Су – тіршілік көзі, күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі. Оған бар тіршілік атаулы тәуелді. Дана халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Ал біздің күнделікті судың қадірін біле бермейтініміз ащы шындық. Тәулік бойы сарқырап су ағып тұрған соң бір тамшы суға зар болған жандарды түсіне бермейміз. Қара судың қадірі барлығымыз үшін маңызды. Әсіресе жаздың ыстығында тіршілік көзінің тоқтамауын тілейміз. Шүкір, бүгінде жалағаштықтар ауыз судың тапшылығын сезінбейді, бұрынғыдай ауыз суды тасып ішетіндер жоқтың қасы десек те болады, әрбір тұрғынның үйіне жеке-жеке құбыр тартылған. Мұнан басқа ауыз су мәселесінде ауыз толтырып айтар басқа нендей жаңалықтар бар? Сараптайық…
Су сарқылуда
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінуде. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 млрд адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Өкініштісі, оның көбі – балалар. Ал ғалымдардың пікірінше, 2040-2050 жылдарға қарай су тапшылығы дағдарысы шын мәнінде әлемдік сипат алмақ. Осының аясында бүгінде келесі соғыс мұнай немесе газ үшін емес, су үшін болады деген қауесет қаулап тұр. Кейбір елдердегідей аса қат болмағанмен, Қазақстанда да ауыз су мәселесі бар.
Worldometers-тің мәліметінше, Қазақстан Орталық Азияның өзге елдері сияқты су пайдалануда көш басында тұр. Мәселен, елімізде күн сайын жан басына шаққанда жұмсалатын судың мөлшері 3,5 мың литрді құрайды. Салыстырып көрсек, көршілес Ресейде бұл көрсеткіш бар-жоғы 1,3 мың литр, Украинада 604 литр, ал Ұлыбританияда 348 литр екен. Түркіменстан тіпті 16,3 мың литр көрсеткішпен бәрінен алда келеді. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан орналасқан. Өнеркәсібі дамыған ел АҚШ-тың өзі 3,8 мың литрмен осы елдерден кейін жайғасыпты.
Су ресурстары комитетінің айтуынша, еліміз бойынша 1 млрд текше метр су тұрмыс қажетіне жұмсалады. Ал ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға 13 млрд текше метр су пайдаланылады. Біздегі Іле, Ертіс, Жайық, Талас, Сырдария сияқты ірі өзендердің барлығы көрші елдерден, атап айтқанда, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан бастау алады және түрлі себептермен бұл сулардың қоры жылдан-жылға азаюда. Сондықтан трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалануды мемлекетаралық келісімдер негізінде шешу өзекті мәселеге айналды.
5 өңірде 9 су
қоймасы салынады
Ауыз су тапшылығы қазіргі заманның жаһандық өзекті мәселесіне айналғанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ерекше атап өтті. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екенін айта келе, Президент жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керектігін ескертті.
«Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет» деген Мемлекет басшысы, Үкіметке су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнеммен пайдалану үшін аса маңызды 120 канал қайта жаңғыртылатынын, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынатынын мәлімдеді.
Жалпы елімізде ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесінің әлі шешімін таппағанына тоқталған Президент, өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екенін айтты. Осы орайда Мемлекет басшысының Жарлығымен Су ресурстары және Ирригация министрлігінің құрылуы – осы бағытта атқарылар іс-шараларға айрықша мән беріліп отырғанының айғағы.
100 пайыз ауыз
сумен қамтылған
«Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Әбдуаитовтың мәліметінше, аудан ауыз сумен 100 пайыз қамтылған. Қазіргі таңда өңір бойынша 19 су айдау насосы бар. Елді мекендер бойынша 16, кентте 3 насос стансасы жұмыс жасап тұр. Биыл «Ақтерек» насос стансасының құрылысы аяқталып, қабылданған. Алдағы уақытта бөлімшенің теңгеріміне беріледі.
– Соңғы жылдары аудан бойынша біршама елді мекендегі насос стансалар жаңартылды. Алайда қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындаған Есет батыр елді мекенінің насос стансасы бар. Яғни толықтай жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар Мәдениет, Жаңаталап және Бұқарбай батыр ауылдарының ауыз су мұнарасын ауыстыру жұмыстары кезек күттірмес мәселе болып отыр. Жалпы ауыз су құбырлары полиэтилен ПЭ маркалы құбырмен жүргізілген. Десе де құдық ішіндегі фасонды бөліктерінің тозу жағдайлары көптеп орын алуда. Қалпына келтіру жұмыстары «Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінің жұмысшылары арқылы қалпына келтірілуде. Орталық диспетчерге аудан бойынша күнделікті апаттық жағдай тіркеліп отырады. Сондықтан кент және ауылдық елді мекендер бойынша апаттық жағдайларды қалпына келтіріп, халықты ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуде жұмысшы топ құрамының еңбегі зор, – дейді Қуаныш Оңдасынұлы.
Жауапты маман ауыз судың тапшылығы бар екенін де жасырмады. Ол тіршілік көзін үнемдеу үшін халыққа ауыз суды аты айтып тұрғандай, тек тұрмыстық мақсатқа пайдалануға үндеу тастауда. Яғни ауыз суды өндіру, тарату қанша шығын әкелетінін осы сала мамандары ғана емес, халық та түсінсе дейді. Сонымен қатар тіршілік көзіне әрқайсысымыз асқан жауапкершілікпен қарап, ауыз суды бау-бақша, құрылыс жұмыстарына пайдаланбауды ескертеді.
Тариф неге өседі?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суды үнемдеуге ерекше назар аударғанын жоғарыда айтып өттік. «Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет» деді Президент. Сондықтан халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, шығындарды өтеу мақсатында ауыз су құны өсетініне нақты болжам бар.
Қуаныш Оңдасынұлының айтуынша, ауданда ауыз су тарифі 384,93 теңге болып бекітілген. Су есептігіш құралын орнатқан жеке тұрғын үйлер мемлекеттен берілген субсидия жеңілдігімен 1 м3 ауыз суға 30 теңге төлем жасайды. Су есептегіш құралынсыз ауыз суды тұтынатын тұрғындар жан басына 146 теңгемен есеп жүргізеді. Алайда бүгінде тариф қайта қаралып, 2024 жылға аяқ су құнын көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Ауыз су тарифін қайта қарау жұмыстары халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарының өзін-өзі ақтамау себебінен туындап отыр. Еңбекақы, электр энергиясы, салық, материалдар есебі зор шығын келтіруде. Алдағы уақытта жұмысшылардың айлығын көтеру және техникаларды жаңалау жұмыстырын мақсат етіп қойдық. Облыс көлеміндегі төменгі айлық ауыз су саласындағы жұмысшы-қызметкерлердікі болғандықтан, осы қадамдарды жасау жоспарланған, – дейді жауапты маман.
Жалпы аудан бойынша су есептегіш құралымен ауыз су пайдаланушы жеке тұрғын үйлер 45 пайызды құрайды. Су есептегіш құралынсыз ауыз су тұтынуда ең төмен нәтиже кент орталығы болып отыр. Су есептегіш құралын орнату жұмыстары «Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі тарапынан ақылы түрде жүргізіледі. Бекітілген калькуляция бойынша орнату құны 3 500 теңге көлемінде. Су есептегіш құралы және материалдары тұтынушы есебінен, алайда бөлімше қызметкерлері тарапынан дұрыс орнатылғаны жөнінен тексеріліп, пломба басу жұмыстары атқарылады.
Жаз мезгілінде тұрғындар бау-бақша мен құрылыс жұмыстарына көптеп ауыз су пайдаланғандықтан су тапшылығы орын алуда. Сондай-ақ аудан көлеміндегі көлік жуу орталықтары да ауыз суды ысырап етуде. Бір қызығы, арнайы заң болмағандықтан, жауапты мекеме бұл іс-әрекетке шектеу қоя алмайды екен. Нақтырақ тоқталсақ, көлік жуу орталықтары және басқа да заңды тұлғалар 1 м3 ауыз суға толық тарифпен, яғни 384,93 теңгемен төлем жүргізеді.
Төлем жасауда
неге құлықсызбыз?
Шыны керек, Жалағашта ауыз су құнын төлеу үлкен мәселеге айналған. Тұрғындар ауыз суға бейжай қарағандықтан, төлем жүргізуге құлықсыз көрінеді. Жеке және заңды тұлғалар ауыз су төлемінен жалтаруға, төлем жасамауға бейім болып отыр. Дегенмен төлем жасамағандарды толықтай ауыз су жүйесінен ажыратып тастауға аудандағы жауапты бөлімше құқылы екен. Алайда ауыз су тіршілік көзі болғандықтан, бөлімшенің «Төлем жүргізеді ғой» деп түсіністік танытып отырған жайы бар. Бірақ бұл жақсылықты түсінген халық жоқ, төлем жүргізу қарқыны төмен қалпында. Иә, сусыз тіршілік жоқ, сондықтан жауапты бөлімше аудан жұртын ауыз су төлемімен уақытылы толықтай есептесуге үндейді.
Тұтынған ауыз су құнын «Kaspi» қосымшасы арқылы, сондай-ақ төлем жүргізу бөлігіндегі ОДСП Арал бөлімшесіне тұтыну бет есебін енгізу арқылы төлеуге болады. Бет есебін инспектор бақылаушыдан немесе төлем жүргізген түбіртектен алады.
Сапа сын
көтере ме?
Әрине «ауыз суға уақытылы төлем жүргізіп отырмыз, ал судың сапасы көңіл көншітеді ме?» деген сұрақтың тұрғындар арасында туындайтыны заңдылық. Аудандағы жауапты бөлімшемен ауыз су сапасын жақсарту мақсатында жылына 2 рет диззенфекция жұмыстары атқарылады. Аудандық СЭС мамандары ай сайын ауыз су сапасын тексеру үшін, елді мекендерді аралап, су сынамасын алады. Егер ауыз судың халық тұтынуға жарамсыз күйде екені анықталса, СЭС тарапынан дереу ескерту беріліп, бөлімше тарапынан қосымша жұмыстар жүргізіледі.
Түйін. Шүкір, Жалағаш жұрты ауыз судан тапшылық көрмейді, тұтынатын сапалы су толықтай қолжетімді. Өкініштісі, бүгінде елімізде шамамен 1500-ге жуық ауыл сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Осы ретте бүгінге дейін ауыз су мәселесін шешуге бағытталған бірнеше бағдарлама да әзірленген. Бүгінде соның ішінде халық «Нұрлы жер» бағдарламасынан үмітті. Бағдарлама аясында еліміздегі ауыз су мәселесін шешуге 230 млн доллар қаржы бөлінген. Бағдарламаның негізінде 2025 жылға дейін қазақстандықтар 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі қажет.
Су тамшыдан құралады. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, бір тұрғын жылына 20 мың литр суды ысырап қылады екен. Әрине ойланатын мәселе. Сондықтан бүкіл әлем халқына суды үнемдеу жөнінде үздіксіз үгіт-насихат жүргізу керек. Ауыз су тапшылығы қаупі төнген жағдайда ел-жұртқа тіршілік көзі, ырыстың өзі саналатын аса маңызды ресурсты үнеммен пайдалану мәдениетін ұғындыру қажет.
Жандос Жазкен
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!