Республика күні мерекесі қарсаңында аудан дамуында айшықты қолтаңбасын қалдырған Имамзада Шағыртаев Еңбек Ері атанған болатын. Сәрсенбінің сәтті күні жерлестері атпал азаматты күтіп алып, құрмет көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жалағаштықтарға елден шыққан Еңбек Ерінің Сыр елінің мақтанышына айналғанын жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімі Ардақ Ибраимов Имамзада Қуанышбайұлына құрмет көрсетіп, халықтың атынан иығына шапан жапты.
Дәл осы күні Еңбек Ерінің туған жері Таң ауылының тұрғындары да батыр ұлын қуанышпен қарсы алды. Ауылдың дамуына орасан үлес қосқан арда азаматтың еңбегін ардагерлер мақтанышпен айтты. Ал Имамзада Қуанышбайұлы бұл жетістік бір адамның ғана емес, барша Сыр елінің жетістігі екенін жеткізіп, Ел Президентінің сенімін ақтап, әлі де туған жердің дамуына үлес қосар қарқынды жобаларды қолға алатынын жасырмады.
– Бүгін біздің ауылда үлкен мереке, үлкен қуаныш. Таңның тарихында бірінші Еңбек Ері шығып отыр. Бұл атақ оңайлықпен келген жоқ. ауылдың татулығы, ауызбіршілігінің, Имамзаданың қажырлы еңбегінің арқасында осындай үлкен жетістікке жетіп отырмыз. Біз тұтас ауыл болып Имамзаданы 20 жыл бұрын төраға етіп сайлаған едік, бүгін халықтың таңдаудан жаңылмағанына тағы бір мәрте көзіміз жетіп отыр. Осынша уақытта ол барлық қиындықты еңсеріп, ауылдың гүлденуіне, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына жұмыс жасады. Кеше телеарнадан көрдім, бұл атақ елімізде үш адамға берілген екен, соның бірін біздің жерлесіміз иеленіп отыр. Бұл марапатқа Имамзада лайық, оған Таңда қандай жобаларды қолға алғанын көрген адам күмән келтірмейді. Бүгінгі ауылымыздан шыққан Еңбек Ерінің алдағы жұмыстарына табыс тілейміз. Барша жерлестерімізге құтты болсын, – деді ауыл ақсақалы Болат Жәнібеков.
«Таң ЛТД» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеумен айналысады. Шаруашылықтың жалпы егістік көлемі – 5236 гектар. Оның ішінде Сырдың басты дақылы күріш – 3000 гектар. Мұнан бөлек 1480 гектар жоңышқасы тағы бар. Шаруашылық биыл егісті әртараптандырып, 74 гектарға жүгері, 82 гектарға мақсары, 20 гектарға бақша салған. Ал қалған 580 гектары – жайылымдық жер. Шаруашылықтағы төрт түлік саны 600-ге жуықтаған.
Іскер азамат бүгінде шаруасын ширатып, 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 225-і – Таң ауылының тұрғыны.
2011 жылдан бастап шаруашылықтың техника паркі түгел жаңартылған. Серіктестік жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 6 күріш оратын және 13 күріш бастыратын «Джондир» комбайны, 10 лазерлік жер тегістегіш, 36 трактор, 13 автомашина, 2 астық тиегіш, 1 экскаватор, 2 погрузчик, 1 автогрейдермен қамтылған. 2012 жылы облыста алғаш рет жалпы құны 30 млн теңгені құрайтын жаңа технологияларды пайдалана отырып, тамшылатып суару әдісімен картоптың «Gala» сұрпын екті. 2019 жылы «тұқым шаруашылығы» статусын алып, қазіргі таңда аудан шаруашылықтарын I репродукциялы «Лидер» сұрпымен қамтамасыз етуде. Сапалы тұқым дайындау үшін 86 млн теңгеге тұқым тазалау қондырғысын алдырды.
Кәсіпкер осыған дейін жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын үлкен 2 күріш зауытын іске қосқан. Қазіргі таңда өндіріс орнында 30 адам тұрақты жұмыс жасайды. Тәулігіне 200 тонна күріш ақтайтын қос цехта күрішті егуден бастап, сатуға дейінгі жұмыстар бір ізге түскен. Былтыр іскер азамат Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне 2 мың тонна күріш экспорттаса, биыл 5 мың тонна өнімді шет мемлекеттерге сатуды көздеп отыр.
Қазір аяқ су қат болған шақта суды үнемдеу ерекше маңызға ие. Оны кешегі Жолдауында Мемлекет басшысы да айтқан болатын. Имамзада Шағыртаев басшылық ететін шаруашылықта аяқ суды үнемдеу де жолға қойылған. Суды 60-70 пайызға үнемдеу және ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мақсатында қытайлық инвесторлармен бірге Шиелі ауданында жалпы көлемі 3 мың гектар жерге жүгеріні тамшылатып суару әдісімен егу жобасын қолға алды. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге.
Мұнан бөлек Еңбек Ері 2018 жылы жалпы құны 150 млн теңгені құрайтын ет өңдеу цехын салып, бүгінде жартылай дайын өнімдерді әзірлеуде. Қазір өндіріс ошағы тәулігіне 1 тонна консервіленген ет шығарады.
Ол тапқанын «тек өзіме болсын» дейтіндердің сұрпынан емес. Қай жерде кәсібін бастаса, сол өңірдің халқының әлеуметтік жағдайы оны бейжай қалдырмады. Туған жерін түлету мақсатында да ауылынан ілкімді жобаларды қолға алып, елдің игілігіне жұмыс жасады. Осыған дейін Таң ауылдық округіне жалпы құны 1 млрд 56 млн теңге, Ақжар ауылына 100 млн теңге демеушілік етті.
Іскер азамат туған жерінде жалпы құны 300 млн теңгеге 120 орындық «Таң бөбегі» балабақшасын салып берді. Қазіргі таңда онда 21 адам жұмыспен қамтылған. 56 млн теңгеге спорт кешенін ашып, 16 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына қолғабыс етті. Ертең аядай ауылдағы шағын кешеннен байрағымызды биіктен желбіретіп, әнұранымызды әлемдік додаларда шырқататын жастардың шықпасына кім кепіл. Міне, осы ретте оның тек ауылдың әлеуетіне ғана емес, жастардың да болашағына алаңдайтын азамат екенін аңғару қиын емес.
Мұнан бөлек кәсіпкер 70 млн теңгеге Таңда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерткіш орнатты. 2021 жылы ауыл ішін абаттандыру мақсатында 130 млн теңгеге үлкен М-32 трассасы мен ауыл ортасындағы жол бойына жарық шамдарын орнатып, көшенің қос бетіне қоршау жұмыстарын жүргізді.
Шаруашылық еңбеккерлерін ынталандыру және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында 2011 жылдан бері жыл сайын үздік нәтиже көрсеткен диқандар мен механизаторларға 6 жеңіл автокөлік, 300 млн теңге қаржылай сыйақы беруді дәстүрге айналдырды. Игі дәстүр биыл да жалғасын тауып, серіктестік еңбеккерлері темір тұлпар тақымдады. Енді Еңбек Ері келер жылы аудандағы әлеуметтік аз қамтылған 10 отбасына тұрғын үй салып беруді жоспарлап отыр. Осындай игі істердің нәтижесінде И.Шағыртаев былтыр меценаттық қызметі үшін республикалық «Жомарт жүрек» байқауында «Туған өлке» номинациясын иеленген болатын.
Иә, ол қандай жетістікке жетсе де аймақ жұрты қуанады. Кеше Еңбек Ері атанғанда да әлеуметтік желіде ағамыздың лайық екенін жарыса жазды. Көптің көңілінен шығу үшін әлбетте үлкен ізденіс, қажырлы еңбек қажет. Қос қасиеттің бір азаматтың бойында тоғысуының арқасында осындай жетістікке жетті деп ойлаймыз. Жалағаш жұрты Еңбек Ерімен мақтанады.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!