Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жексенбі, 13 қазан, 15:51

Микроқаржы ұйымдары қалтаны қағуда

28.05.2024

1861

0

Бүгінде қоғамда той-томалақ, ас беру, қонағасы секілді жиын көп. Әрине, қонаққа шақырса, құрқол бармайтынымыз белгілі. Тойлық пен сыйлық үшін қарызға ақша іздеп, зыр жүгіреміз. Сондай қысылтаяң сәтте «несие тарихынсыз жұмыссыз азаматтарға да қаржылай көмек береміз» деген ұйымдар алдыңыздан шыға келеді. Сол ұйымдардың көмегіне жүгінуге тура келетін кездер де болады.

200-ден аса ұйым бар

Иә, соңғы уақытта қазақстандықтар шағын несие беру ұйымдарының қыз­метіне көп жүгінетін болды. Өйткені мик­роқаржы ұйымдары көпшілік үшін пайыз­дық мөлшерлемесіне қарамай, ақ­шадан қиналғанда көмек сұрап жү­гі­ретін құтқарушымызға айналды. Ай­лыққа дейін ақша бере тұратын бұл ұйым­дардың саны 200-ден асқан. Жа­сың 18-ден асса, 10 мың теңгеден бас­тап 3 млн-ға дейін беретіні де бар. Не­гізінен бұл ұйымдарға ұлттық банк­тен мақұлдау ала алмаған немесе банк­тердің «қара тізіміне» кіріп кеткен аза­маттар жиі жүгінеді.

Сондай-ақ микроқаржы ұйым­да­ры­нан ресми жұмыспен қамтылмаған азаматтар үшін қарызға ақша алу тіпті оңай. Себебі бұл ұйымдар клиенттен кірісі және жұмыспен қамтылуы туралы анықтама талап етпейді. Оған қоса бір сәтте бірнеше микроқаржы ұйымынан несие рәсімдеуге болады. Сорақысы, тұ­тынушылардың көбі студенттер, зей­неткерлер мен жұмыссыз азаматтар кө­рінеді. Нәтижесінде жұмыссыздар мен студенттер мұндай ұйымдарға қа­рыз­ға белшесінен батып, одан құтылу үшін түрлі заңсыз істерге барып жатады. Салдарынан жастар ара­сында ұрлық, бопсалау, құмар ойын­­дар ойнау секілді іс-әрекеттер артқан.

Бірінші несие бюросының дерек­теріне сүйенсек, несиелік портфельдің 89,1 пайызы немесе 16,2 трлн теңге екінші деңгейлі банктерге тиесілі бол­са, микроқаржы ұйымдары жалпы порт­­­­фельдің 6,3 пайызын, яғни 1,1 трлн теңгені құрайды. Мұнда ав­то­кре­­диттеумен айналысатын микроқаржы ұйымдарын және қатардағы микро­қар­жы ұйымдары үлесі 5,7 пайыз болса, ал онлайн микроқаржы ұйымдары нарық­тың 0,6 пайызын құрайды.

Жеке тұлғалар
1,3 трлн теңге қарыз

Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігінің ресми ақпаратына жүгінсек, микроқаржылық қызметті жүзе­ге асыратын ұйымдардың актив­те­рі өткен жылдың төртінші тоқсанында 0,4 пайызға немесе 11 млрд теңгеге төмендеп, биыл 2,5 трлн теңгені құраған. Активтердің төмендеуі кре­дит­тік серіктестіктердің несиелік порт­фелінің төмендеуімен байланысты бо­лып тұрғанға ұқсайды.

Құрылымдағы активтердің ең көп бөлігі микроқаржы ұйымдарына, яғни 1 387 млрд теңге немесе 54,4 пайыз, кредиттік серік­тестіктерге 847 млрд теңге немесе 33,2 пайыз, ломбардтарға 315 млрд теңге немесе 12,4 пайызы тиесілі.

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың несие портфелі өткен жылдың соңғы тоқсанында 0,9 пайызға, яғни 2,4 трлн теңгеге дейін, ал заңды тұлғаларға берілген қарыздар соңғы тоқсанда 6 пайызға, яғни 804 млрд теңгеге дейін азайған. Жеке кәсіп­керлерге берілген қарыздар 331 млрд теңгеге немесе 0,2 пайызға дейін төмендеген. Бірақ жеке тұлғаларға бе­рілген қарыздардың көлемі 2023 жылы төртінші тоқсанда 2,2 пайызға ұлғайып, биыл 1,3 трлн теңгені құрады.

Бүгінде бұл ұйымдардан қарыз алып, төлей алмай жүрген азаматтар қатары артқан. Әрине, оған себеп көп. Жоғарыда атап өткендей, жұмыссыздар, студенттер, зейнеткерлер қарыздан құ­ты­луға қауқарсыз.

Статистика сүйен­сек, 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың деңгейі жыл басында 3,9 пайызды құраған. Соның ішінде жеке тұлға­лар­дың 90 күннен астам мерзімі өт­кен микрокредиттердің үлесі 5,5 па­йы­здан 5,6 пайызға өскен. Былтыр микроқаржылық қыз­метті жүзеге асы­ратын ұйымдардың мін­деттемелері 2,3 пайызға, нақтырақ тоқталсақ, 1,7 трлн теңгеге дейін азайған.
Алайда қарыз алғандардан қарыз бергендердің асығы алшысынан түсіп жатқандай. Өйткені аталған ұйым­дар қарапайым халыққа қиналғанда қаржылай көмек беру арқылы өздерінің де қалталарын қомпитуда. Мәселен, қор­ландыру құрылымындағы алынған қарыздар 1,3 трлн теңгені құрайды. Мик­роқаржылық қызметті жүзеге асы­ратын ұйымдардың меншікті капиталы 3,5 пайызға ұлғайып, 869 млрд теңге болған.

Жылдық мөлшерлеме 739 пайызды құрайды

Әу бастан бақылаусыз кеткен мик­ро­кредиттік ұйымдардың қызметі туралы қоғамда пікір екіұдай. Де­генмен бүгінде мемлекет тарапынан мик­роқаржы ұйымдарына қатысты та­лап күшеюде. Әсіресе соңғы жыл­дары бұл бағыттағы жұмыстар жандана түскен.

Иә, бұл ұйымдардың артық­шылығы, нарыққа жылдам икем­делуінде. На­рық­тағы сұраныстың өз­геруіне тез бейімделіп, жаңа өнімдер мен қыз­меттерді дамыту арқылы не­сие беру мәселелерін жедел шешуге тырысады. Елдегі МҚҰ-ның көпшілігінде өздерінің несиелік скоринг жүйелері бар. Бұл оларға қарыз алушының не­сиелік қабілетін тез бағалауға және бірнеше минут ішінде несие ресімдеуге мүмкіндік береді.

Алайда бұл ұйымдардың кемшіл тұстары да жоқ емес. Әрине, тұ­ты­нушы үшін. Яғни қарыздың пайыз­дық мөлшерлемесі кәдімгі банктен бірнеше есе жоға­ры болады. Жоғары пайыздық мөлшер­леме азаматтарды қарызға бел­ше­сінен батырып, алған қаржысын 4-5 еселеп қайтаруға мәжбүр етеді. Алған ақшаны дер кезінде қайтармаса, өсімпұл қосылады. Кейбір микроқаржы ұйымдарында максималды жылдық па­йыздық мөлшерлеме 739 пайызға дейін жетуі мүмкін.

Экономист сарапшылардың ай­туынша, микроқаржы ұйымдары өз қыз­метін заңды түрде жүзеге асыр­са, оларды қолдап, дамыту керек. Алай­­да халық шағын микроқаржы ұйым­­да­рының максималды жылдық мөл­шер­лемесі туралы біле бермейді. Саладағы келеңсіздіктер шағын микроқаржы ұйымдарының қарыз беру шарттарын қайта қарастыруды талап етеді.

Несие алу
талаптары күшейеді

Саладағы барлық субъекті, соның ішінде ломбард, кредиттік се­ріктес­тіктер мен онлайн-кредит беру ком­па­нияларының қызметі Қар­жы на­­­ры­ғын реттеу және дамыту агентті­гі­­нің бақылауына алынған. Агент­тіктің мә­лі­метінше, бірінші кезекте мик­ро­қаржы ұйымдарындағы тәуекел­дерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды бел­гілеу қажет. Микроқаржы ұйымдары тап болатын тәуекел бейіндерін, сондай-ақ олардың осы тәуекелдерді дұрыс басқару қабілетін дәйекті бағалауға назар аудару маңызды. Осындай шек­теулі қадағалау ресурстарын тиімді бө­луге мүмкіндік беретін өзін-өзі рет­теу институтын енгізу мәселесі де қа­растырылып жатыр.

Агенттік мәлімдемесінде халық­а­ралық тәжірибеге сүйене отырып, тә­уе­­келдерді басқару жүйесіне рет­теушілік есептілікті бақылау, азамат­тардың шағымын қарау, тек­серу жүр­­гізу және активтері аз субъек­тілер­ге қатысты лицензияларды қай­та­рып алу­ға бастамашылық жа­сау өкі­лет­тік­тері берілуі мүмкіндігі ай­тыл­ған.Со­ны­мен бір­ге кейбір микроқаржы ұйым­­дарының екін­ші деңгейлі банкке ай­­­налуы туралы да жиі айтылып жүр. Мамандардың пікірінше, бұл үдеріс бәсекелестікті да­мытып, тұ­тынушылар үшін қаржылық қыз­­мет­тердің қолжетімділігін арттыра­ды.

Жұбайының рұқсатынсыз
несие жоқ

Бір қызығы, енді ел азаматтары жұ­байының рұқсатынсыз банктен не­месе қаржы ұйымдарынан несие ала алмайды. Бұл мәселе Парламент Мәжілісінде қаралды. Депутаттар «Кре­дит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құ­қықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қа­былдап, Сенат қарауына жіберген.

Түйін: Қалай болғанда да несие қаржыдан қысылғанда кө­мек болатыны жасырын емес. Десе де халықты қарызға белшесінен батыра­тын емес, қайта оңалтатын құрал бол­са игі. Сондықтан микроқаржы ұйым­дарының қызметін пайдаланарда өзіңіз­дің қар­жылық әлеуетіңізді бір са­рап­тап алға­ныңыз жөн.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: