тәжірибе керек. Сондықтан сала ардагерлері мен барша аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын, – деді аудандық мәслихат хатшысы Өмірзақ Елеусінов.
Жиында сала ардагерлері мен қызметкерлері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!