Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-6°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 07:04

Жер-су атаулары: тарихы мен тағдыры

18.01.2024

5788

0

Жалағаш ауданындағы жер-су атауларының шығу тегі мен тарихы әрқалай. Музей қызметкерлері бұған дейін де олардың тарихын зерттеп-зерделеген. Ауданның 85 жылдық мерейтойы қарсаңында солардың бірқатарын оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік.

Ақан мұнарасы

Ақан мұнарасы – Аламесек ауыл­дық округіндегі мұнара және қорым. Кісі есіміндегі некроним. Құттыбайұлы Ақан (1722-1793 ж.ж.) – Аташал Тама руы­нан шыққан белгілі диқан. Ақанның Тышқанбай, Естекбай, Шуақбай, Қо­сы­бай, Құжанбай, Сансызбай деген ұлдары егін егіп, мал баққан шаруа адамы болған. Ақан ата жер ың­ғайы­на қарап сиыр малын көп ұстапты. Қо­ныс аударып келген туыс-ту­ған­­дар­ға сауыннан көмектесіп, қамқор­лық көрсетіп отырған. Ақан ата бас­шы­лығымен егіншілікке бетбұрыс жа­са­лып, арықтар қазылады. Тары, арпа, бидай, жүгері егіліп, күнкөріс жақ­сара түскендіктен қоныс аударып ке­луші туғандар көбейеді. Ақан ата 1793 жылы дүние салып, Жаңадария жа­ға­сына жерленген. Ақан зиратының қабыр­ға­ла­ры құлап қалған жерге 2011 жылы Аламе­сек ауылының тұрғындары зәу­лім мұнара тұрғызған.

Алтынқорған

Алтынқорған – Жаңадария өзенінің оң жағалауында, Аламесек ауылдық округінің орталығы Есет батыр ауы­лы­ның солтүстік-шығысындағы ескі бе­кініс орны. Метафоралық әдіспен туын­даған топоним.

Көне асар орнының қалдығы Есет батыр ауылының солтүстігінде 3 ша­қырым жерде егіс алқабында ор­на­­­ласқан. Жергілікті тұрғындар қа­зіргі Алтынқорғанды бұрыңғы үл­кен қор­ғанның ішіндегі бекініс деп есеп­тейді.

Заманында қаланы биік әрі қалың етіп саз кесектен соғылған қорған күзет мұнараларымен бекіністелген. Бекініс түгелімен су толтырылған және тереңдігі адам бойынан терең болатын ор қоршап тұрған. Қожанияз, Алтынқорған, Күмісқорған және Мыңшоқы асарлары Ақмешіт пен Қуаңдария арасында қазақ ауылдарына билік жүргізу мақсатында салынған.

Қорғанның Алтынқорған аталу се­бебі Жаңадария өзенінің қос жаға­лауындағы бекініс-қорғандардың бас­тысы болған. Кезінде қабырғалары биік, төртбұрышты, айналасында қарауыл мұнаралары бар, бірнеше гектарға созылған қорған орнын 1960 жылдары инженерлік жүйемен егіс алқабына тегістеліп кеткен. Үлкен қорғанның ішкі бекінісінің қазіргі өлшемі – 60х60 метр, қабырғаларының биіктігі – 3 метр, қорған айналдыра тереңдігі 1,5 метр ормен қоршалған. Ор іздерінің ені – 10 метр. Қорған қабырғалары ыза судың салдарынан шөгіп кеткен.

1830 жылы Хиуа, Қоқан хандық­та­рына қарсы Бұқарбай, Тоғанас, Түлкібай батырлар бастаған көтерілісінде Кү­міс­қорған бекінісін алған кезде қа­сын­дағы Алтынқорған туралы ештеңе айтылмайды. 1852 жылдың 7 та­мы­зын­да орыс армиясының пол­ковнигі И.Бларамберг Күмісқорған бе­кінісін қи­ратқаны жөніндегі деректе де Алтын­қорған туралы мәлімет кездес­пейді. Сол себепті бұл бекініс ол оқи­ғаға дейін өмір сүруін тоқтатқан деп білеміз.

Шымбай жолы

Шымбай жолы – Сырдария өзенінің сол жағалауында, Жаңадария өзені бойымен өтетін ескі керуен жолы. Бұл жол ежелгі Жібекжолының бір тар­ма­ғының ізін басып жатыр. Шымбай жолы Қарақалпақстандағы Шымбай қаласының атауымен қалыптасып, Қызылорда қаласы 1925-1929 жыл­дары аралығында Қазақстанның аста­насы болған кезіңінде пайда болған дромоним.

Сол жылдары Қарақалпақ ав­то­но­миялы облыс ретінде Қазақ АССР-ның құрамында болғаны мәлім. 1928 жылы Қызылорда округі құрамында Аламесек ауданы құрылады. Шымбай жолы осы Аламесек арқылы қарақалпақтың Тақ­такөпір, Қараөзек, Шымбай қалаларын жал­ғады. Тоғыз жолдың торабында тұрған Шымбай қаласы арқылы Нүкіс, Мойнақ, Қоңырат, Тамды, тағы да басқа қалаларына ұласты.

Қарақалпақ облысынан астанамыз­ға қарай Шымбай жолы Аламесек үсті­мен өтті. Одан соң Көтібар мұна­расы іргесімен Сырдария өзенінің Алек­­сан­дровск (қазіргі Талсуат ауылы) елді ме­кені тұсында сал өткелі ар­қылы Қы­зылорда қаласының батыс қақ­пасынан кіретін болған. Осы жолмен Қызылорда қаласына кірген көше аты Шымбай көшесі атанады. Ал қаланың батыс ауданы болса, уақыт өте келе Шымбай шағын аудан болып бекітіледі.

Шынаркөл

Шынаркөл – Сырдария өзенінің оң жақ аңғарында, Мөрәлі ауылының ба­тыс теріскейінде 2 шақырым жердегі көл атауы. Кісі есімінен туындаған лим­ноним.

Көл Бұқарбай батыр Естекбай­ұлы­ның жары Шынар Өтебайқызы есімімен қойылған. Шынаркөлдің көне атауы – Иіркөл.

Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдық мерейтойына орай 2012 жылы көлдің шығыс жағалауындағы Шынардың құлап қалған кесенесінің жанына зәулім ескерткіш орнатылды.
Сыр елінде Бұқарбай батырдың есімімен қатар Шынар ананың аты қоса аталып, біраз әңгімелерге арқау болады. Наурыз Жаппастан тараған Арқай бидің баласы Өтебастан То­лыбай мен Шынар туады. Ол жасынан қонақ күтіп, елдің салт-дәстүрінен мол хабардар болып өседі. Оны ел ау­зындағы аңызға айналған әңгіме­лер­дің өзі-ақ аңғартады. Солардың бі­рінде Арқадан келген Шұбыртпалы Ағыбай, хан тұқымы Наурызбай және сырбойылық Бұқарбай батырлар кез­десіп, қыз хақында сөз қағысуы, үшеуіне де Шынар қыздың берген жауабы да әртүрлі айтылып жүр. Дегенмен бәрінің мазмұн-мәні батырлардың Шынар қыз­ға сөз салуы болып табылады. Сонда Бұқарбай батыр оларға қарап тұрып:
Қастасқан жауға қадалдым,
Қадалған жерден қан алдым.
Қан алмадым, жан алдым,
Шынар қызды ендеше,
Сендер емес, мен алдым, – деп дауды бір-ақ шешкен деседі. Ақылына көркі сай Шынар қызбен Бұқарбай батыр қосылып, Көтібар, Алданазар, Зылиха атты үш перзентті болыпты.
Қастасып жүрген бір батыр «Бұ­қар­бай ауылында жоқ» дегенді естіп, «ауылды шауып, Шынарды байлап әке­ліңдер» деп жігіттеріне тапсырма беріпті. Күйеуін күтіп жол қарап тұр­ған­да Күміс асардың арқа бетінен шаң көрінеді. Бұлардың жау екенін біліп, ауылға қарай шабады.
«Кім едіңдер» дегенде олар «бізге Бұқарбайдың жары Шынар керек» депті. Сонда Шынар ана «мен» деп олар­ға қарсы беттейді. Аяқ-қолы бай­лаудағы Шынар ана:
… Көбігі көкке шашылған,
Көлдерім саған не жазды?
Тыныштыққа бөленген,
Түндерім саған не жазды? – деп зарлапты.
Қарсыласқан Шынарды найзамен түйреп тастайды. Өлім мен өмірдің ор­тасында жатқан Шынарды жау жағы көлге апарып тастап кетеді. Біраз уа­қыттан кейін есін жиып, жағаға шығып, үйіне қарай жылжи отырып, бала­ла­рының атын атап шақырып, қайтыс бол­­ған деседі.
Көл жағасында өмірден өткен Шы­нар ананы арулап, осы көл жағасы­на жер­­лейді. Міне, содан бері көл «Шы­нар көл» деп аталатын.

Балтажарған

Балтажарған – Қараөзек өзенінің сол жағалауындағы көл, өзек, шабындық, бөгет және ауқымды жер атауы. Жер көлемі өзек бойына он шақырымдай созылған. Көл аумағы – 40 гектар.
Бұл атау, балта ағаш шабатын, сабы бар, жүзі өткір темір құрал, қару (зат есім) және жарған (етістіктің есімшелі тұлғасы) деген сөздердің бірігуінен құ­ралған топоним.

Жергілікті тұрғындардан жетіп отыр­ған әңгіме бойынша кіші жүз Өмірқұл Табын руынан шыққан Қайқы батыр Ұзақұлы (1845-1918 жж.) су дауы үстінде Қасқаның бөгетін балтамен шауып, суды жығып жібергендіктен қа­лыптасқан атау. Яғни балтажарған «бал­­та құрал-қаруымен бөгетті жығу, жару» нәтижесінен туындаған атау деу­ге негіз бар.

Марат Шөмекей,
аудандық музейдің
ғылыми қызметкері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: