Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 22:44

Жыл бойы науқас үзілмейді

25.02.2024

433

0

Ауруханада жұмыс уақыты әлі басталмаса да ақхалаттылар жұмысқа кірісіп кеткен. Жұмысқа деген жауапкершіліктен болар, ұйқысы келіп тұрған ешкімді байқамайсың, керісінше бәрінің энергиясы толып, дәрігер мен медбикелер әр науқастың көңілін көтеріп жүр. Біз де бүгін ақхалаттылардың күнделікті өтетін таңғы жиналысына қатыстық. Кейін жыл бойы науқас келуін тоқтатпайтын, күніне кем дегенде бес науқас шұғыл ем алуға келетін «Терапия» бөлімінің дәрігері Раушан Наршабаева жұмыс барысын түсіндірді.

– Менің қызмет етіп жүргеніме тоғыз жыл болды. Емханада жалпы 3 терапевт маман бар. Оның екеуі «Терапия» бөлімінде, біреуі қабылдау бөлімінде. Әрқайсысымыз күніне кем дегенде бес, тіпті кейде он шақты науқас қабылдап, ауруханада барлық тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Осылайша күнде науқас қабылдағандықтан ба, бір жыл бойы бөлімшеде бір бөлме де науқассыз қалмайды. Бірде ауруханаға бір науқас қыз келіп түсті. Іші ауырып, тоқтаусыз өтіп жатқанын айтты. Жедел жәрдем қан қысымы түсіп, шок жағдайдағы тахикордия диагнозын қойып, науқасты ауруханаға алып келген. Толықтай тексеру жүргізіп, нәтижесінде келген науқастың босанғанына көп уақыт болмаған жас ана екенін және оны бізден жасырып отқанын анықтадық. Жалпы осы секілді көп оқиғалармен бетпе-бет келетініміз бар. Бірақ адам өміріне жауапты болғандықтан, әрбір науқасты қандай жағдай болсын аяққа тұрғызып, ем шара жасау – біздің міндетіміз, – дейді Раушан Көбекқызы.
Әрине ақхалаттылардың жұмысы тәуекелділікке толы. Себебі ауырып келген науқас өз өмірін әуелі Аллаға, екінші дәрігерге сеніп тапсырады. Ал дәрігер адамды аман алып қалуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды.

Жалпы біз барған «Терапия» бөлімінде қазір 60-қа жуық науқас жатыр. Олардың жартысынан көбі қарттар, яғни созылмалы жүрек жетіспеушілігі мен қан қысымы шамадан тыс көтерілу диагнозымен келген. Бұл бөлімдегі көп кездесетін диагноз да осы. Қалған бөлігі жастар, олар бүйрек ауруымен пневмония және ревматологиялық аурулармен тір­келген.
Ешқашан төсек орны босамайтын «Терапия» бөліміне келген науқастарға жүргізілетін ем шара максималды 10 күнге созылады. Ал денсаулық жағдайы жақсы нәтиже беріп жатса, 6-7 күнде ем алып шығады. Кейде пневмониямен келген науқастардың ем алуы 14 күнге дейін созылады.
Келген науқастардың жағдайын білу мақсатында дәрігер таңертең әр палатаны аралап шығады. Кейін кешке болған жағдайлармен жіті танысып, әр науқастың жеке ем шараларына көшеді.
– Жедел инсульт алған науқастар келгенде бірден реанимацияға жатқызамыз. Оларды жалпы алгоритм бойынша 3-5 күнге дейін жатқызып, жағдайы тұрақталған соң міндетті түрді қаладағы ауруханаға ауыстырамыз. Онан қалаберді инфаркт жағдайдағы науқастар да келеді. Біз оларға тексеріс жүргізіп, шағымын көреміз. Науқаста инфаркт белгісі немесе кішкене сол диагнозға қатысты күдік болса, бірден қаладағы орталық ауруханаға ауыстырамыз. Жалпы қан қысымының негізгі екі себебі болады. Біріншісі басқара алатын, екіншісі басқара алмайтын. Басқара алмайтын себептер белгілі бір аурулардың нәтижесінде шығады, оны басқара алмаймыз. Ал кейбір адамдар гиподенамия деген диагнозбен келеді. Бұл – қан қысымының басқара алатын жағдайы. Яғни олар – тек отырып жұмыс істейтін, қозғалмайтын адамдар. Міне, осы қан қысымының басқара алатын жағдайында келген науқастарға көбірек қозғалыс жасауға, жүруге кеңес беремін. Одан бөлек темекі мен алкогольдік сусын да адамның қан қысымын көтеріп жібереді. Сондықтан оны да шектеп, салауатты өмір салтын ұстану қажет, – деп маман науқастарға кеңес берді.
Уақытпен санаспайтын дәрігерлер кез келген уақытта науқас жағдайы нашарласа, бүкіл жұмысын ысырып, ауруханаға жетіп келеді. Тіпті сенбі, жексенбі күндері де демалуы екіталай. Себебі адамдар өзінің шексіз байлығы денсаулығын дәл осы дәрігерлерге тапсырады. Ақхалаттылардың халық арасында абзал жандар деген атауға ие болуы да содан болар.
Қазір медицина қарқынды дамыған. Диа­гностикалық мүмкіншілігі де артқан. Дәрігерлер жүргізіп жатқан ем-дом шипа болып, тіпті ағзаларды алмастыру оталары өмірімізге батыл түрде ен­гізілді. Көптеген қатерлі инфекциялық аурулар елі­мізде мүлдем жойылғандары да бар. Өйткені қазіргі дәрігерлер ол аурудың шығу себебін, зерттеу жолдарын, клиникалық белгілерін, емдеу тәсілін және профилактикалық іс-шараларды жақсы біледі.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: