Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 05:38

Арал мәселесі жөніндегі бірлескен шешім

20.04.2024

415

0

Аймақта экологиялық жағдай қазіргі уақытта күрделі мәселенің бірі болып отыр. Бұл әсіресе Арал теңізінің тағдырымен байланысты. Соңғы 40 жылда Арал теңізі 700 шақырым текше метр су қорынан айырылған. Теңіз суының тұздылығы бір литрге шаққанда 20 грамнан асты. Теңіз деңгейі 17 метрге төмендеп, жағадан жүздеген шақырымға қашықтаған. Жыл сайын 75 миллион тонна топырақ пен тұзды шаң ұшады. Ол барлық тіршіліктің өсіп-өнуіне кері әсерін тигізуде. Айналасындағы халықтың жартысынан астамы көшіп кетуге мәжбүр болған.

Иә, XX ғасырдың ортасында Арал қандай болды? Ол КСРО-ның құр­лықтық көлдері ішінде төртінші орын алған. Аралдың су қорын толтыратын Орта Азияның екі ірі өзені Әмудария және Сырдария еді. Олардың суы өте нәрлі, егістікке пайдалы болатын. Арал теңізінен жыл сайын 450 мың тонна бағалы балық ауланған. Балық­шылар қайығы мен жол қатынас кемелері теңіздің көркі еді. Арал теңізі сол аймақтың ауа райына жағымды әсер еткен табиғатты реттеуші болды.


Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­­дарынан бастап екі өзеннің суын егістікке пайдалану өлшеусіз, ша­ма­дан тыс қарқын алып, салдарынан теңіз суы тартыла бастады. Қазіргі уақытта олардың суы теңізге толықтай құймайды. Теңіз суының сапасы на­шарлап, көлемінің күрт кемуі өсімдік әлеміне кері әсерін тигізді. Бағалы ор­мандар, мал жайылымдары мен көгалды аймақтар жоғала бастады. Олардың орнын зиянды тұзды сорлар басты. Өңірді мекендеген 57 жабайы аңның бүгінде13 түрі ғана қалған.


Алайда аймақ басшысы, жер­гі­лікті билік, халық Арал теңізін қал­­пына келтіру мақсатында қол қусы­рып отырмай, бүгінде бірқатар жұ­­­мыс­тарды қолға алған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сыр­ма­сымен жүзеге асырылып жат­қан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жоба­сының негізгі бағыттарының бірі Арал теңізінің солтүстік бөлігін қал­пына келтіру болып табылады.


Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэ­ниел Розенблюммен және USAID Ха­лықаралық даму агент­тігі өңірлік мис­сия директорының орынбасары Мо­ник Мосольфпен кез­десті. Бас­қо­суда аймақ басшысы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында 30 жылдан бері ашық әрі сенімді өзара қарым-қатынас қарқынды дамығанын атап өтті.


Айта кетейік, 2021-2023 жылдары USAID Халықаралық даму агенттігінің «Оазис» жобасы шеңберінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы эко­жүйені қалпына келтіру мақсатында 150 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, көшеттер отырғызылған, 500 метр тереңдікте су ұңғымасы қазы­лып, пайдалануға берілген.


– Әлемдік қауымдастық Арал те­ңізінің тартылуын адамзат тарихын­дағы экологиялық дағдарыстың бірі ретінде бағалады. Теңіздің зардабы тек бір елге ғана емес, барша әлемге тиюде. Осы іс-сапарда Аралдың қа­зіргі жағдайымен және атқарылған жұ­мыстармен танысқандарыңыз, Арал­­ды құт­қару ісіне қосқан елеулі үлес­­теріңіз үшін алғысымызды біл­діреміз, – деді облыс әкімі.


Мәртебелі меймандар теңізді өлке­нің төл кәсібі балық ша­руа­­шылығы туралы қойы­лымды тамашалады. Ар­найы ұйымдастырылған этноауыл ар­қылы Арал өңірінің тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнан соң Ә.Нұрпейісов атындағы Әдебиет үйіне аялдап, теңіз тағдырына алаңдаушылық біл­дірген қайраткердің өмірімен және шығармашылығымен танысты. Сон­дай-ақ балықшылар мұра­жа­йын­да болып, балық шаруашылығы кәсібіне қа­тысты тарихи деректерге қанықты.
Мұнда 1700 ден аса құнды жәдігер бар. Келушілер мұражайдың «Ба­лық­шылар» және «Кемелер» деп аталатын екі бөлімімен танысып, тағ­дырлы теңіздің терең тарихына үңілді. Мұнымен қоса балық өңдеу зауы­тында болып, теңіз маржандарын өңдеу жұмыстарына куә болды. Осы­лайша Аралдың қазіргі жағдайы мен болашағын қазақстандық және халық­аралық ғалымдар егжей-тегжейлі талқыға салып, теңізді су мен балыққа толтыратынына сенім білдірді.


Еске салсақ, Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдары аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1,1 млн гектарға сексеуіл егуді тапсырған болатын. Биыл 276,2 мың гектар аумақта осы бағыттағы жұ­мыстар жоспарланған. Қазір 65 мың гектар ұлтанға 19,4 млн сексеуіл көшеті отырғызылған. Алдағы жылы 280 мың гектар алқапқа егу жоспарда бар.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: