Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 20:05

Білімділердің бірегей ордасы

18.11.2023

609

0

Мектеп – тәрбие мен білімнің қазыналы ордасы. Бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, еліміздің келешегі кемел болары хақ. Шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық білім бәйгелерінде жыл сайын топ жарған Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 мектеп ұжымы да осы талапқа сай жұмыс жасауда.

Есімі елге мәлім қоғам қай­раткерінің атын арқалаған білім ошағынан да­рынды шәкірттердің көптеп шығуы да заңдылық. Туған жеріне адал қызмет етіп, саналуан тақырыпқа қалам тербеген талантты азаматтың басшылық, іскерлік қабілеті көпке үлгі.
Зейнолла Жарқынбаев атындағы мек­теп 2009 жылы ел игілігіне берілген. Мектеп ғимараты «100 мектеп, 100 ауру­хана» бағдарламасы бойынша типтік жобада 1100 орынға лайықталып са­лынған. Қазіргі таңда онда 707 оқушы білім алуда.
Мектеп қазіргі заман талабына сай материалдық-техникалық базамен, за­ма­науи кабинеттермен қамтамасыз етіліп, әр кабинет техникалық құралдар мен ком­пьютерлер, интерактивті тақ­талармен, сон­дай-ақ әр пәнді терең оқытуға мүм­кіндік беретін оқу бөл­мелерімен қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Атап айтар болсақ, жаңа модификациялы фи­зика, химия, кабинеттерін аталған білім ордасынан табуға болады. Сонымен қатар аудан бойынша алғаш рет мектепте биыл «Qazaqstan halquna» республикалық қоры есебінен r-red robotics education кабинеті жасақталған. Бұдан бөлек мектеп түлегі, «Мұрагер» сыйлығының иесі, Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, фоль­клортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Жү­сіпов атындағы арнайы дәрісхана да бар.
Биылғы оқу жылында 62 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттаған. Бәсекеге қабілетті білімді тұлға қалыптастыруды мақсат еткен мектеп ұжымының бүгінде жетістігі көп.
Мәселен, білім берудегі жаңашыл, шы­ғар­машыл, нәтижелі еңбегі, жо­ғары жетістіктері мен білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін биыл арнайы «Үздік инновациялық мектеп» номинациясын ие­леніп, 4 млн теңге қаржылай сыйақымен ма­рапатталған. Бұдан бөлек білім саласын дамытуға және педагог кадрлардың әлеуе­тін арттыруға қосқан үлесі үшін «Білім шыңы», «Шабыттың ақ желкені», «Білім­нің биік тұғыры», «Үздік жаңашыл мектеп», «Білім бәйтерегі» сынды бір­неше номинацияға қол жеткізген.

Былтыр Зейнолла Жарқынбаев атын­дағы мектеп оқу жылын үлкен жетістікпен қорытындылады. Биыл да оқу жылын бұдан да жоғары жетістікпен тәмамдауды көздеп отыр.
2022-2023 оқу жылында мектепті 31 түлек бітірген. Оның ішінде 4 оқушы – «Алтын белгі», 2 оқушы – «Үздік аттестат» иесі. ҰБТ нәтижесімен түлектер 100 пайыз мемлекеттік грантпен жоғары және арнаулы оқу орындарына түскен. 25 оқушы жоғары оқу орнының студенті болса, 6 оқушы ақысыз негізде арнаулы оқу орнында білім алуда.
– Биыл түлектердің ҰБТ-ға дайын­дығы жаман емес. Қазіргі таңда мектеп ұжымы мен ата-аналар үмітін арқалаған 47 түлектің 1-еуі «Алтын белгіге», 4-еуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Мұға­лім­­дердің тынымсыз ең­бегі мен уақы­тылы дайындықтың нә­тижесінде оқушы­ла­ры­мыз алдын ала дайындық сынақ­та­рынан жоғары балл жинауда. Мектепте оқушыларға мүмкіндігінше сапалы білім беріп, тұлға қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Оқушыларымыз жан-жақты, үнемі ізденіс үстінде. Білікті маман­дардан білім алатын шәкірт­теріміздің зерек болуы да заңдылық. Білекпен емес, біліммен озатын заманда оқушыларымыз жыл сайын түрлі байқаулар мен білім бәй­гелерінен, әсіресе ҰБТ-да жоғары нә­тиже көрсетуде. Әрине оның артында ұс­таздардың әр сабақты бір сарынмен өткізбей, оқушыларды жалықтырып ал­мауда жаңаша, тың идеялармен тәжірибе алмасу арқылы өткізіп жатқан ерен еңбегі бар, – дейді мектеп директоры Гүлнар Бекмолдаева.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақ­сы» демекші, бұл саладағы жұ­мыс­тың жемісті болуы ең алдымен маманның біліктілігіне байланысты. Биылғы оқу жылында мек­теп оқушы­ларының пән­дік олимпиада, ғы­­лыми жоба сынды білім бәйгелерінде бақ­ сынап, жүлделі орын иеленуі сөзімізді қуаттайды.
Оқу жылы басталғалы аудандық сайыс­тардан мектептің 17 оқушысы жүл­дегер атанған, ал облыста 2 оқушы, рес­публикалық сайыс­тарда 2 оқушы мектеп абыройын асқақтатқан.
Мұнда балалардың ыстық тамақпен қамтылуы да бір ізге түскен. Мектепте 390 оқушы сапалы ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде 1-4 сынып аралығында оқитын 289 бала бар. Бүгінге дейін бұған қатысты ата-аналар тарапынан арыз-шағым түспеген. Мектеп директорының оқушыларға берілетін астың сапасы қатаң бақылауында екен.
Директордың оқу ісі жөнін­дегі орын­басары Жазира Ұзаққызы балалар бір ауысымда білім алатынын айтады. Ал түстен кейін олар бос уақытын тиімді пай­далану мақсатында түрлі үйірмелер мен қосымша сабақтарға қатысады. Бү­гінде мектепте 17 үйірме тұрақты жұ­мыс жасауда. Мәселен, «Қылқалам», «Ақ­моншақ» үйірмесі мен «Домбыра» ұлттық-аспаптар ансамблі қолөнер мен түрлі спорттық ойындарды меңгеруге бағыт­талған. Оқушылар бойындағы талапты, шығармашылық қабілетті шыңдайтын үйірме­ мүшелері толағай табысқа жетіп, облыстық, республикалық жарыс­тарда туындылары топ жарған.
Мектепте оқушы­ларды білім-ғылымға бау­литын түрлі шаралар көбіне кітап­ха­­наның ұйымдастыруымен өтеді. Күн сайын іші балаға толатын кітап­хана қорында 47 989 кітап болса, оның ішінде 10075-і – әдеби әдістемелік, 28 332-сі – оқулық, 500-і – балаларға арналған кітап.
Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фара­бидің «Тәрбиесіз берілген білім – адам­заттың қас жауы» дегенін ескерсек, ел ертеңі болған жастарды тұлға етіп қа­лып­тастыруда білім беріп қана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне де басымдық берген жөн. Осы бағыттағы ұстаздар ұжымының еңбегі де өз жемісін беруде.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: