Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-6°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 07:37

Судың да сұрауы бар

30.10.2023

2882

0

Су – тіршілік көзі, күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі. Оған бар тіршілік атаулы тәуелді. Дана халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Ал біздің күнделікті судың қадірін біле бермейтініміз ащы шындық. Тәулік бойы сарқырап су ағып тұрған соң бір тамшы суға зар болған жандарды түсіне бермейміз. Қара судың қадірі барлығымыз үшін маңызды. Әсіресе жаздың ыстығында тіршілік көзінің тоқтамауын тілейміз. Шүкір, бүгінде жалағаштықтар ауыз судың тапшылығын сезінбейді, бұрынғыдай ауыз суды тасып ішетіндер жоқтың қасы десек те болады, әрбір тұрғынның үйіне жеке-жеке құбыр тартылған. Мұнан басқа ауыз су мәселесінде ауыз толтырып айтар басқа нендей жаңалықтар бар? Сараптайық…

Су сарқылуда

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімет­теріне сүйенсек, бүгінде әлем халқының жар­ты­сына жуығы су тапшылығын сезі­нуде. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 млрд адам тұщы су көз­деріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, ан­ти­санитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Өкініштісі, оның көбі – бала­лар. Ал ғалымдардың пікі­рінше, 2040-2050 жылдарға қарай су тап­шылығы дағдарысы шын мәнінде әлемдік сипат алмақ. Осының аясында бү­гінде келесі соғыс мұнай немесе газ үшін емес, су үшін болады деген қауесет қау­лап тұр. Кейбір елдердегідей аса қат бол­мағанмен, Қазақстанда да ауыз су мәселесі бар.
Worldometers-тің мәліметінше, Қазақ­стан Орталық Азияның өзге елдері сияқты су пайдалануда көш басында тұр. Мә­селен, елімізде күн сайын жан басына шаққанда жұмсалатын судың мөлшері 3,5 мың литрді құрайды. Салыстырып көрсек, көршілес Ресейде бұл көрсеткіш бар-жоғы 1,3 мың литр, Украинада 604 литр, ал Ұлыбританияда 348 литр екен. Түркіменстан тіпті 16,3 мың литр көр­сеткішпен бәрінен алда келеді. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан орналасқан. Өнеркәсібі дамыған ел АҚШ-тың өзі 3,8 мың литрмен осы елдерден кейін жайғасыпты.
Су ресурстары комитетінің айтуынша, еліміз бойынша 1 млрд текше метр су тұрмыс қажетіне жұмсалады. Ал ауыл ша­руашылығы дақылдарын суаруға 13 млрд текше метр су пайдаланылады. Біздегі Іле, Ертіс, Жайық, Талас, Сыр­дария сияқты ірі өзендердің барлығы көрші елдерден, атап айтқанда, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан бас­тау алады және түрлі себептермен бұл сулардың қоры жылдан-жылға азаюда. Сондықтан трансшекаралық өзен­­дерді тиімді пайдалануды мемлекет­аралық келісімдер негізінде шешу өзекті мәселеге айналды.

5 өңірде 9 су
қоймасы салынады

Ауыз су тапшылығы қазіргі заманның жаһандық өзекті мәселесіне айналғанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ерекше атап өтті. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екенін айта келе, Пре­зидент жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керектігін ескертті.
«Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет» деген Мемлекет басшысы, Үкіметке су пайдалануды реттеу және оны үнем­деу технологиясын енгізу жұмысын ынта­ландыру үшін нақты шешімдер әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнеммен пай­далану үшін аса маңызды 120 канал қайта жаңғыртылатынын, Ақмола, Ал­­маты, Ба­тыс Қазақстан, Жамбыл, Қызыл­орда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынатынын мәлімдеді.
Жалпы елімізде ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қара­мастан, ауыз су мәселесінің әлі шешімін тап­пағанына тоқталған Президент, өңір­лерді дамытудың ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде халықтың 100 пайы­зын таза ауыз сумен қамтамасыз ету Үкіметтің алдында тұрған басты мін­дет екенін айтты. Осы орайда Мем­лекет басшысының Жарлығымен Су ре­сурс­тары және Ирригация минис­трлігінің құры­луы – осы бағытта атқарылар іс-шараларға айрықша мән беріліп отыр­ғанының айғағы.

