Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Бейсенбі, 28 қараша, 04:26

Сауабы мол ай

11.03.2024

513

0

Бүгін күллі мұсылман әлемі үшін айлардың ұлығы әрі сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан басталды. Исламда бес парыз болса, ораза – соның үшіншісі. Бүгіннен бастап бүкіл дүние мұсылмандары ауыз бекітіп, осы парыз амалдарын орындайды.

Биыл ел тұрғындары 30 күн ораза ұстайды. Сәуір айының 5-інен 6-сына қа­раған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі. Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының бекітуімен осы жылы пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.

Рамазан айы – ең алдымен, құлшылық пен қайы­рымдылық кезеңі болып саналады. Хадистерде Пай­ғамбарымыз Мұхам­медтің (с.ғ.с.) ораза кезінде ай­рықша қайырымды әрі қолы ашық болатыны айтылған. Бұл күллі мұсылман үмбетін осы іске ынталандыратын әрі үл­гі болатын амал. Сон­дықтан Рама­зан айы басталғанда таң атқаннан күн батқанға дейін ашқұрсақ жүру әркім­нің қолынан келетін шығар, деген­мен осы кезеңді ел ішіндегі жар­лы-жақыбайларға, жоқ-жітіктерге, жетім-же­сірлерге көмек қолын созуға, қоғам үшін қайырымды істер жа­сауға арнау­дың сауабы шек­сіз.

Осыған орай жыл сайын ораза қарса­ңында мүфтият тарапынан кәсіп­кер­лерге арнайы үндеу жолданып ке­леді.­ Биыл да Бас мүфти Наурызбай қажы Та­ғанұлы жылдағы дәстүрден жаңыл­май қолында қаражаты мен мүм­кін­ді­гі бар кәсіпкер азаматтарды Рама­зан­ның­ құрметіне ізгі амалдар жа­сауға шақырды.

Қоғам үшін пайдалы да қайырымды іс жасаудың жолы көп. Қарапайым бір мысал келтірсек. Ислам дінінің әлемдік өркениет өзегіне айналуына өлшеусіз үлес қосқан Осман империясында жақсы бір дәстүр болыпты. Ол көбіне Ра­мазан айында жасалады екен. Осы кезеңде әрбір жақсылыққа әдеттегі кезге қарағанда мо­лырақ сауап жазылатынын білетін қалталы азаматтар кез келген дүкенге барады екен де, қарызға азық-түлік сатып алатын адам­дардың тізімін сұрайды. Соның ішінен қарызы ең көп адамның немесе бірнеше адамның, тіпті кейде бәрінің берешегін өтеп береді екен. Әлгі қарызы бар адамдар өзіне қол ұшын созған «атымтай жомарттың» кім екенін де білмейді. Дінде жасырын жасалған садақаның сауабы мол болатыны белгілі.

Біздің ойымызша, бүгінгі таңда да осы игі амалды қайта жаңғыртудың ар­тықтығы жоқ. Өйткені халықтың бір бөлігі дүкеннен азық-түлікті жаздырып алатынын көріп жүрміз. Тіпті несиеге тамақ алатындар қатары да соңғы уа­қыт­та көбейген. Бұл қасиетті айда елге пай­дамды тигіземін әрі Құдайдың сауа­бына қол жеткіземін деген азаматтар болса, әріге бармай-ақ осы айтылған қа­рапайым ғана қайырымдылықтан бас­тап халыққа қол ұшын созар болса, ол ел ішін­де жаппай дәс­түр ретінде қалыптасар еді.

«Ораза тұтқан адам екі рет қуанады: бірі – ауыз-ашарда, екіншісі – ақыретте ұстаған оразасының сауабын алғанда», дейді бір хадисте. Біз бұдан Рамазан айында адамдарға ауыз аштырудың қандай ізгі амал екенін көреміз. Дегенмен оның да мәнісін қазіргі күні кейбір адамдар түсіне бермейді. Кейде ауызашар дастарқаны төрінен ораза ұстамаса да, билігі мен беделі бар адамдардың орын алып жататынын байқаймыз. Ал шын мәнінде ауызашар олардың «жа­рылқауы» үшін емес, Құдайдың желеп-жебеуі үшін жасалатын амал ғой. Бір сөзбен айтқанда, ол да – қайы­рымдылықтың бір түрі. Сондықтан ауыз-ашар дастарқанына ауызы ашық бай-бағлан емес, ораза ұстаған жоқ-жітік, тойып тамақ іше алмайтын жағдайы төмен адамдар шақырылса құба-құп.

«Рамазан айында жасалатын ең абзал амалдардың бірі – ауызашар беру мәдениеті. Ауызашар дастарқаны ағайын-туыстың басын қосып, бауыр­лардың басын біріктіреді. Бір-біріне өкпе-назы болғандар осы айда Жаратқан иеміздің разылығы үшін бір-біріне кешірім беріп татуласып жатады. Бұл айда мешіттердің асханаларында, дәмхана, мейрамханаларда күн сайын мыңдаған адамға дастарқан жайылады. Олар әлеуметтік жағдайы төмен бауырларымызды тамақтандырып, мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен көмектесіп жат­қандар да көбейе түскен. Жағдайы бар ауқатты адамдар өздерінің пітір са­дақасы мен зекеттерін мешітке, енді біреулері шәкірттерге, кедей-кеп­шіктерге беріп жатады. Әлеуметтік желіге көз жүгіртсеңіз, шалғай ауылдағы бас­панасы жоқ от­басына үй салып беріп жат­қандарды, кедей-кеп­шікке мал-мүлік алып бе­ріп жатқандарды көресіз. Осының барлығы да Алла Тағаланың разылығын алу үшін жасалып жатқан ізгі амалдар», дейді белгілі дінтанушы Балғабек Мыр­заев.

«Ағайын, бұл да сенің сынақ шағың,

Жақшы бір жүрегіңнің шырақ-шамын.

Жәннаттан орын табар, Жаратқанның

Жарлығын орындауды ұнатса кім»,

деп біз де бір өлеңімізде қа­сиетті айдың қадірі жайында жырлаған едік. Шын мәнінде бұл – сынақ айы. Өйткені барлық адам түрлі жағдайда сыналады. Ауыз бекіткендердің ерік-жігері, қалталы азаматтардың қа­йы­рымдылық қасиеті, ал барлық адамның осы ай­да адамгершілігі мен са­бырлығы сыналады екен. Біз Пайғамбарымыздан жеткен (с.ғ.с.): «Кімде-кім ораза ұстаса, жаман сөз айтпасын, дауласпасын! Оны біреу балағаттаса немесе дауласса: «Мен оразамын», – деп айтсын», деген хадисін білеміз. Бұл айда біз ұрыс-керіс пен дау-дамайды шетке ысырып, араласпай кеткен туыс-туған және дос-жаран болса, олармен қайта татуласып, ізгі қадам жасауымыз керек. Бұл – қоғамға өзара татулыққа, достыққа бағыт­тайтын ай. Елді бір жұдырық қылып біріктіретін кезең. 

https://egemen.kz/

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: