Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Жұма, 29 қараша, 01:51

Оқушы қылмыс жасаса мұғалім соттала ма – Премьер-Министр жауап берді

05.02.2024

351

0

 «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында мұғалімдерге қойылатын талап қатаңдатылмақ. Айталық, «тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін» әкімшілік және қылмыстық жазалау шаралары енгізілмек. Екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшердегі айыппұлды айтпағанда, түзеу жұмыстарына тарту немесе екі жылға дейінгі мерзімге шектеу не бас бостандығынан айыру қарастырылып отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтқан, – деп хабарлайды Неге.кз.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында педагог кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жазалау шаралары (екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшердегі айыппұл, түзеу жұмыстары, екі жылға дейінгі мерзімге шектеу не бас бостандығынан айыру) енгізіледі. Педагогтардың жауапкершілігіне қойылатын талаптарды қатаңдату білім беру ұйымдарындағы балаларды барынша қорғауға мүмкіндік береді», – деді Үкімет басшысы.

Тәрбие жұмыстарына қатысты қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі мұғалімдерді қатты қобалжытып отыр. Ұстаздар «міндеттерді нақтылау керек» дегенді алға тартады.

Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

– Біздің заңдарда ата-ананың, оқушының және ұстаздың жауапкершілігі тайға таңба басқандай анық жазылмаған. Мына жерде ұстаздарды кәмелетке жетпеген жасөспірімдерді тәрбиелеу міндеттерін орындамаған үшін жазғырады екен. Бірақ қандай міндеттер екені ашық көрсетілмеген. Ертең мұғалімсіз қалуымыз мүмкін. Бір өңірлерде мектеп директорлары жетіспейді екен. Себебі, ешкімнің директор болғысы келмейді. Қазір орынсыз жала жабу көбейді. Күнде қалтырап-дірілдеп, кім не айтар екен деп отыру кімге керек?

Оқушыға қол көтеріп жүрген мұғалімдерді теледидарлардан көріп жүрміз. Бұған тыйым салыну керек. Бірақ мұғалім қандай міндеттерді орындау керек екенін нақтылап, содан кейін ғана талап қоюға болады. Ата-ананың міндеті де көрсетілуі тиіс. Қазір ата-ананың міндеті мұғалімге жүктеліп жатқан кездер де бар.

Көрші Тәжікстанда балаға ат қойылған бастап, мектеп бітіргенше ата-ананың міндеттері нақты бекітілген. Мұғалімдердің де міндеттері айқындалған. Ол заңды оқып: «Шіркін-ай, бізде неге осылай болмайды? Неге біз біріміздің міндетімізді біріміз мойнымызға артып жүрміз?», – деп ойлайсыз.

Сұлтан СҮЛЕЕВ, мұғалім:

– Оқушының іс-әрекеті үшін мұғалім ешқашан қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы тиіс. Мектептен тыс жердегі әрекеті үшін педагог әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Оқушы теріс іс-әрекетін мектептің ішінде жасаса, сонда ғана педагог жауап береді.

Бізде түнгі сағат 12-де оқушыны көшеден, түнгі клубтан ұстап алса, педагогты жазалауға үйреніп алған. Бұл дұрыс емес. Бұған ата-анасы кінәлі болуы тиіс. Ата-ананы жауапкершілікке тарту қиын. Оңайы – мектеп директоры мен мұғалімі.

Халықтық талқылауға түссе, бұл заң жобасы қабылданбайды. Өйткені, дұрыс емес. Әрине, балаға қол жұмсаса, педогог қылмыстық жауапқа тартылуы керек. «Тәрбие жұмысын дұрыс жүргізбеді» деген тым ауқымды дүние. Мұғалім оқушыларға: «ұрлық жаса, біреуді ұрып кет» деп ешқашан айтпайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: