Кезекті Үкімет отырысында авиация саласын дамыту мәселелері қаралды. Өз саласы бойынша Көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, биыл 11 айда отандық әуе компаниялары 12,3 млн жолаушы тасымалдаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға жоғары. Жыл қорытындысымен аталған көрсеткішті 13 млн-ға дейін жеткізу жоспарда бар.
Әуежайларда қызмет көрсету көлемі 25 пайызға артып, 24 млн жолаушыны құрады. Айтарлықтай өсім Алматы және Астана әуежайларында байқалады, онда биыл тиісінше рекордтық 9 млн және 7 млн жолаушыға қызмет көрсетілген. Сондай-ақ әуежайларда өңделген жүк көлемі де ұлғайып, жыл басынан бері көрсеткіш 130 мың тоннаны құрады.
Министрдің сөзінше, әуе тасымалына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Келер жылы наурыз айында Шымкент, мамыр айында Қызылорда және маусым айында Алматы қалаларындағы әуежайларда жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысы аяқталады. Аталған жұмыстарға 150 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылған. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Алматы қаласы әуежайының өткізу қабілеті 5, Қызылорда әуежайынікі 6, Шымкенттікі 7 есе ұлғаяды.
Келер жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторы астаналық әуежайдың ұшу-қону жолағын өз қаражаты есебінен реконструкциялауға кіріседі, бұл – жаңа басқарушы компанияның алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Сондай-ақ 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын және Балқаш қаласы әуежайының перроны мен жүру жолағын реконструкциялау бойынша жұмыстар басталады.
Бүгінде Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайларын осы салада тәжірибесі бар жаһандық ірі инвесторларға сенімгерлік басқаруға беру бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Жалпы аталған жұмыстарға 2,4 млрд доллар жеке инвестиция, соның ішінде шетелдік инвестициялар тартылып жатыр. Алдағы уақытта елдің транзиттік әлеуетін бұдан әрі арттыру мақсатында жерүсті инфрақұрылымын дамыта отырып, 3 бағытта жұмыс атқарылады.
Министрдің сөзінше, отандық зауыттардың өндірісін JET A-1 өндірісіне қайта бағдарлау авиаотын көлемінің айтарлықтай ұлғайтпайды. Оған қоса барлық әуежайдың инфрақұрылымын JET A-1 қабылдауға өткізу үшін қомақты қаражат қажет. Сондықтан әуежайлар өз мүмкіндіктерін ескере отырып, ретімен қажеттіліктеріне қарай осы жанармай маркасын пайдалануға көшеді. Бұдан басқа авиаотынның түпкілікті құнына әсер ететін делдалдық құрылымдарды болдырмау мақсатында импорттық авиаотынды шетелдік мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей сатып алу мәселесі пысықталуда.
Көлік министрінің мәлімдеуінше, әуежайлардағы арнайы техника мен жабдықтардың тозу деңгейі 50 пайызды құрайды, жуырда 230 техниканы жаңарту қажет. Сонымен қатар барлық әуежайда мобильділігі төмен жолаушыларға қажетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін мүгедектер арбасын және амбулифт сатып алу маңызды мәселе болып тұр. Бұл жобаларды қаржыландыру жұмыстары жеке әуежайлар үшін өз қаражаты немесе жеңілдетілген несие беру есебінен атқарылады.
Министр әуе арқылы тасымалдау желісі, оның ішінде ішкі және халықаралық тасымалдарды дамыту, әуе кемелерінің паркін толықтыру, шағын авиацияны дамыту және кадрмен қамтамасыз ету туралы сөз қозғады. Ішкі әуе тасымалдарын қазақстандық 5 тасымалдаушы жүзеге асырады. Аптасына 644 рейс орындалады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық.
Ұшу қолжетімділігін қамтамасыз ету және ішкі туризмді дамыту мақсатында әуе бағыттарын субсидиялау механизмдері қолданылады. Биыл халықты қолжетімді әуе тасымалдарымен қамтамасыз ету үшін 9 облыста 23 әуе бағытын субсидиялауға республикалық бюджеттен 6,9 млрд теңге бөлінген. Келер жылы бұл қаражат ұлғайып, 8,2 млрд теңгеге жетіп отыр.
– Халықаралық әуе тасымалдары бойынша қазіргі уақытта 28 елмен 110 бағытта рейстер орындалады. Соңғы екі жылда Милан, Доха, Абу-Даби, Эль-Кувейт және басқа да қалаларға 32 халықаралық әуе бағыты ашылды. Алдағы 2024-2025 жылдары Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк қалаларына рейстер ашылады, – деді Марат Қарабаев.
Биыл Қазақстанға ұшуға 6 шетелдік әуе компаниясына рұқсат берілді. Оған қоса «ашық аспан» режиміне түзетулер енгізіліп, «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалануға барлық шектеу алынып тасталған. Нәтижесінде 2024 жылы 14 наурыздан бастап азиялық ірі лоукостер «Air Asia» компаниясы Алматы – Куала-Лумпур бағытында рейстерді орындауға кіріседі және «ашық аспан» режимін қолдана отырып, Алматыдан әрі қарай Жидда қаласына рейстерді орындайды. Бұның барлығы нарықта бәсекелестікті күшейтеді және билеттердің қолжетімділігін арттырады.
Жалпы 2025 жылдың соңына дейін қол қойылған шарттарға сәйкес әуе паркі 25 ұшақпен толықтырылып, барлығы 124 ұшақты құрайды. Ондағы орындар саны 32 пайызға артады. Борттар санының артуы әуе билеттері құнының және әуе рейстерінің кешігу деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді.
Оған қоса жүк тасымалы сегментін дамыту мақсатында 3 жаңа жүк әуе тасымалдаушысы құрылу сатысында. Шағын авиацияны дамыту үшін бюджет қаражаты есебінен Балқаш, Үшарал және Үржар әуежайларындағы ұшу-қону жолақтары жаңғыртылды, Үшаралда жаңа аэровокзал салынды. Сонымен қатар қуаты аз әуежайлар және аталған әуежайларға ұшатын рейстер мемлекет тарапынан субсидиялануда. Алдағы 2-3 жылға арналған жоспарда Балқаш және Үржар әуежайларын жаңғыртуды жүзеге асыру, сондай-ақ Қарқаралы, Ұлытау, Зайсан және Катонқарағай әуежайларын салу мәселесі пысықталуда.
Ерлан АНУАРҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!