Бүгінде қоғамда той-томалақ, ас беру, қонағасы секілді жиын көп. Әрине, қонаққа шақырса, құрқол бармайтынымыз белгілі. Тойлық пен сыйлық үшін қарызға ақша іздеп, зыр жүгіреміз. Сондай қысылтаяң сәтте «несие тарихынсыз жұмыссыз азаматтарға да қаржылай көмек береміз» деген ұйымдар алдыңыздан шыға келеді. Сол ұйымдардың көмегіне жүгінуге тура келетін кездер де болады.
200-ден аса ұйым бар
Иә, соңғы уақытта қазақстандықтар шағын несие беру ұйымдарының қызметіне көп жүгінетін болды. Өйткені микроқаржы ұйымдары көпшілік үшін пайыздық мөлшерлемесіне қарамай, ақшадан қиналғанда көмек сұрап жүгіретін құтқарушымызға айналды. Айлыққа дейін ақша бере тұратын бұл ұйымдардың саны 200-ден асқан. Жасың 18-ден асса, 10 мың теңгеден бастап 3 млн-ға дейін беретіні де бар. Негізінен бұл ұйымдарға ұлттық банктен мақұлдау ала алмаған немесе банктердің «қара тізіміне» кіріп кеткен азаматтар жиі жүгінеді.
Сондай-ақ микроқаржы ұйымдарынан ресми жұмыспен қамтылмаған азаматтар үшін қарызға ақша алу тіпті оңай. Себебі бұл ұйымдар клиенттен кірісі және жұмыспен қамтылуы туралы анықтама талап етпейді. Оған қоса бір сәтте бірнеше микроқаржы ұйымынан несие рәсімдеуге болады. Сорақысы, тұтынушылардың көбі студенттер, зейнеткерлер мен жұмыссыз азаматтар көрінеді. Нәтижесінде жұмыссыздар мен студенттер мұндай ұйымдарға қарызға белшесінен батып, одан құтылу үшін түрлі заңсыз істерге барып жатады. Салдарынан жастар арасында ұрлық, бопсалау, құмар ойындар ойнау секілді іс-әрекеттер артқан.
Бірінші несие бюросының деректеріне сүйенсек, несиелік портфельдің 89,1 пайызы немесе 16,2 трлн теңге екінші деңгейлі банктерге тиесілі болса, микроқаржы ұйымдары жалпы портфельдің 6,3 пайызын, яғни 1,1 трлн теңгені құрайды. Мұнда автокредиттеумен айналысатын микроқаржы ұйымдарын және қатардағы микроқаржы ұйымдары үлесі 5,7 пайыз болса, ал онлайн микроқаржы ұйымдары нарықтың 0,6 пайызын құрайды.
Жеке тұлғалар
1,3 трлн теңге қарыз
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми ақпаратына жүгінсек, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың активтері өткен жылдың төртінші тоқсанында 0,4 пайызға немесе 11 млрд теңгеге төмендеп, биыл 2,5 трлн теңгені құраған. Активтердің төмендеуі кредиттік серіктестіктердің несиелік портфелінің төмендеуімен байланысты болып тұрғанға ұқсайды.
Құрылымдағы активтердің ең көп бөлігі микроқаржы ұйымдарына, яғни 1 387 млрд теңге немесе 54,4 пайыз, кредиттік серіктестіктерге 847 млрд теңге немесе 33,2 пайыз, ломбардтарға 315 млрд теңге немесе 12,4 пайызы тиесілі.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың несие портфелі өткен жылдың соңғы тоқсанында 0,9 пайызға, яғни 2,4 трлн теңгеге дейін, ал заңды тұлғаларға берілген қарыздар соңғы тоқсанда 6 пайызға, яғни 804 млрд теңгеге дейін азайған. Жеке кәсіпкерлерге берілген қарыздар 331 млрд теңгеге немесе 0,2 пайызға дейін төмендеген. Бірақ жеке тұлғаларға берілген қарыздардың көлемі 2023 жылы төртінші тоқсанда 2,2 пайызға ұлғайып, биыл 1,3 трлн теңгені құрады.
Бүгінде бұл ұйымдардан қарыз алып, төлей алмай жүрген азаматтар қатары артқан. Әрине, оған себеп көп. Жоғарыда атап өткендей, жұмыссыздар, студенттер, зейнеткерлер қарыздан құтылуға қауқарсыз.
Статистика сүйенсек, 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың деңгейі жыл басында 3,9 пайызды құраған. Соның ішінде жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі 5,5 пайыздан 5,6 пайызға өскен. Былтыр микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың міндеттемелері 2,3 пайызға, нақтырақ тоқталсақ, 1,7 трлн теңгеге дейін азайған.
Алайда қарыз алғандардан қарыз бергендердің асығы алшысынан түсіп жатқандай. Өйткені аталған ұйымдар қарапайым халыққа қиналғанда қаржылай көмек беру арқылы өздерінің де қалталарын қомпитуда. Мәселен, қорландыру құрылымындағы алынған қарыздар 1,3 трлн теңгені құрайды. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың меншікті капиталы 3,5 пайызға ұлғайып, 869 млрд теңге болған.
Жылдық мөлшерлеме 739 пайызды құрайды
Әу бастан бақылаусыз кеткен микрокредиттік ұйымдардың қызметі туралы қоғамда пікір екіұдай. Дегенмен бүгінде мемлекет тарапынан микроқаржы ұйымдарына қатысты талап күшеюде. Әсіресе соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жандана түскен.
Иә, бұл ұйымдардың артықшылығы, нарыққа жылдам икемделуінде. Нарықтағы сұраныстың өзгеруіне тез бейімделіп, жаңа өнімдер мен қызметтерді дамыту арқылы несие беру мәселелерін жедел шешуге тырысады. Елдегі МҚҰ-ның көпшілігінде өздерінің несиелік скоринг жүйелері бар. Бұл оларға қарыз алушының несиелік қабілетін тез бағалауға және бірнеше минут ішінде несие ресімдеуге мүмкіндік береді.
Алайда бұл ұйымдардың кемшіл тұстары да жоқ емес. Әрине, тұтынушы үшін. Яғни қарыздың пайыздық мөлшерлемесі кәдімгі банктен бірнеше есе жоғары болады. Жоғары пайыздық мөлшерлеме азаматтарды қарызға белшесінен батырып, алған қаржысын 4-5 еселеп қайтаруға мәжбүр етеді. Алған ақшаны дер кезінде қайтармаса, өсімпұл қосылады. Кейбір микроқаржы ұйымдарында максималды жылдық пайыздық мөлшерлеме 739 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Экономист сарапшылардың айтуынша, микроқаржы ұйымдары өз қызметін заңды түрде жүзеге асырса, оларды қолдап, дамыту керек. Алайда халық шағын микроқаржы ұйымдарының максималды жылдық мөлшерлемесі туралы біле бермейді. Саладағы келеңсіздіктер шағын микроқаржы ұйымдарының қарыз беру шарттарын қайта қарастыруды талап етеді.
Несие алу
талаптары күшейеді
Саладағы барлық субъекті, соның ішінде ломбард, кредиттік серіктестіктер мен онлайн-кредит беру компанияларының қызметі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауына алынған. Агенттіктің мәліметінше, бірінші кезекте микроқаржы ұйымдарындағы тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды белгілеу қажет. Микроқаржы ұйымдары тап болатын тәуекел бейіндерін, сондай-ақ олардың осы тәуекелдерді дұрыс басқару қабілетін дәйекті бағалауға назар аудару маңызды. Осындай шектеулі қадағалау ресурстарын тиімді бөлуге мүмкіндік беретін өзін-өзі реттеу институтын енгізу мәселесі де қарастырылып жатыр.
Агенттік мәлімдемесінде халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, тәуекелдерді басқару жүйесіне реттеушілік есептілікті бақылау, азаматтардың шағымын қарау, тексеру жүргізу және активтері аз субъектілерге қатысты лицензияларды қайтарып алуға бастамашылық жасау өкілеттіктері берілуі мүмкіндігі айтылған.Сонымен бірге кейбір микроқаржы ұйымдарының екінші деңгейлі банкке айналуы туралы да жиі айтылып жүр. Мамандардың пікірінше, бұл үдеріс бәсекелестікті дамытып, тұтынушылар үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.
Жұбайының рұқсатынсыз
несие жоқ
Бір қызығы, енді ел азаматтары жұбайының рұқсатынсыз банктен немесе қаржы ұйымдарынан несие ала алмайды. Бұл мәселе Парламент Мәжілісінде қаралды. Депутаттар «Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенат қарауына жіберген.
Түйін: Қалай болғанда да несие қаржыдан қысылғанда көмек болатыны жасырын емес. Десе де халықты қарызға белшесінен батыратын емес, қайта оңалтатын құрал болса игі. Сондықтан микроқаржы ұйымдарының қызметін пайдаланарда өзіңіздің қаржылық әлеуетіңізді бір сараптап алғаныңыз жөн.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!