100 пайыз ауыз
сумен қамтылған

«Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өн­дірістік бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Әбдуаитовтың мә­ліметінше, аудан ауыз сумен 100 пайыз қамтылған. Қазіргі таңда өңір бойынша 19 су айдау насосы бар. Елді мекендер бойынша 16, кентте 3 насос стансасы жұмыс жасап тұр. Биыл «Ақте­рек» насос стансасының құрылысы аяқ­талып, қа­был­данған. Алдағы уақытта бөлім­шенің теңгеріміне беріледі.
– Соңғы жылдары аудан бойынша бір­шама елді мекендегі насос стансалар жаңартылды. Алайда қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туын­­даған Есет батыр елді мекенінің насос стан­сасы бар. Яғни толықтай жаң­ғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар Мәдениет, Жаңаталап және Бұ­қарбай батыр ауылдарының ауыз су мұ­нарасын ауыстыру жұмыс­тары ке­зек күттірмес мәселе болып отыр. Жалпы ауыз су құбырлары по­ли­этилен ПЭ мар­калы құбырмен жүр­гізілген. Десе де құдық ішіндегі фа­сонды бөліктерінің тозу жағдайлары көп­теп орын алуда. Қал­пына келтіру жұ­мыстары «Жалағаш ау­данының оқ­шау сумен жабдықтау жүйе­лерін пай­да­ланушы» өндірістік бөлім­шесінің жұ­мыс­шылары арқылы қал­пына келті­рілуде. Орталық диспетчерге аудан бойынша күнделікті апаттық жағ­дай тір­келіп отырады. Сондықтан кент және ауылдық елді мекендер бойынша апат­­тық жағдайларды қал­пына кел­ті­ріп, халықты ауыз сумен үздіксіз қам­тамасыз етуде жұмысшы топ құ­ра­мының еңбегі зор, – дейді Қуаныш Оңдасынұлы.
Жауапты маман ауыз судың тап­шылығы бар екенін де жасырмады. Ол тіршілік көзін үнемдеу үшін халыққа ауыз суды аты айтып тұрғандай, тек тұр­мыстық мақсатқа пайдалануға үндеу тастауда. Яғни ауыз суды өндіру, тарату қанша шығын әкелетінін осы сала ма­мандары ғана емес, халық та түсінсе дейді. Сонымен қатар тіршілік көзіне әр­қайсысымыз асқан жауапкершілікпен қарап, ауыз суды бау-бақша, құрылыс жұ­мыс­­тарына пай­да­лан­бауды ескертеді.

Тариф неге өседі?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суды үнемдеуге ерекше назар ау­дарғанын жоғарыда айтып өттік. «Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі ке­рек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнем­­деуіміз қажет» деді Президент. Сондықтан халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, шығындарды өтеу мақ­сатында ауыз су құны өсетініне нақты болжам бар.
Қуаныш Оңдасынұлының айтуынша, ауданда ауыз су тарифі 384,93 теңге болып бекітілген. Су есептігіш құралын орнатқан жеке тұрғын үйлер мемлекеттен берілген субсидия жеңілдігімен 1 м3 ауыз суға 30 теңге төлем жасайды. Су есеп­тегіш құра­лынсыз ауыз суды тұ­тынатын тұр­ғындар жан басына 146 теңгемен есеп жүргізеді. Алайда бүгінде тариф қайта қаралып, 2024 жылға аяқ су құнын көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Ауыз су тарифін қайта қарау жұмыс­тары халықты ауыз сумен қам­тамасыз ету жұмыстарының өзін-өзі ақтамау себе­бінен туындап отыр. Ең­бек­ақы, электр энергиясы, са­лық, ма­те­риалдар есебі зор шығын келті­руде. Алдағы уақытта жұ­мыс­шылардың ай­­лығын көтеру және техникаларды жаңа­­лау жұмыстырын мақсат етіп қой­­дық. Облыс көлеміндегі төменгі ай­лық ауыз су саласындағы жұ­мысшы-қыз­­меткерлердікі бол­ғандықтан, осы қадамдарды жасау жоспарланған, – дейді жауапты маман.
Жалпы аудан бойынша су есептегіш құралымен ауыз су пайдаланушы жеке тұрғын үйлер 45 пайызды құрайды. Су есептегіш құралынсыз ауыз су тұтынуда ең төмен нәтиже кент орталығы болып отыр. Су есептегіш құралын орнату жұ­мыстары «Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайда­ланушы» өндірістік бөлімшесі тарапынан ақылы түрде жүргізіледі. Бекітілген каль­куляция бойынша орнату құны 3 500 теңге көлемінде. Су есептегіш құ­ралы және материалдары тұтынушы есе­бі­нен, алайда бөлімше қызметкерлері та­ра­пынан дұрыс орнатылғаны жөнінен тек­серіліп, пломба басу жұмыстары атқарылады.
Жаз мезгілінде тұрғындар бау-бақша мен құрылыс жұмыстарына көп­теп ауыз су пайдаланғандықтан су тап­шылығы орын алуда. Сондай-ақ аудан кө­леміндегі көлік жуу орталықтары да ауыз суды ысырап етуде. Бір қызығы, арнайы заң болмағандықтан, жауапты мекеме бұл іс-әрекетке шектеу қоя алмайды екен. Нақтырақ тоқталсақ, көлік жуу орталықтары және басқа да заңды тұлғалар 1 м3 ауыз суға толық тарифпен, яғни 384,93 теңгемен төлем жүргізеді.

Төлем жасауда
неге құлықсызбыз?

Шыны керек, Жалағашта ауыз су құнын төлеу үлкен мәселеге айнал­ған. Тұрғындар ауыз суға бейжай қара­ған­дықтан, төлем жүргізуге құлықсыз кө­рінеді. Жеке және заңды тұлғалар ауыз су төлемінен жалтаруға, төлем жасамауға бейім болып отыр. Дегенмен төлем жасамағандарды толықтай ауыз су жүйесінен ажыратып тастауға ау­дан­­дағы жауапты бөлімше құ­қылы екен. Алайда ауыз су тіршілік көзі бол­ғандықтан, бөлімшенің «Төлем жүр­гізеді ғой» деп түсіністік танытып отырған жайы бар. Бірақ бұл жақсылықты түсінген халық жоқ, төлем жүргізу қарқыны тө­мен қалпында. Иә, сусыз тіршілік жоқ, сондықтан жауапты бөлімше ау­дан жұртын ауыз су төлемімен уақы­тылы толықтай есептесуге үндейді.
Тұтынған ауыз су құнын «Kaspi» қосымшасы арқылы, сондай-ақ төлем жүргізу бөлігіндегі ОДСП Арал бөлім­ше­сіне тұтыну бет есебін енгізу арқылы тө­леуге болады. Бет есебін инспектор бақылаушыдан немесе төлем жүргізген түбіртектен алады.

Сапа сын
көтере ме?

Әрине «ауыз суға уақытылы төлем жүргізіп отырмыз, ал судың сапасы көңіл көншітеді ме?» деген сұрақтың тұрғындар арасында туын­дай­тыны заңдылық. Ау­дан­дағы жауапты бөлімшемен ауыз су сапасын жақсарту мақсатында жы­лына 2 рет диззенфекция жұмыстары ат­қарылады. Аудандық СЭС мамандары ай сайын ауыз су сапасын тексеру үшін, елді мекендерді аралап, су сынамасын алады. Егер ауыз судың халық тұтынуға жарамсыз күйде екені анықталса, СЭС тарапынан дереу ескерту беріліп, бө­лімше тарапынан қосымша жұмыстар жүргізіледі.

Түйін. Шүкір, Жалағаш жұрты ауыз судан тапшылық көрмейді, тұты­натын сапалы су толықтай қол­жетімді. Өкініштісі, бүгінде елімізде шамамен 1500-ге жуық ауыл са­палы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Осы ретте бүгінге дейін ауыз су мәселесін шешуге бағытталған бірнеше бағ­дар­­­­лама да әзірленген. Бүгінде соның ішінде халық «Нұрлы жер» бағ­­дарламасынан үмітті. Бағдарлама аясында еліміздегі ауыз су мәсе­лесін ше­шуге 230 млн доллар қаржы бөлінген. Бағдарламаның негізінде 2025 жылға дейін қазақстандықтар 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі қажет.
Су тамшыдан құралады. Зерттеу нә­тижесіне сүйенсек, бір тұрғын жылына 20 мың литр суды ысырап қылады екен. Әрине ойланатын мәселе. Сондықтан бүкіл әлем халқына суды үнемдеу жөнінде үздіксіз үгіт-насихат жүргізу керек. Ауыз су тапшылығы қаупі төнген жағ­дайда ел-жұртқа тіршілік көзі, ырыс­тың өзі саналатын аса маңызды ре­сурсты үнем­мен пайдалану мә­дениетін ұғын­дыру қажет.

Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: