Елімізде 3 ауысымды мектептер саны әлі де артуы мүмкін. Мамандар бұл мәселені кейбір өңірлердегі демокрафиялық өсіммен байланыстырады. Әсіресе оңтүстік өңірде жағдай мәз емес екен. Мәселен, Жамбыл облысының Ойтал ауданында балалар дәлізде білім алуға мәжбүр. Бұл аудандағы 300 орындық мектептерде мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Онда мұғалімдердің жеке кабинетіне дейін оқу сыныбына арналған. Осындай 33 кабинет оқу сыныбына ауысқан. Десе де оның 7-еуі талапқа сай емес екен. Тіпті 2 сыныптың есігі бір, яғни бір уақытта 2 сабақ өтеді, мектептің кітапханасы да дәлізде, ал еңбекке баулу кабинеті атымен жоқ. Сол өңірдегі 3 жыл бұрын жөндеуден өткен тағы бір білім ошағына 4 ауылдың оқушылары қатынайды екен.
Жүзден астам мектеп 3 ауысыммен білім береді
Жалпы елімізде 3 ауысыммен білім беретін мектептер саны 100-ден асады. Оның көбісі Астана қаласына тиесілі, ал қалғаны Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарының үлесінде, сондай-ақ 3 ауысымды мектептер Алматы мен Шымкент қаласында әлі де бар.
Мәселені шешудің тиімді тетіктерін мемлекет ойластырған. Соңғы жылдары жемқорлардан қайтқан қаражатқа мектеп салу идеясы ұсынылды. Басқа да жобалар қолға алынды. Бірақ оны толыққанды шешу әзір мүмкін болмай отыр.
Былтыр білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан 151,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ел тайқазынынан, ұлттық қордан 21,3 трлн теңге қаралған. Былтыр осы қаражаттан 499,9 млрд теңге бөлініпті. Ал биыл 976,3 млрд теңге қаралған. Келер жылға да қанша қаражат қаралғаны белгілі болды, яғни 909,4 млрд теңге алдағы жылдың еншісінде. Бірақ мемлекет тарапынан сала қаншалықты қолдауға ие болса да елімізде бұл өзекті мәселеге айналып отыр.
Былтыр 165 мектеп жұмысын бастаған
2023 жылы 137,8 мың оқушыға арналған 165 мектеп ашылған. Оның дені Атырау, Түркістан, Шымкентте. Бірақ бұл өңірлерде үш ауысымды мектептер мәселесі әлі де шешімін таппай отыр.
Апта басында білім саласындағы осы өзекті мәселе Үкімет отырысында да қаралды. Онда Премьер-министр Олжас Бектенов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырып, мерзімдердің бұзылуына жол беруге болмайтынын қатаң ескертті.
Биыл 217 «Жайлы мектеп» жұмысын бастайды
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті пайдалануға беру жоспарда бар. Құрылыс бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте 163 мектеп ауылдық елді мекендерде салынбақ. Ол елімізде салынатын жалпы «Жайлы мектептердің» 44 пайызын құрап отыр.
Осы ретте оқырманда «Жайлы мектептің» қарапайым білім ошақтарынан қандай айырмашылығы бар?» деген сауал туындауы әбден мүмкін. Бұл оқу нысандары заманауи құралдармен жабдықталады. Бастауыш және жоғары сыныптар үшін оқу кабинеттері, санитариялық тораптары және спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылған.
Мектептерді заманауи техникалық құралдарды енгізу және күзетті күшейту есебінен жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар да қарастырылған. Оған қоса жайлы мектептер ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта болмақ.
«Жайлы мектептер» отандық өнімдермен жарақталады
Министр «Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастықтар өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданғанын айтады. Мәселен, жиһаз өнімдерін тек «Самұрық-Қазына» және «Атамекен» тізіліміндегі қазақстандық компаниялардан сатып алу көзделген. Бұдан басқа отандық өндірістегі құрылыс материалдарын қолдану бойынша талаптар енгізілді.
Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының ел үшін маңызы зор, оның арқасында үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер проблемалары шешілуі тиіс. Жалпы салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін және оның демографиялық ахуалын ескере отырып анықталады.
Осы ретте Олжас Бектенов олардың барлығы жаңа мектептерге аса мұқтаж өңірлерде салынуы тиіс деп есептейді. Оның үстіне жайлы мектептер атына заты сай, оқушыларға ыңғайлы әрі білім беру деңгейі жоғары болуы керек. Олар қауіпсіз және сапалы білім беру ортасына айналуы тиіс.
Үкімет басшысының айтуынша, аталған мектептер әу бастан цифрлық камералармен жабдықталып, полицияның Жедел басқару орталықтарына жалғануы қажет. Оған қоса жаңа, интерактивті оқыту әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін жылдамдығы жоғары интернет жүргізілуі керек. Ол «Жайлы мектептерді» оқу процесіне қажетті заманға сай жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз ету қажеттігін де қатаң ескертті.
– Бұл мектептерді өскелең ұрпақты, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда оқушыларды баурап алатын бірегей орталықтарға айналдыру қажет. Онда спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелері жұмыс істеуі керек. Балаларға қосымша білім алу мақсатында фильмдер көріп, интернеттен қажетті ақпарат іздеу, кітапханада дайындалу мүмкіндігі берілуі тиіс, – деді Олжас Бектенов.
Ұлттық жобаны жүзеге асыруда шикілік бар
Үкімет басшысының айтуынша, ұлттық жобаны іске асыруда белгілі бір шикіліктер де бар. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы учаскелерді бөлу және жобалық құжаттаманы әзірлеу қарқынын сынға алды. Осыған байланысты барлық проблеманы қысқа мерзімде жою тапсырылды.
– Құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажет. Жалпы Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін бар күшімізді жұмылдыруымыз керек, – деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектепті, ал қалған 119 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды. Осы ретте ол мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайтынын ескертті. Яғни жұмыс сапасы ақсамауы тиіс.
Өңірлер әкімдеріне 15 наурызға дейін мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық проблемаларды шешу тапсырылды. Сондай-ақ биыл пайдалануға берілетін мектептерге баратын жолдар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын тамызға дейін аяқтау қажет.
Оған қоса Үкімет басшысы объектілер ашылғаннан кейін бірден нақты жоспарлы оқу процесін ұйымдастыру үшін салынып жатқан мектептерді алдын ала педагог кадрлармен қамтамасыз ету керектігін айтты. Үкімет Ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қарайды. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылады.
Облыста биыл 10 мектеп ел игілігіне беріледі
Аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл тапсырылатын 10 мектептің мердігері анықталып, 9-ның құрылысы қарқын алды. 1 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы кеш шығуына байланысты жақын күндері басталмақ.
Инфрақұрылым жеткізуге жергілікті бюджеттен 118,4 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Тоғызына сараптама қорытындысы алынған, ал 1-еуі аяқталуға жақын.
Инженерлік желілер жүргізуге облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаралған. Қазіргі таңда мердігер мекемелер де белгілі болды. Жобаны үйлестіруші «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамы өкілдерімен бірлескен жол картасына сәйкес жұмыс жүргізіліп жатыр.
Былтыр құрылысы басталған 10 мектеп биыл 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс. Ал сыртқы инженерлік инфрақұрылым жүргізу алдағы маусым айының соңына дейін аяқталуы керек. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері осы жылдың 1 тамызына дейін мектептер аумағын жол-көлік желілерімен, жарықтандыру, абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолдарымен және аялдамалармен қамтамасыз етуі тиіс.
Айта кетейік, биыл 6900 орынға арналған 10 мектеп, 2025 жылы 5400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өткен аптада «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамы басшыларының облысқа іс-сапары кезінде арнайы мәжіліс өткізіліп, ұлттық жобаны өңірде асырудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланған.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!