Қазақ халқы үшін Жер-Анаға жан бітіріп, жылуымен жердің тоңын жібітетін ұлыс күнінен артық мереке жоқ шығар, сірә. Өйткені қыстан мал-жаны аман шығып, сақтап отырған сүрін, тәтті дәмдісін дастарқанға қойып, ақсақалды ата мен ақжаулықты аналарын төрге оздырып, бата-тілек ағытылатын берекенің бастауы да осы әз-Наурызбен байланысты. Әсіресе жыл басы жақындағанда әрбір үйде келер жылғы тоқшылық пен ырыстың арқауы, құт-берекенің бастауы ретінде ақ дастарқан бетіне міндетті түрде наурыз көже қойылады. Иә, ұлыстың ұлы күнін наурыз көжесіз елестету мүмкін емес.
Ұлыстың ұлы күні жолымыз қазақы қаймағы бұзылмаған шалғайдағы Жаңадарияға түсті. Дала жаңбырлы болса да халықтың жайдарлы жүзі мерекелік көңіл-күйден хабар беріп тұрғандай. Көше бойымен ауылдық клубқа ағылған тұрғындар, мәз-мейрам болған бала-шаға, буы бұрқыраған қазан-қазан наурыз көже, бәрі-бәрі ұлттық мерекеміздің нақышын келтіруде. Ауыл өнерпаздарының «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» мерекелік шарасын тамашалап, ән мен биге де қарық болдық. Мерекелік концерттен соң ауыл халқы жайылған дастарқанға жайғасып, ұлттық тағамымыз наурыз көжеден дәм татты.
Ұлттық тағам демекші, ауылда 4 қазан наурыз көже пісіріліпті. Мен де тағамның дайындалу барысына дөп түсіппін. Қазан-ошақ жанында жүрген апаларға бұл тағам жайлы сұрақтарымды жаудырдым. Әттең, аузым берік, әйтпесе 3-4 тостаған сіміріп алатындай дәмді екеніне күмәнім жоқ. Аспаз апайларым қазанды ожаумен араластырған сайын тағамның иісі бұрқырап, бетіндегі сары қаймақ көздің жауын алуда.
Ауыл тұрғыны Асылзада Сейітова бірнеше жылдан бері наурыз көже, жалпы ұлттық тағамдарды дайындауда бесаспап болыпты. Апамыздың айтуынша, көженің дайындалуында ерекше мән бар. Су тіршілік көзі болғандықтан, наурыз көженің негізі су екен. Мұның астарында өмір өзендей мөлдір, ұрпақ судай асып-тасысын деген жақсы ой жатса керек-ті. Сонымен бірге қазақ дастарқанының берекесі, төл асы – ет, оның ішінде соғымнан сақталған сүр етін және ас мол болсын деген ырыммен арпа қосады. Арпаның емдік қасиетін жақсы білген халық оны тойымды әрі көптеген дертке шипа санайды. Арпамен қоса тары, күріш сияқты дәнді-дақылдар қосылып, бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын деген ниетте, осы дәмдермен қатар айран немесе ақ құяды. Түптеп келгенде наурыз көжеге қосылатын жеті дәм де адам денсаулығына пайдалы саналып, сүттей ұйып, ауызымыз ақтан кетпей молшылықта болайық деген тілекте әзірлейді.
– Наурыз көже пісіріп жүргеніме бірнеше жыл болды. Осындай мейрамда ұлттық тағам пісіруді әдетке айналдырғанмын. Отбасымда келіндеріме де үйреттім. Немерелерім «Әжемнің наурыз көжесін ішемін» деп мерекені асыға күтеді. Иә, ұлттық тағамдарымыз әрбір үйдің дастарқанынан табылғанына не жетсін. Одан бөлек бауырсақ, жент, майсөк, құрт, қаймақ дайындаймын. Міне, бүгінде жанымдағы қыз-келіншектермен жерлестерімізге дәмді наурыз көже пісірдік. Негізі, наурыз көже дайындаудың қиындығы жоқ. Сүрленген ет пен қазы болса, көже өте дәмді болып шығады. Дәстүрлі тағамды дайындауда мынандай жеті түрлі тағам қосылуы қажет деген қағида жоқ. Әркім қолындағы барын, мүмкіндігіне қарай әзірлейді. Бастысы, дәм саны жетеу болып, дәмі тіл үйіріп, қазанымыз асқа, дастарқанымыз нанға толса, ырыс та, береке де осы болар, – дейді Асылзада Сейітова.
Сол маңайдағы ақсақалдармен де диалог құрдық. Бұрынғы ата-бабаларымыз ақ түйенің қарны жарылған ұлыстың ұлы күні наурыз көжемен қатар бірнеше дәстүрді орындаған екен. Мәселен, «Ұйқыашар», «Селтеткізер», «Белкөтерер» сияқты дәстүрлерге үлкен мән берген. Жалпы Наурызды тойлайтын Шығыс халықтары үшін 21-інен 22-сіне қараған түн ерекше. Таным бойынша күн мен түн теңеліп, осы түні арайлап атқан шуақты күнді алғашқы болып көруді жақсылыққа жорыған халық ұйқысыз өткізетін болған. Әсіресе жастар жағы ұйқыны ысырып қойып, алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, бір-бірімен ойнап-күліп, бастаңғы жасап, ән-жыр айтысады. Ең әуелгісі, кешке ақсүйек ойнап, жігіттер жағы ұнатқан қызына сөз салып, серігін табуға тырысады екен. Ал қыздар ұнатқан серісіне көңілін білдіру үшін тәтті дәм дайындайды. Оны «Ұйқыашар» дейді. Серілер ұйқыашар әзірлеген қыздарға «Селтеткізер» салтын орындап, айна, тарақ, алқа-сырға, шашбау-шолпы секілді бұйымдарды сыйға тартады. Бұдан бөлек наурызда көпті көрген қарияларға құнарлы тағам түрлерін араластырып, ұсақтап, шайнамай жеуге ыңғайлап, «Белкөтерер» тағамы дайындалады.
Үлкендердің айтуынша, осы күнге жеткен ұлыстың ұлы күнінің дәстүрлі тағамы – наурыз көжені тойып жеген адам жыл бойы тоқшылықта жүреді дейді.
Иә, жаңадариялықтардың қонақжайлылығына риза болдым, «Балам ораза екен» деп бөлек ыдысқа наурыз көжесін құйып беріп жіберді. Осылайша біз ақсүйекке қалмасақ та, керемет мерекелік көңіл-күймен аудан орталығына жол тарттық.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!