Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жексенбі, 13 қазан, 16:10

Қызылорда әуежайының
өткізу қабілеті артады

23.12.2023

338

0

Кезекті Үкімет отырысында авиация саласын дамыту мәселелері қаралды. Өз саласы бойынша Көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, биыл 11 айда отандық әуе компаниялары 12,3 млн жолаушы тасымалдаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға жоғары. Жыл қорытындысымен аталған көрсеткішті 13 млн-ға дейін жеткізу жоспарда бар.

Әуежайларда қызмет көрсету кө­ле­мі 25 пайызға артып, 24 млн жо­­лау­шыны құрады. Айтарлықтай өсім Алматы және Астана әуежайларында бай­қалады, онда биыл тиі­сін­ше ре­корд­тық 9 млн және 7 млн жолау­шыға қызмет көрсетілген. Сон­дай-ақ әуежайларда өңделген жүк көлемі де ұлғайып, жыл басынан бері көр­сет­кіш 130 мың тоннаны құрады.
Министрдің сөзінше, әуе тасыма­лына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әуежай инфра­құрылымын жаңғырту жұмыстары жал­­­ғасуда. Келер жылы наурыз айын­да Шымкент, мамыр айында Қызылорда және маусым айында Ал­маты қала­ла­рындағы әуежайларда жаңа жолау­шылар терминалдарының құры­лысы аяқталады. Аталған жұмыстарға 150 млрд теңгеден астам жеке ин­вестиция тартылған. Жобаларды жү­зеге асыру нә­тижесінде Алматы қаласы әуежайы­ның өткізу қабілеті 5, Қызыл­орда әуе­жайынікі 6, Шымкенттікі 7 есе ұлғаяды.
Келер жылы Біріккен Араб Әмір­лік­терінің инвесторы астаналық әуе­жайдың ұшу-қону жолағын өз қаражаты есебінен реконструкциялауға кіріседі, бұл – жаңа басқарушы компанияның алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Сондай-ақ 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын және Балқаш қа­ласы әуежайының перроны мен жүру жолағын реконструкциялау бойынша жұмыстар басталады.
Бүгінде Ақтөбе, Түркістан және Қы­зылорда әуежайларын осы са­лада тәжірибесі бар жаһандық ірі инвес­торларға сенімгерлік басқаруға беру бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Жалпы аталған жұмыстарға 2,4 млрд доллар жеке инвестиция, соның ішінде шетелдік инвестициялар тартылып жатыр. Алдағы уақытта елдің тран­зиттік әлеуетін бұдан әрі арттыру мақ­сатында жерүсті инфрақұрылымын да­мыта отырып, 3 бағытта жұмыс атқарылады.
Министрдің сөзінше, отандық за­уыт­­­тардың өндірісін JET A-1 өндірі­сіне қайта бағдарлау авиаотын көле­мінің айтарлықтай ұлғайтпайды. Оған қоса барлық әуежайдың инфрақұ­ры­лымын JET A-1 қабылдауға өткізу үшін қомақты қаражат қажет. Сондықтан әуежайлар өз мүмкіндіктерін ескере оты­рып, ретімен қажеттіліктеріне қа­рай осы жанармай маркасын пай­да­­лануға көшеді. Бұдан басқа авиа­отынның түпкілікті құнына әсер ететін делдалдық құрылымдарды бол­дыр­мау мақсатында импорттық авиа­отынды шетелдік мұнай өңдеу зауыт­та­рынан тікелей сатып алу мәселесі пысықталуда.
Көлік министрінің мәлімдеуінше, әуе­жайлардағы арнайы техника мен жабдықтардың тозу деңгейі 50 пайыз­ды құрайды, жуырда 230 техни­ка­ны жаңарту қажет. Сонымен қатар бар­лық әуежайда мобильділігі төмен жо­лаушыларға қажетті жағдайларды қам­тамасыз ету үшін мүгедектер арбасын және амбулифт сатып алу маңызды мәселе болып тұр. Бұл жобаларды қар­жыландыру жұмыстары жеке әуе­жайлар үшін өз қаражаты немесе жеңіл­детілген несие беру есебінен атқа­рылады.
Министр әуе арқылы тасымалдау же­лісі, оның ішінде ішкі және халық­ара­лық тасымалдарды дамыту, әуе ке­мелерінің паркін толықтыру, шағын авиа­цияны дамыту және кадрмен қам­та­масыз ету туралы сөз қозғады. Ішкі әуе тасымалдарын қазақстандық 5 та­сы­­­малдаушы жүзеге асырады. Апта­сы­­на 644 рейс орындалады, бұл өткен жыл­­­­мен салыстырғанда 7 пайызға артық.

Ұшу қолжетімділігін қамтамасыз ету және ішкі туризмді дамыту мақсатында әуе бағыттарын субсидиялау механизмдері қолданылады. Биыл халықты қолжетімді әуе тасымалдарымен қамтамасыз ету үшін 9 облыста 23 әуе бағытын субсидиялауға республикалық бюджеттен 6,9 млрд теңге бөлінген. Келер жылы бұл қаражат ұлғайып, 8,2 млрд теңгеге жетіп отыр.
– Халықаралық әуе тасымалдары бойынша қазіргі уақытта 28 елмен 110 бағытта рейстер орындалады. Соңғы екі жылда Милан, Доха, Абу-Даби, Эль-Кувейт және басқа да қалаларға 32 халықаралық әуе бағыты ашылды. Алдағы 2024-2025 жылдары Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк қалаларына рейстер ашылады, – деді Марат Қарабаев.
Биыл Қазақстанға ұшуға 6 шетелдік әуе компаниясына рұқсат берілді. Оған қоса «ашық аспан» режиміне түзетулер енгізіліп, «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалануға барлық шектеу алынып тасталған. Нәтижесінде 2024 жылы 14 наурыздан бастап азиялық ірі лоукостер «Air Asia» компаниясы Алматы – Куала-Лумпур бағытында рейстерді орындауға кіріседі және «ашық аспан» режимін қолдана отырып, Алматыдан әрі қарай Жидда қаласына рейстерді орындайды. Бұның барлығы нарықта бәсекелестікті күшейтеді және билеттердің қолжетімділігін арттырады.
Жалпы 2025 жылдың соңына дейін қол қойылған шарттарға сәйкес әуе паркі 25 ұшақпен толықтырылып, барлығы 124 ұшақты құрайды. Ондағы орындар саны 32 пайызға артады. Борттар санының артуы әуе билеттері құнының және әуе рейстерінің кешігу деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді.
Оған қоса жүк тасымалы сегментін дамыту мақсатында 3 жаңа жүк әуе тасымалдаушысы құрылу сатысында. Шағын авиацияны дамыту үшін бюджет қаражаты есебінен Балқаш, Үшарал және Үржар әуежайларындағы ұшу-қону жолақтары жаңғыртылды, Үшаралда жаңа аэровокзал салынды. Сонымен қатар қуаты аз әуежайлар және аталған әуежайларға ұшатын рейстер мемлекет тарапынан субсидиялануда. Алдағы 2-3 жылға арналған жоспарда Балқаш және Үржар әуежайларын жаңғыртуды жүзеге асыру, сондай-ақ Қарқаралы, Ұлытау, Зайсан және Катонқарағай әуежайларын салу мәселесі пысықталуда.

Ерлан АНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: