Журналистика дегенде көз алдымызға ылғи камера, мақала, микрофон, қалам мен қағаз, компьютер елестейді. Қазіргі журналистика – жүре келе қалыптасқан журналистика. Ал ең алғашында журналистиканың деңгейі қандай болды? Қазақтан шыққан тұңғыш журналистер кімдер? Бұл сұрақтың жауабын білмейтіндер көп болар. Ал, журналистикамыздың тарихын білмеу – үлкен сын.
Қазақ журналистикасы XIX ғасырдың соңынан бастау алды. Қазақ жерінде шыққан тұңғыш басылым – «Дала уәлаяты» және «Түркістан уәлаяты» газеттері. Бір қызығы, сол кездің өзінде қазақ журналистикасында әр сала туралы ақпарат беретін салалық журналистер болған. Мәселен, қазақтан шыққан тұңғыш журналист қыз Нәзипа Құлжанова апамыз әдебиетті насихаттаған болса, денсаулық жайында және түрлі аурулар туралы ақпаратты ең алғаш ұсынған – Аққағаз Досжанова. Аққағаз Досжанова – қазақ журналистикасының тарихындағы тұңғыш дәрігер-журналист. Бұл туралы атақты жазушы Тұрсын Жұртбай былай дейді: «Аққағаз Досжанова – қазақтың ішінен шыққан атақты қыздардың бірі. Аққағаз Батыс Алашорда әскерінің барлаушысы болған. Ол тұңғыш рет қазақ қыздары арасында толық дәрігерлік курсты бітіріп, дәрігер, ғалым-зерттеуші деген атақ алған».
Аққағаз Досжанова медицина саласында білім алып, тек осы салада жұмыс жасап қана қоймай, баспасөз арқылы да халықтың көзін ашуға талпынған. Мәселен, 1921 жылдың 11 қыркүйегінде «Степная правда» газетінде Аққағаз Досжанованың «Түркістанда» атты мақаласы жарияланады. Бұл мақалада ол сол кезде ел ішінде кең тараған жұқпалы аурулар және олардың зияны мен алдын алу жолдарын жазған. Бұдан бөлек «Қазақ», «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» басылымдарында Аққағаз апамыздың жазбалары үздіксіз жарияланып отырған. Осындай сауатты қыздың тегі мен шыққан жері қандай? Аққағаз Досжанова 1893 жылы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Бөрте ауылында дүние есігін ашқан. Аққағаз кішкентайынан ата-анасынан айырылып, тағдыр тауқыметін тартады. Солай өрімдей қыз ағасы Сағындық Досжановтың қолында өсіп-жетіледі. Аққағаздың медицина жолына түсуіне ықпал еткен де осы Сағындық ағасы көрінеді. Ел арасында «Сағындық – Ыбырай Алтынсариннің ізбасар-шәкірті» деген сыбыс бар.
Алғашқы дәрігер
қыздың білімі
Аққағаз алғаш Орынбордағы қыздар гимназиясында сауат ашады. Кейін Мәскеудегі медицина курсында білімін жалғастырады. Ол оқуын аяқтаған жыл Бірінші дүниежүзілік соғыстың өршеленген кезіне тұспа-тұс келіп, Аққағаз мейірбике есебінде майдан даласына жіберіледі. Сол жерде ол жаралыларға алғашқы медициналық көмек көрсетумен айналысады. Аққағаз өте сауатты болған. Алаш зиялыларымен де қарым-қатынаста болғаны айтылады.
Бұл туралы Аққағаз Досжанованың жұбайы, Кеңес үкіметі кезіндегі қазақтан шыққан белгілі ғалым-агроном Әлімгерей Ершин: «Аққағаздың алдында артық сөз айтуға Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов секілді ақын-жазушылардың батылы бармады», – деп жазады.
Күйеуінің осы бір ауыз сөзінің өзінен Аққағаздың қандай қайсар қыз екенін аңғаруға болады. Қазақ қыздарына сауат ашу түгілі, оқыған азаматтарға тыныштық бермеген заманда білім алып, оны халық пайдасына асыра білу – жалаңаяқ жалын кешкенмен пара-пар емес пе?!
Қазақ жерінде Кеңес үкіметі билік етіп тұрған кезде қазақтың көзін ашуға талпыну – үлкен күнә есебіндегі іс болатын. Сол кедергілерге қарамастан, қазақтың Аққағаз Досжанова секілді көзі ашық, көкірегі ояу зиялылары өз білгенін елім білсін деп, білімді халыққа әртүрлі жолмен жеткізуге тырысты. Егер қазір Қазақстанда қандай да бір сала шырқау шыңға шығып дамып жатса, бастауында Аққағаз Досжанова сынды қайратты қазақ азаматтары тұр деген сөз. Сондықтан елінің келешегі үшін жалаңаяқ жалын кешкен аяулы жандардың есімін бүгінгі ұрпақтың білуі міндет деп санаймыз.
Аяулым АБАЕВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!